«Орамал – қазақ әйелінің қасиеті»

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, қоғам қайраткері

Зейнеп АХМЕТОВА:

Біз – сауалы мен зауалы жарысқан қоғамның қонағымыз. Адами құндылық, кісілік келбет, ұлттық тәрбие, дін мен тілдің тазалығы, ене мен келіннің сыйластығы, ұлықты ұл, қылықты қыз… Осының барлығын жоғалтып алып, қайтадан іздеп жүрміз. Жоқ іздеген жоқшыда сауал көп.

Жемқор қоғам, маскүнем ұл, жезөкше қыз, шайпау ене, кесірлі келін… Мұның барлығы – зауал. Онымен күресудің де жолын іздейміз қарманып. Әзірше замана зауалымен күресте дәрменсіз күй кешіп отырғанымыз да жасырын емес.

Осы сауалдарымызға жауапты да, зауалмен күресудің жолын да аты аңызға айналған

Бауыржан МОМЫШҰЛЫНЫҢ келіні, белгілі этнограф, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, қазақ келіндерінің Ары мен Иманындай болып жүрген Зейнеп АХМЕТОВА апай газетімізге берген сұхбатында меңзеп берді. Қоғам дертін тамыршыдай дөп басқан Ел Анасымен болған сәті түскен сұхбатымызды назарларыңызға қаз-қалпында ұсынып отырмыз.

«Мендегі абырой халықтың Атама деген ықыласымен

келген»

Зейнеп апай, қазақ халқы Сізді қазақ келіндерінің келбеті, ажары, қазақы иба-инабаттың символы деп бағалайды. Бұл баға – Сізге барынша жарасымды әрі лайықты. Дегенмен, осы абыройдың жауапкершілігі ауыр емес пе?

Ауыр, әрине. Рас, мені халқым өзі­нің ыстық ықыласына бөлеп, көп жерде «Келіндердің символы», «Ел анасы» деп бағалап, құрметтеп жатады. Мен сол сәттерде ішімнен Аллаға шүкіршілік етіп, Атаның аруағынан кешірім сұрап тұрамын. Асыра мақтауды малданып жүрген жоқпын ба деп. Өйткені, маған бұл абырой Атаға деген халықтың махаббаты арқылы келді. Бір жағынан, бұл табиғи құбылыс секілді. Әрине, бұл абырой – маған өзімнің мықтылығымнан емес, Атаның келіні болғандығымнан келген абырой. Бүкіл исі қазақ, Батысы бар, Шығысы бар, Оңтүстік-Солтүстігі бар, менің Атамды алты Алаштың ардақтысы деп бағалаған. Сол ілтипаттың, ілтипат қана емес, сүйіспеншіліктің ұшқыны ғой маған жетіп жатқан. Әйтпесе, кімге кім келін болмай жатыр?! Небір ұлы, небір атақты адамдардың да келіндері болған. Солардың арасынан неге менің ғана атым аталып, неге мен ғана құрметтелуім керек? Мұның да астарында менің Атама деген халықтың шексіз ықыласы жатыр. Мені сол кісінің қолына су құйып, бабын тапқан, қабағын бағып, қаһарына төзген адам ретінде халық қадірлейді деп ойлаймын.

Сондықтан да, мен үшін Атаның келіні болу қанша қиын, тым күрделі болғанымен, барынша қастерлі парыз, зор жауапкершілік болды деп ойлаймын. Атамның көзі кетсе де, бұл жауапкершіліктің жүгі жеңілдеген жоқ. Жеңілдемейді де.

Қазақ деген – ұлы халық, дана халық. Алып бәйтеректей тамырын терең жайған, небір құйын-дауылда теңселмейтін ұлы халықта мына Зейнеп апаңды он орап, мың матап алатын ақылды әйел де, келісті келін де толып жатыр. Бірақ, халық мені Атаның келіні болғандықтан ғана ерекшелейді деп ойлаймын.

