Біздің сұхбат

Оксана МЯГКИХ: “Лауазым – журналисті өзгертпеуі тиіс”

90 жыл – аз уақыт емес. Алғашқы саны 1931 жыл 11 қыркүйекте «Большевистская кочегарка» деген атаумен шыққан. 5 мың дана тиражбен аптасына екі рет. Аға буынның қаламға адалдығы арқасында бастапқы нөмірлері вагонда, теміржол тұйығында, шахта эстакадасының жанында жарық көріпті. 1932- 1935 жылдары газет атауы «Карагандинская коммуна» болып өзгеріп, осы кезде Стахановшылар – Күзембаев, Байтуғанов, Топаева секілді даңқты еңбеккерлер газет бетінде алғаш ұлықталды. 1936 жылы Қарағанды қаласы облыс орталығы болып, газет «Социалистическая Караганда» деп ауысты. Ал, 1963 жылдан бері газет «Индустриальная Караганда» аталып келеді. Сол мұратмақсатынан таймай, міндетін адал атқарып келе жатқан ордалы газет ұжымын бір үйдің баласындай береке-бірлікке ұйытып отырған Бас редакторы Оксана МЯГКИХКЕ газеттің 90 жылдығы қарсаңызда 9 сұрақ қойдық…

– Оксана Вячеславқызы, журналистикаға қалай келдіңіз?

– Биыл тамыз айында осы қарашаңырақта еңбек етіп жатқаныма 21 жыл толды. Бұл менің – алғашқы жұмыс орным. Е.Бөкетов атындағы ҚарУ-ды қызыл дипломға бітіріп, осында жұмысқа келдім, әлі күнге тапжылмай еңбек етудемін. Әрине, оңай болған жоқ. Кітап, газет-журнал оқуға бала күнімнен құмар болдым. Мені осы әлемге жетелеп әкелген сол болар, мүмкін. Алғашқы тәлімгерім – Наталья Рыжкова. Маған үнемі тапсырма беретін. Журналистиканың жанрлары мен мақала жазуды үйретті. Материал да қорытамын. Ол кезде бәрі қолмен жазылады және хаттар өте көп болатын. Көміліп отырушы едім. Сол қара жұмыстың ішінен, үлкен мектептен өтіп, қайнап-пісіп, жетіліп шықтым ғой.

– Аға басылымда еңбек еткен қандай атақты тұлғаларды атап өтер едіңіз?

– Жұмысқа тұрған кезімде керемет аға буын өкілдері болды. Александр Горбенко, Дмитри Зенчук сынды мэтрларды атап айтар едім. Газетте жауапты қызметтер атқарып, жаңа белестерге жетеледі. Республикаға танымал етті, өздері де танылды. Өте кең пейіл, білікті жандар еді. Екатерина Кузнецова, Валерий Савин, Норман Бородин, Сейтқазы Матаев, Федор Игнатов, Федор Боярский, Федор Казанцев сынды тұтас ТМД-ға танымал қарымды қаламгерлерді атар едім. Бұдан өзге де мұнда табанды еңбек еткен атақты тұлғалар өте көп.

– Ұстаз тұтқаныңыз бар ма?

– Алғашқы редакторым Сұлтан Кемелбаев бойымдағы журналистикаға икемділікті көріп, дұрыс бағыт-бағдар берді. Адаспайтын жолды нұсқады. Осындай негізі мықты тұлғалардан тәлім алдым. Жалпы, 2000 жылдар басындағы осында істеген және өзім араласқан көптеген мықты аға буын өкілінен тың дүниелерді сіңірдім. Тамыры терең бәйтеректердің көлеңкесінен мәңгі сөнбестей нәр алып шықтым. Сол рухани байлықты үнемі толықтырып отырамын. Ізденуден жалықпаймын, үнемі асығып жүретінім – содан.

– Алда 90 жылдық мерейтой. Қандай жаңалықтарыңыз бар?

– Негізгі жаңалықтың бірі – сайттың жаңаруы. Техника дәуірінде жаңа технологияға басымдық беру – уақыт сұранысы. Оқырмандардың сұранысына толық жауап беретін «inkaraganda.kz» сайты 11 қыркүйекте ашылады. Онда сайттың ескі нұсқасы да сақталады. Мұрағат жоғалмайды. Бұдан бөлек, 90 жылдыққа мерейтойлық кітап дайындап жатырмыз. Шындығын айтайын, бұл кітаптың үлгісін өздеріңізден яғни, «Ortalyq Qazaqstanнан» алдым. Газеттің бұған дейінгі мерейтойында шығарған екен. Толық редакторлар мен қызметкерлердің тізімі, деректері, олардың жылы сөздері, суреттері бәрі жинақталған. Қазір осы мәселемен өзім мықтап айналысудамын. Бізде мұндай толық қор бұған дейін болмаған. Осы жолы шығатын кітапта 90 жылдық тізім мен деректі толық қамтимыз. Сонысымен құнды әрі ерекше кітап болмақ. Ұлттық архив пен облыстық мемлекеттік архивтің көп көмектескенін атап өткен жөн.

– Жалпы, газеттің жұмыс істеу бағыты, ұстанымдарыңыз қандай?

