Ойсылқара тұқымы ойсырамасын

      

Түйеміз Рейхстагты алған

Ескендір Зұлқарнайын (Александр Македонский) пілмен соғысқан. Үн­діс­танда. Парсы мен Рим империялары Сақ пен Ғұнның ат мінген аламандарымен соғыс­қан. Бәрі – жеңілген. ХХ ғасырда бүкіл Еуропаны табанына басып, Англия­ны қалтыратқан, Американы састырған Германияның үшінші рейхы да қазақтың түйесімен соғысқан. Ол да – жеңілген!!!

 

… Ресейдің телеарналарын қараймын. Көз бен құлақ бергеннен кейін үйіңдегі сайрап тұрған қара жәшікке амалсыз бай­ланасың. Бәріне емес. Басым көпшілігі – жастарды аздыратын, адамды адастыратын сериалдар мен ток-шоулар. Жаңбыр-жаңбырдың арасында тарихи кинохроникалар береді. Өткен тарих. Ыстық. Онда кеңес империясына бодан кезіміздегі тарихымыз кинолентаға түскен. Әкем Ұлы Отан соғысында мүгедек болып, Сталинград қырғынынан аман қайтқан еді. Содан ба, соғыс тақырыбындағы кинохроникаларды қызыға қараймын. Сондай бір хрониканы қарап отырып, 1945 жылғы Ұлы Жеңісті тойлап жатқан совет жауынгерлерінің Бер­линдегі бүкіл әлем көрген шаттықты сә­ті­нен кәдімгі түйеміз көзіме оттай басылды. Іздене бастадым. «Іздеген жетер – мұратқа» деген. Табылды.

Қазіргі Ресейдің, бұрынғы алты Алаш­тың Астрахань аймағында екі түйеге ескерткіш орнатылыпты. Ахтубинск қала­сында. (Анығында не Ақтөбе, не Ақтүбек қаласы болу керек). Екінші дүниежүзілік соғыстағы қанды қасапта қынадай қы­рылған талай адам атаусыз қалып жат­қанда екі түйеге осыншама құрмет қалай көрсетілді деп амалсыз ойлайсыз. Жөні бар екен. Содан архив пен дерек көз­деріне, соғыс жылнамасына және сол қан­ды қырғынның ортасында болған жауынгерлер естелігіне жүгіндік.

Ұлы Отан соғысының, жалпы екінші дүниежүзілік соғыстың тағдырын шеш­кен Сталинград шайқасы екені баршаға аян. Кескілескен шайқаста қала­ның қолдан қолға өтіп, ақыры неміс фашис­терінің тұтас армиясы қоршауға түсіп, қирай жеңілгені, содан бастап совет әскерлерінің күш алғаны тарихтан мәлім. Осы жан алып, жан берген қырғында түйелеріміздің жеңіске қосқан үлесі зор болған. Соғыс жылнамасы мұны тайға таңба басқандай жазып қалдырыпты. 1942 жылы неміс әскерлері Еділге еміне ұмтылғанда Астрахань аймағында ре­зер­втегі 28-ші армия жасақталады. Армия зеңбіректермен, жалпы артиллерия қаруымен барынша жарақтанса керек. Қаланы ала алмаған фашистер танкілерін құмырсқаша қап­та­татыны белгілі. Ине-жіптен жаңа шық­қандай 28-ші армияның әскерлері тың, қару-жарағы сай болғанмен, жүк тартатын техника мен жылқы жетіспейді. Астрахань ежелден қазақ жері болған соң ауылдың бәрінде өз қандастарымыз тұратыны бесенеден белгілі. Тұтас түйелі ауылдар болған дейді. Жаңа армияның құрамында қазақтар аз болмаса керек. Түйенің күш көлікке таптырмайтын жануар екенін қазақ білмегенде, кім біледі?! «Бәрі майдан үшін, бәрі Жеңіс үшін» ұранымен рухтанған тыл еңбеккерлері әскерден несін аясын. Түйе­лерін бұйдалап, Совет әскерлерінің алдына салып береді. Жалпы, Астраханьнан 350 түйе соғысқа қатысқаны туралы дерек бар. Сол армияның тоғы­зыншы корпусының 284-атқыштар дивизия­сын­дағы 902-атқыштар полкіне жиырмадан астам түйе тиеді.

Түйе жарықтық бойына сеніп жылдан құр қалған дейміз ғой. Сол бой со­ғыста да түйенің соры болғанын жауын­герлер естелігінен білесіз. Сорайып тұр­ған түйеге ә дегеннен оқ тиетіні анық. 902-полктің командирі, Совет Одағының Батыры Г.Леневтің естелігінде немістердің түйелерді қуып жүріп, атып тастайтыны айтылады. Тіпті, жараланып, мертігіп жатқан түйенің көзін бірінші жояды екен. «Дас ист руссиш танк» («Бұл орыс танкісі») деп түйе көрмеген немістер жануарлардан өлердей қорыққан болу керек.