Бәрекелді! Өзіңіз Ұлы, Дана деп бағалап отырған қазақ халқы – қыз баланың тәрбиесіне зор мән берген халық. «Қыз баланың жолы – жіңішке» дейміз. Келіннің жолы ше?

Қыз бала қызғалдақ гүліндей нәзік қой. Ал, қызғалдақтың ғұмыры қысқа болады. Аз ғана уақыт құлпырып, жайнап тұрады да, бір сәтте солады. Қыз-ғұмыр да – сондай келте. Біздің дана халқымыздың қызды аз күнгі қонақ деп әтуерлейтіні, жақсыны кигізіп, дәмдіні жегізіп, жорға мінгізіп, төрге оздыратыны сондықтан. Жат жұрттыққа жаралған перзентін осылайша қадірлеген біздің қазақ.

Орта Азия халықтары арасында, тіпті, мүми мұсылман халықтары арасында дәл біздің қазақтың қыздарындай бұла өскені, әтуерлі болғаны жоқ. Қазақтың қыздары айтысқа да түскен, күреске де шыққан. Жауға да шапты. Сонау жаугершілік заманда басына дулыға киіп, кеудесіне қалқан, қолына найза ұстап, ағаларымен, әкелерімен бірге қиян-кескі ұрыстарға қатысты. Алысқа бармай-ақ, Қабанбай бабамыздың жары Гауһар батырды алайық. Өзінің бірнеше ұлы бола тұра, жарымен бірге жүріп, тіпті, Қабанбай батырдың оққағары болды емес пе?! Кешегі Әбілқайыр ханның жары Бопай ханымды алыңыз… Әрідегі ел басқарған Зарина апаларымыз, Тұмар ханым… Берідегі Әлия мен Мәншүкті айтыңыз. Міне, қазақтың қыздары осындай болған. Сондай-ақ, қыздардың атымен аталып кеткен рулар қаншама. Мысалы, Қызай. Қызай – Бәйдібек бабамыздың немересі ғой. Мұрын, Сыбан. Осылардың барлығы – қазақ қыздары. Осынша даңқты қыздарымыз бола тұра, біз – қыздың жолы жіңішке деп, қыздарымызды төбемізге көтерген халықпыз.

Меніңше, қыздың жолы емес, келіннің жолы жіңішке. Келін – жат жұртқа келген кешегі қыз бала. Қызғалдақ-ғұмырын қиып, басқа жұртқа, бөтен елге келді. Басқа ата-ананың тәрбиесін көрді. Шаңырағы бөлек, салт-дәстүрі, тіпті, ішетін тамағы да бөлек елден келді. Кешегі бұла өскен қыз баланың бір күнде келін атанып, жат жұртқа үйренісіп, бейімделіп кетуі деген өте қиын. Міне, осы кезде жас келінге қадалатын көз де көп, айтылатын сын сөз де көп. Түк көрмегендей, жас келіннің киген киімі мен жүрген жүрісін сөз қылып, ұнамды қылығы болса, сүліктей қадалатын көзімізді сүземіз. Біздің ең үлкен қателігіміз – осы. Келіннің жолын ауырлататын – өзіміз.

Әрине, жат жұртқа келген келіннің жаңа тұрмысқа бейімделуі – өте күрделі жағдай. Осы кезде жас келінге кімнің қолдауы маңызды? Жолдасының ба, ененің бе?

Мен айтар едім, келінге ененің қолдауы қажет. Жолдасы жұмысбасты болуы мүмкін. Жұмыстан шаршап келіп, жарына көңіл аудара қоймауы мүмкін. Осындай сәтте, ене келінге қолдаушы болуы шарт. Ене болу кез келген әйелдің қолынан келеді. Ақырып- бақырғанның бәрі – ене. Ал, келінге Ана бола білу керек. Көп енелер қалай істейді? Олар келін келді, болды деген пиғылда болады. Екі қолын қусырып, ана шаруаның барлығын келін істеу керек дейді де, бір-ақ күнде патшайымға айналады. Ол дұрыс емес. Бөтен үйдің шаруасын жаңа түскен келін қалай меңгеріп кетеді? Жас келін үшін бұл үйдің салты да, дәстүрі де жат. Тіпті, ыдыс-аяғының қайда, қалай тұратынын білмейді ғой. Сен әуелі үйрет, жаңа ортаға бейімде, жаңа жұрт, жаңа дәстүрді түсіндір. Өзгенің баласын өз балаң етіп ал әуелі. Содан кейін ғана келіннің қызығынан дәмету керек.