– Негізгі бағыт – халыққа жылдам әрі уақытылы сапалы ақпарат жеткізу, көкірек кө беру, жақсы қасиеттерге, ізгілікке баулу. Ол үшін әр журналисті мәселенің мәнісін, өзегін дөп басып, дұрыс жеткізуге бағыттаймыз. Жеке пікірі болуын қадағалаймыз. Соңына дейін зерттеп, сөзіне жауап бере алатындай деңгейге жол нұсқаймыз. Онсыз, журналистке қиын болуы мүмкін. Қауіпті сәттер де кездеседі жұмыс барысында. Өміріне қауіп төнуі де ықтимал. Осының бәрін ескеріп, қадағалап оты[1]рамыз. Әр дәлелді қайталап тексеріп, анықтап алып, жазуға үйретеміз.

– Жұмыс барысындағы қызықты оқиғаларыңызды айта кетсеңіз…

– Көп қой. Жұмысқа тұрардағы мына бір сәт әлі есімде. I курста «Индустриальная Караганда» газетіне мақаламды алып келдім. Басқан жоқ. Себебін сұрауға ұялдым. Ойлана келе аудандық басылымдардан тәжірибе жинақтауға бел будым. I, II курстарда Осакаров аудандық «Знамья труда» және «Сельский труженник» газеттерінде белсенді түрде жарияланып тұрдым. Осыдан кейін бірдеңе үйренгендей болған соң, қарашаңыраққа III курста қайта келдім. Бұл жолы мақалам бірден жарық көрді. Осылайша, басында жатырқап, шыңдалуыма жол ашқан іргелі ұжымға жұмысқа орналасып, уақыт өте келе басшылық ету – үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік.

– Сіз үшін нағыз журналист қандай болуы керек?

– Нағыз журналист терең білімді әрі батыл болуы тиіс. Өйткені, кез келген тақырыпқа қалам тербегенде дүниетанымы кең болса қиналмайды. Батылдық әр мақаласында мәселенің төбесінен бір-ақ түсіп, ойын, тоқетерін айта білу үшін керек. Жеке көзқарасы, ұстанымы болуымен қатар, сөздің киесін түсініп, қасиетін сезе алуы керек. Сосын аз сөйлеп, көп тыңдай білгені жөн. Жазғанына оқырманды ұйыта алмаса, қиын ғой. Әр сөзі бір адамның тағдырын шешуі мүмкін. Маңайдағына көре білу, немқұрайлы болмау сынды толып жатқан міндеттері бар. Ал, мен Бас редактор болсам да кей жиындарға арнайы барып, зерттеп, мақала жазамын. Мұны ел біледі. Кейде қолым жүріп кетсе, бұрқыратамын. Былтыр Елбасының еңбек жолын цикл етіп жазып, халықаралық байқауда I орын алғанмын. Лауазым – журналисті өзгертпеуі тиіс.

– 90 жылдық тарихы бар іргелі басылымға басшылық жасау қаншалықты қиын?

 – Жұмысымды сүйемін. Міндетімді құлшына атқарып жүрмін. Қиындығы бар, әрине. Бірақ, өзіңе жүктелген үмітті ақтау үшін барыңды салады екенсің. Өйткені, қарамағыңдағы қызметкерлерге жауапты боласың. Олардың отбасы бар, кейде ауырып қалады. Толып жатқан міндеттер. Соларды жүйелеп қойып, шетінен керте беремін. Әр ісімді сапалы әрі уақытылы атқаруға қалыптасқанмын. Солай үйреткен газеттің ақсақалдары. Жауапты қызмет атқарғанда жауапкершілік бірінші орында болуы тиіс, онсыз алысқа бармайсың. Өмірде өз орны бар, аталы сөз айтатын деңгейге жеткен тұлғаларды жалықпай, ұйып тыңдаймын.

– «Газетті ешкім оқымайды» дегенге көзқарасыңыз?

– Бір ескі фильмде «20 жылдан соң, әлемді телеарналар жаулап алады, театрлар құриды» деген болжам айтқанын естігенмін. Бірақ, ондай болған жоқ қой. Телеарналар дамығаны рас, бірақ театр да әлі бар. Газет үшін әр дәуірдің өз қиындығы бар. Меніңше, сол қиындықтан шығу үшін әр заманның тілін тауып, дамып, жаңарып отыру керек. Сонда «Газет оқылмайды» дегеннің жай желсөз екенін сеземіз. Бұл – тарих қой. Аудиокітаптар шыққанда, «кітап оқылмайды» дегенбіз. Ел кітапты әлі оқиды. Бір ескеретін жайт, әлемнің дамыған елдерінде күнделікті газет-журнал, кітап оқуды үрдіске әдетке айналдырған. Таңертең тұрып, жуынып-шайынып, бір шыны кофе ішіп отырып, жаңа шыққан газетті парақтап, соңғы жаңалықтарды біліп, жұмысқа шығу мәдениетті, көзі ашық адамның күнделікті әдеті. Біз де газетті күнде оқуды насихаттауымыз ләзім. Сонда нақтылыққа үйренеміз. Себебі, газетте дәлелсіз дүние жарияланбайды. Оқу адамды жақсы қасиеттерге тәрбиелейді, жаныңды емдейді. Газет ешқашан өлмейді. Мен оған имандай сенемін!

– Тұщымды сұхбатыңызға рахмет!

Әңгімелескен Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button