Мақтанғаным емес, менің келінім орысша тәрбиеленген, қаланың қызы болды. Бірақ, шыққан тегі мықты. Өскен-өнген елдің перзенті. Мен сол баланы тәрбиелеуге зор мән бердім. «Ананы істе, мынаны істе!» деп бұйырмай, «Кел, балам, мынаны істеп жіберейік» деп, бірге жүріп-ақ, тәрбиелеп алдым. Көп нәрсе үйреттім. Ене мен келін сырлас құрбылардай болуы керек.

Қазір бізде енесін жамандайтын келін, келінін оңдырмайтын енеден көз тұнып, құлақ сарсиды…

Дұрыс айтасың. Менің ондайларға айтар жауабым – қысқа. Келінін жамандайтын енелерге айтарым: «Сенің келінге қандай еңбегің сіңді? Ол – біреудің баласы. Біреу туып, шамасы келгенше тәрбиелеп, сенің қолыңа дайын күйде берді. Ал, оны ары қарай тәрбиелеп, өзіңе ізбасар ете алмасаң, кімге өкпелейсің?» деймін. Ал, енесін жамандайтын келіндерге: «Баласы жақсы. Онымен бір жастыққа бас қойып, бірге өмір сүруге ниет еттің. Сол өзің сүйген, ұнатып тұрмыс құрған адамның анасы қалай жаман болады? Сенің жолдасыңды тоғыз ай, он күн көтеріп, омыртқасы талып, дүниеге әкелген адам қалай ұнамайды?» деймін.

Сонан кейін, біздің сатира театрлары енені әзірейіл, келінді келеке ететін қойылымдарға үйір болып алды. Осы дұрыс емес. Тіпті, сол әйелдердің рөлін еркек ойнап жүріп, келін мен енені келемеж етеді-ау… Ана үндінің фильмдерін қараңыз. Өздерінің салт-дәстүрін қалай дәріптейді?! Киімдері қандай! Солар күнделікті өмірде солай киініп, солай жүр дейсің бе?! Жоқ, әрине. Бірақ, фильмдері ұлттық идеология шеңберінде жасалып тұр. Ал, бізде ше? Бізде де қазақ киносына қыруар қаржы бөлініп жатыр. Бірақ, біз сол ақшаға шайпау ене, тексіз бала, кесір келіндерді дәріптеп жүрміз. Неге сол кино арқылы өзіміздің салтымызды, парасат-парқымызды дәріптемеске?!

«Астана» телеарнасында «Ел аузынан» деген хабар бар. Эфирде бір сағат бойы жұлдызсымақтардың жеке өміріндегі өсек-аяңды өзек етеді. Олардың мінген көлігі, киген киімі, тоңазытқыштағы тағамы. Осы кімге керек?

«Атаның аманатын арқалап жүрмін»

Бауыржан атаның шаңырағына келін болудың бақыты басым ба, бейнеті басым ба? Аты аңызға айналған Батыр Баукеңнің босағасын аттауға жүрегіңіз қалай дауалады?

Бақытжанға тұрмысқа шыққанда мен 22 жаста едім. Бірақ, мен Атаның қолына емес, Бақытжанның нағашы әпкесінің қолына келін болып түстім. Бәкеңнің анасы мен келін болардан бір жыл бұрын дүние салыпты. Жылын беріп қойған. Ол кезде Атаның басқа отбасы бар. Ал, Бақытжан кішкентайынан нағашыларының қолында өскен. Ашығын айтқанда, Ата соғыс жылдарын қосқанда, үйге 14 жылдан кейін оралған. Оған дейін жылына бір алатын демалысында 10-15 күнге келіп кететіні болмаса, Бақытжан нағыз әкенің тәрбиесін алатын, әкенің тегеурінді қолын ұстап, мұқалмас қайратын сезінетін уақытта әкесінің жанында болмаған. Кейін Атамен бірге тұрған апай қайтыс болды. Ол кісінің бұрынғы күйеуінен балалары бар еді. Олар ішті-жеді, Атаның абыройын пайдаланды. Енді шешелері қайтыс болған соң, Ата керек пе оларға?! Сол кезде Атаға күтім керек болды. Бақытжан әкесіне өкпелеңкіреп қалған. Барғысы келмеді. Шерхан, Кәкімжан ағалар Бақытжанды үгіттеп жүрді. Ағаларға қосылып мен үгіттей бастадым. «Әкесі жақсы адамның шешесі көп болады» деп жүргенім сол кезде (күлді). Мен бірден айттым: «Атаның қолына барамын» деп. Бақытжанның қарсылығына қарамадым. «Сен бармасаң, бармай-ақ қой. Мен Ержанды аламын да, Атаның қолына барамын» дедім. Сөйтіп, телестудияда істеп жүрген қызметімді тастап, Атаның қолына бардым. Құдай-ау, Атаның жүзін көруге, қолын алуға мүмкіндігі болмай жүрген адам қаншама. Исі қазақтың ардақтысы, Алаштың айбыны болған адамның қолына су құйып, шәйін қайнатып берудің қасында, қызмет деген не, тәйірі? Барлығын тастадым да, Атаның бабын табуға, қолында тұруға тәуекел еттім. Әйелі мен баласы кетіп бара жатқан соң, Бақытжан қала ма? Ол да келді бізбен бірге. Алғашында екеуінің тіл табысуы қиындау болды. Бірте-бірте үйреністі.

Бірақ, Атаның көңіліне жағу маған да, Бақытжанға да оңай болмады. Оның үстіне, менің Атам секілді қалыпқа сыймайтын адамға жағу деген. Алайда, Ата екеуміз тез тіл табысып кеттік.

Төзіміңіз қалай жетті?

«Басында бұлағы бар өзен ұзақ ағады» деген қанатты сөз бар атам қазақта. Егер, мен текті жерде тәрбиеленбеген болсам, ата-анамның өнегесін сіңірмеген болсам, уызыма жарымаған болсам Атаға жағуым да, көңілін табуым да екіталай еді. Анам марқұм нағыз қазақы тәрбие берді. Әйтпесе, мен төрт ұлдың ішінде жалғыз өстім. Ерке болдым. Десем де, анам қыз бала тәрбиесіне қатал болды. Өле-өлгенінше қазақы салт-дәстүрдің үкісін қисайтпай өтті. Соның арқасында мен ашық күнде найзағайдай жарқ ете қалатын мінезді, адуынды Атаның бабын таптым.

Әрине, оңай болған жоқ. Ата кейде айқайлап жібереді. Кейде біреу үшін сөз естіп, жазықсыз болсам да, екі ортада шыжықтай шыжғырылып қалатын кезім болады. Сондайда есікті тарс жауып, бұл үйден біржола кетіп қалғым-ақ келеді. Бірақ, бойымдағы қазақы тәрбие, анамның сүтімен сіңген төзім алып қалатын. Атам кейде үндемей, тым-тырыс бола қалады. Мұндай күйі ұлы дауылдың алдындағы тыныштықтай көрінеді маған. Жабық есіктің қорқынышты болатынын сол кезде сезіндім. Үйде бәріміз жүріп, үнсіздіктің белең алуы өте қорқынышты болады екен. Сондай кезде біреу «Ассалаумағалейкум!» деп кіріп келсе ғой деп тілеп отыратынмын.

Осылайша қинала жүріп, бойымдағы тәуекелшілдік пен батылдықтың арқасында мен үш Момышұлының басын бір шаңыраққа қостым.

Әке мен бала мінезінде ұқсастық болды ма?

Бақытжан өте сабырлы, салмақты болды. Ал, Атам шапшаң. Шарт ете қалады. Бірақ, қайтымы тез еді. Менің өзіме айқай салып, алай-түлей болады да, біршама уақыттан кейін кешірім сұрайды ғой. Құдай-ау, осынысы ұлылық қой енді. Қай ата келінінің алдында кешірім сұрап еді?! Ал, біздің Бәкең өте сирек ашуланады, бірақ, қайтымы қиын болды.

Әкеге деген өкпесі қалай тарқады?

Әкесі тірі бола тұра, әкенің тәрбиесін көрмей өсу кімге болса да қасірет қой. Әкеге деген өкпе Бәкеңнің кеудесінде шемен болып қатып қалған еді. Десем де, Бақытжан Атаны кешіре білді. Кейін әкесі туралы үш кітап жазды. «Восхождение к отцу», «Во имя отца» және «Сыновья великого волка» деп аталатын үш кітап. Сондай-ақ, Атам 70 жасқа толғанда төрт газетке төрт түрлі эссе жазды. Әкесі туралы. Елдің бәрі таң қалды. «Апыр-ай, мына Бақытжанға не болған? Көзі тірі әкесіне ода жазып» деп. Мен де түсінбедім. Өзінен сұрадым себебін. Сонда: «Әкемнің көңілінде күдік бар. Мынау мені кешірді ме, кешірмеді ме деген. Сондықтан, көзі тірісінде менің кешіргенімді біліп кетсін» деді ауыр күрсініп.

Атамен бірге тұрған сәттеріңіз күрделі болғанға ұқсайды. Төзіміңіз түгесіліп, бұл шаңыраққа келін болғаныңызға өкінген кезіңіз болды ма?

Жоқ. Қанша қиналсам да, өкінген жоқпын. Мендік төзім бар бейнетті жеңетініне сенімді болдым.

Атаның Сіз орындай алмаған аманаты бар ма?

Мен Ата аманатын толық орындап болдым деп айта алмаймын. Өйткені, осы күнге дейін айтып, жазып жүргенімнің барлығы – Атамның аманаты.

Мен Атамен бірге тұрған сәттерімді өмірімнің ең шуақты сәттеріне балаймын. Ол кісінің ашуланғанының өзі өнеге екенін әу баста ұқтым. Айтқандарын, әрбір өнегелі ісін жазып жүрдім. Маған да Атам сенген болуы керек, үнемі менімен әңгімелесуге, сырласуға ықтияр болды. Күйзелген сәттерінде де, шаттанған шақтарында да көңілге түйгенін менімен бөлісті. Атамның «Ұғып ал» дегенін емеурінін қабағынан түсінетінмін. Бірде Жазушылар одағынан келе жатып, көшедегі ағаштардың бұтағын бірдей қылып кесіп қойғанын көрдік. Маған: «Балам, мынаны көрдің бе? Мынаның әрқайсысы жеке тұрып өссе, бір-бір шынар болатын ағаштар ғой. Тамырын терең тартып, бойы, бұтағы елге сая болар еді. Басына құс қонып, ұя салар еді. Әттең… Бұл біздің қоғам ғой. Адамдарды осылай күзеп-түзеп ұстамаса, ертең басқара алмай қалатынын біледі. Мұның біреуі – мына мен» деді. Менің жүрегім шымыр ете қалды. Кейін түсіндім. Атам ергежейлілермен ғана жұмыс істейтін ергежейлі қоғамды емеурін етіп тұрғанын.

Атам Мағжанның өлеңдерін жатқа оқитын. Мен Алаш көсемдері туралы Атамнан естідім. Бірақ, бұл туралы ешкімге тіс жаруға болмайтынын да Атамның қабағынан ұққанмын.

Соның бәрін хатқа түсіріп, ұрпақ кәдесіне жаратуды мақсат етіп келемін. Мұның барлығы – Атамның аманаты. Күні бүгінге дейін орындауға тырысып келемін. Әлі күнге дейін Атаның аманатын арқалап жүрмін.

«Мұсылман болу Үшін араб болу

міндетті емес»

Апай, бүгінгі қазақ қоғамында Сіздің орамалыңыз туралы көп пікір айтылып жүр. Бөлек мәнермен тағатыныңызды айтамыз, үлгі етіп те айтамыз. Қазақ әйелі үшін орамалдың киесі неде?

Кішкентай, тіпті кішкентай кезімнің өзінде шешем марқұм жатарда киетін көйлегімді кигізіп, басымды орамалмен тастай қылып байлайды. Сөйтеді де: «Балам, түн – тылсым, түн – ауыр. Түнде жын-шайтан еліріп, адамның ашық-шашық жеріне үйір болады» дейді. Міне, содан бері басымнан орамал түскен жоқ. Әрине, жастау кезімде тақия да кидім, берет те кидім, шляпа да кидім. Ал, келін болып түскелі ашық-шашық жүріп көргенім жоқ. Осының барлығы – анамның тәрбиесі. Менің жас екенімде, қатарыммен бірге ойнап-күлгім келетінінде, соңғы сән үлгісімен киінгім келетінінде жұмысы жоқ болатын шешемнің. Тіпті, «Таңертең қол жумай, от жағуға болмайды. От – үйдің киесі, иманы. Әуелі қол жуып барып, от тұтату керек. Өйткені, ұйықтап жатқаныңда қолыңмен қай жеріңді ұстағаныңды қайдан білесің. Қолың таза емес. Сосын, ас үйге жалаңбас кіруші болма. Егер пісірген тамағыңнан сенің шашың шығып жатса, ол тамақ – арам. Оны ешкім жемейді. Бір тал шаш абыройыңды төгеді» дегенді үнемі айтып, санамызға сіңіріп тастаған.

Кейін өзім басымнан тастамайтын ора­малдың киесін де, қасиетін де ұқтым. Орамал – қазақ әйелінің қорғаны. Балада еңбек деп аталатын тас төбеміз бар ғой. Адам баласы сыртқы энергияны сол төбе арқылы қабылдайды екен. Яғни, жалаңбас, ашық-шашық жүретін әйелдерге жаман энергия көп өтеді. Сосын аурушаң, мінезі ұйқы-тұйқы әйел көбейеді. Осының барлығын ата-бабамыз баяғыда біліп, тұрмыстың бұлжымас заңына айналдырып жіберген. Қазір ғой, бәрін ұмытып кеткеніміз.

Қазір демекші, бүгінгі жас­тар орамал таққанның жөні осы екен деп, тұмшаланып алатынды шығарды. Әсіресе, жат ағымның жетегінде кеткен жастарымыз қара хиджап жамылып жүр. Сіз не дейсіз?

Ол – мүлде басқа дүние. Шұбатылған көйлек киіп, тұмшаланып жүргендер иманды әйелдер қатарынан емес. Хиджап – арабтардың ұлттық киімі. Ал, мұсылман болу үшін араб болудың қажеті қанша?!

Әрине, қазақ қыздары да, келіншектері де жалаңбас жүрмеген. Қазақ қыздары тұрмысқа шыққанша орамал тақпаған. Сәукеле киген. Некесі қиылғанға дейін сәукелемен тұрады да, некесі қиылған соң сәукелені шешіп, желегін ғана қалдырады. Желегі түспеген келін деп жататынымыз сол. Сондай-ақ, оң жақтағы қазақ қызы кәмшат бөрік, құндыз бөрік, үкілі тақия, моншақты қасаба, шашақты сораба, жырға деп аталатын небір керемет бас киімдер киген.

Сонымен қатар, қазақ қыздары шаш күтіміне ерекше мән берген. Шолпысын сыңғырлатып, он екі тал етіп өрген. Қос бұрым етіп өрген. Бірақ, қазақта ешқашан жалғыз бұрым болмаған. Жалғыз қалады деген ырыммен жалғыз бұрым өрмеген. Қос бұрымының әрқайсысы білектей болған ғой. «Жаужүрек мың бала» деген кинода жалғыз бұрымды қыздар бар. Ол дұрыс емес. Ал, қалмақтарда жалғыз бұрым болған.

Енді, хиджапты айтатын болсақ, ол – арабтардан келген тұмша. Олардың өзі мұсылман дінін қабылдағанға дейін хиджап киген. Яғни, хиджап – олардың тарихи ұлттық киімі. Даласы – шөл, үнемі құм борап тұратын болғандықтан, олардың әйелдері көздерін ғана қалдырып, тұмшаланып киінетін болған. Ал, оны біз хиджап кимеген мұсылман емес деп, біреудің қаңсығын таңсық көріп жүрміз. Құдай-ау, шашыңды жауып жүргің келсе, неге кимешек кимеске. Қазақ әйелдерінің кимешегіне тең келер киім бар ма?! Ол денсаулыққа да пайдалы болған. Қазір жәдігерге айналған кимешекті алып қараңыз… Алдыңғы өңірі кіндіктен төмен түседі және бірнеше қабат кестеленген. Яғни, омырауды жауып тұрады, төске суық өткізбейді. Арты үшбұрышталып келеді де, тілерсекке дейін төгіліп тұрады. Белді суықтан қорғайды.

Мен жастардың ортасында көп боламын. Атаның аманатын жастарға жеткізгім келеді. Біздегі хиджап кигендер – адасқандар. Ал, мұсылмандықтың айғағы – тұмшаланған хиджап, қауғадай сақал емес, жүректегі иман. Балағын кескендерде, сақалы өскендерде емес, Алланы жүрегіне қондырғандарда ғана иман бар.

Әлгіндей пиғылдағылардың барлығы – Исламды іштен ірітуді, қазақты қадір-қасиетінен айыруды мақсат еткен дін­сіздердің ағымы. Олар біздің салт-дәс­тү­рімізді арабтарда жоқ дейді де, бар асы­лымызды харам санайды. Мысалы, олар айтады әкеңе ас берме, келіндер сәлем салмасын, өлген адамды сол заматта жерле дейді. Арабтардың өлген адамды сол заматта жерлейтіні жері ыстық, мәйіт шыдамайды. Ал, біздің дәстүрімізде жан-жақтағы ағайын-туысын күтетін үрдіс бар. Келіп, көңілі суысын, бір уыс топырағын салсын дейді. Сол арқылы әр адам өзінің де ажалды екенін, мынау өмірдің жалған екендігін түйсінеді.

Соңғы сұрақ. Батырдың баласы – өзіңіздің асыл жарыңыз туралы «Әзіліңді сағындым» деп кітап жазғаныңызға қарағанда, Бақытжан ағай әзілқой болғанға ұқсайды…

Керемет тауып айтатын айтқыштығы, әдемі әзілі бар адам еді, жарықтық. Наға­шылары – Қаракесектің Шаншары. Қаз­дауыс­ты Қазыбектен бастап, Мәди аталарымыз ғой. Атам Бақытжанды жатыпатар дейтін. Кейде Атамды да нокаутқа жіберетін. Бәкең өмірден озғаннан кейін мен де естелік жазғым келді. Бірақ, естелік ауыр ғой. Сондықтан, Бәкеңді кім болса да, күліп еске алсыншы деген ниетпен әзілдерін жинақтап кітап етіп шығардым.

Әсерлі әңгімеңізге рахмет! Мерекеңіз құтты болсын!

 

Ерсін МҰСАБЕК.

Зерделіден – зерлі сөз

(Зейнеп апайдың айтқандарынан)

Ақша деген – тегi жоқ, туысы мен досы жоқ, ар-ұяты, иiсi жоқ, кез келген жерде жүрiп, кез келгенге жұмсалатын, адам өз қолымен жасаған бедерлi қағаз. Егер сен ақшаның соңына түссең, тура сондай “қасиетке” ие боласың! Ешқашан дүниенi алдыңғы орынға шығарма, жаным. Бiреуден бiр асаған несiбе болмайды. Алла маңдайыңа берсiн! Жолдан ұтылмаған дұрыс, керек жерiнде шашып жiбергенге не жетсiн… Өкiнiшке қарай, бүгiнде жақсылықтың, адамшылықтың өзiн “ақылы” қылғымыз келедi…»

***

«Не көп болса, соның қадiрi жоқ… “Қартаны күнде жесең, әлем боқ сасиды” деген. Бүгiнде сақал сыйлаудан қалып барамыз… Өйткенi, сақалдың қадiрiн кетiрiп жiбердi… “Сақал текеде де бар” дей салатын болдық».

***

«Тұлпар болып туғандар мәстек болып өлмейді ғой».

***

«Тауықтың жемін жеген соң әтеш боп шақыру керек қой.»

***

«Теңізге жүземіз деп тамшыны мен­сінбейтініміз жаман ғой. Тамшыдан көл пайда болатынын ойламаймыз…»

 

Бәкеңнің қағытпаларынан

Ұлт батыры Бауыржан Момыш­ұлы­ның 90 жылдық мерейтойына қызу дайындық жүріп жатқан уақыт. Бау­кеңнің ұлы Бақытжан мен келіні Зейнеп Жамбыл облысының сол кездегі әкімі Серік Үмбетовтің қабылдауына шақырылады. Әкім бос болмағандықтан, батыр ұрпақтарына әкімнің қабылдау бөл­месінде аялдауға тура келген. Кө­мек­ші мен хатшы қыз Бақытжан аға­ны жұмсақ һәм былғары креслоға жай­ғастырады. Бәкеңнің бір аяғы бүгілмейді екен. Әкім қабылдауында отырған кісі шығып, көмекшісі Бәкеңе:

Аға, жүріңіз, кірейік, – демей ме. Сонда бұған дейін жеті рет ота жасалған аяғын икемге келтіре алмаған Бәкең әуреге түседі. Аға аяғының кемдігін аңғармағандарына ыңғайсызданған хатшы мен көмекші Бәкеңді қос иығынан демеп, орнынан әрең тұрғызады. Ренжіп қалды ма екен деп шыр-пыр болып тұрған екеуіне Бәкең жымиған қалпы:

Апыр-ай, мына кресло дегенің құдіретті екен ғой. Отырған адам тұрғысы келмей қалатын, – депті.

6 thoughts on “«Орамал – қазақ әйелінің қасиеті»

  1. Кара жамылган (хиджаб) карабеттерге онеге болар сухбат екен. Ризамыз, Ерсин ага!

  2. Қазақ келіндерінің символы! Сәтті шыққан сұхбат екен.

  3. Өнегесі мол сұхбат! Оқып, тәнті болып отырмын. Сұхбат жанрында сұрақ қоя білу де шеберлік қой… Жарайсың, Ерсін!

  4. Асқан кәсіби шеберлікпен дайындалған сұхбат екен. Ризамын. Орталықтың осындай сұхбаты көбейсе екен.

  5. Пікір білдіргендеріңізге рахмет! Кейіпкері (сұхбат беруші) мықты болған жерде әлсіз әңгіме, солқылдақ сұхбат болмайды. Тек қана сұрақ қоя білу керек. Зейнеп апайға Алланың нұры жаусын! Сұхбатымызды аяқтап, диктофонымды сондірген сәтте «Нагыз маняк екенсің» деп еді. Шынымен сондай шығармын деп жүрмін әлі… Апайға газеттің бірнеше данасын салып жіберіп едім, бүгін хабар келді. Апайға қатты ұнапты. Соған мәз болып отырмын.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.