Түйелердің бәрі соғыста қырылып қалмаған. Бізге белгілісі – екі түйе сонау Астраханьнан мыңдаған шақырым жү­ріп, Берлинге дейін зеңбірек сүйреп барған. Жауынгерлер қойған аттары – «Мишка», «Машка». Сержант Г.Нестерев коман­дир болған зеңбірек расчеты 1945 жылы 30 сәуірде Берлиннің қақ ортасына екі түйе жеккен зеңбірекпен жетеді. 902-полктың рапортында аға сержант Нес­теров пен көздеуші Кармалюк Рейхстагқа түйе сүйреген зеңбіректен алғашқы залп бергені баяндалады.

Рейхстагтың алдында қос түйеге тұт­қындалған неміс генералдары мен офи­церлерінің ордендерін тағып, жеңілген жауды тағы бір жерлегендерін еске алыпты совет жауынгерлері. Соғыс бітіп, елге қайтуға келгенде қос түйеге қатардағы жау­ынгерлердің ара түсуіне тура келеді. Алып қайтуды қиынсынған үлкен шенді командирлер қос түйені пышаққа іліндіріп, аш-жалаңаш немістерге сойып беруге ұйғарады. Солдаттар өре түрегеліп, қар­сы болады. Содан қос түйені Мәскеу зоопаркіне жөнелтуге шешім алынады. Міне, осыдан кейін түйелердің ізінен адасасыз. Мәскеу зоопаркіне сұрау салып, хат жаздым. Жауап ұзамай келді. Зоопарктің тарихи-архив бөлімінің қызметкерлері Ирина Костина мен Тереза Балуян түйелердің зоопаркке жеткізілмегенін жазады. 150 жыл тарихы бар мекемеде 1930 жылдан бері бүкіл жануарлар мен аңдардың, құстар­дың әкелінген күнінен бастап, өлгені немесе басқа жаққа жөнелтілгені туралы мәліметтер картотекаларда сақталады екен. Машка мен Мишка жоқ болып шықты. Обалы не керек, архив қызметкерлері Ре­сейдің басқа зоопарктеріне сұрау салып, табылып жатса, хабарласуға уәде берді.

Қос жануардың соғыстан кейінгі тағ­дыры белгісіз болғанымен осы екі түйеге Ресейдің Ахтубинск қаласындағы Ленин алаңында 2006 жылы қоладан құйылған еңселі ескерткіш қойылыпты. Бір түйе шөгіп жатса, екіншісі Батысқа маңғаздана қарап тұр. Бүйірінде «Астрахань – Бер­лин» деген жазу бар. Алды гүл дестелер мен веноктарға толы. Сұрапыл со­ғыстың солдаттарына жасалған құрмет түлігіміздің төресіне Ресейде осылай көр­сетіліп отыр. Тағылымды шара. Ал, бізде ше? Қарағандыда мысыққа мүсін қойыл­ған. (Ермеков көшесі бойында). Не үшін? Ешкім білмейді.

 

Төрінен айырылған

түліктің төресі

Таяуда Канаданың қиыр солтүстіктегі мұз басқан аумағынан арктикалық түйенің сүйегі табылғанын ақпарат құралдары жа­рыса жариялады. Яғни, Ойсылқара тұқымының мұз дәуірінде (Осыдан 10-12 мың жыл бұрын) мамонтпен қатар өмір сүргені рас болып шықты. Бұл – ғылыми болжам шындыққа айналды деген сөз. Мұз дәуірінде қаншама алып болса да, мамонт тұқымымен құрып кетсе, түйеміз осы күнге аман-есен жетіп отыр. Түйенің шыққан жері Америка құрлығы деген топшылаудың жаны бар екеніне мұнан кейін иланасыз. Беринг бұғазы ежелде болмағаны туралы қисын айтылады. Демек, құрлықтарды жалғап тұрған осы қылта арқылы түйенің Азияға, одан әрі басқа құрлықтарға тарауы бек мүмкін.

Қазіргі қазақ жеріне оралсақ, түйенің таңбалы тастарда кескіндері бар. Мәсе­лен, оңтүстік өңірдегі Арпаөзен таңбалы тастарында түйе бейнелері молынан ұшы­расады. Ғалымдар «Тіршілік тынысы» атаған таңбалы таста тұсалған, бұй­да­ланған түйелер және адамдар кейпі анық көрінеді. Бұл таңбалы тастардағы суреттер біздің заманымыздан бұрынғы екінші мыңжылдықтың екінші жартысында қашалғанын дәлелдейді ғалымдарымыз. Яғни, көшпенділердің ежелгі түп-тұқия­нынан, бағзы ата-тегінен бастап, біздің дәуірдегі ХХ ғасырдың ортасына шейін түйе қасиетті, киелі түлік саналғанын пайымдайсыз. Бергі замандағы аңыздарымыз бен әпсаналарымыздағы Асанқайғының желмаясы мен Абылайдың ақ бурасын ғана айтсақ, ауыз толады. Басқасын қаз­балау артық болар.

Жабайы жылқы қазіргі қазақ жерінде алғаш қолға үйретілгенін әлем мойындады. (Ботайдағы археологиялық қазбалар осыны дәлелдейді). Ал, апайтөс Азияның ортасындағы көш­пенділер ғұмыр кешіп, ұрпақ жалғаған жерде жылқымен бірге тағы болып жүрген түйе де тұңғыш қолға үйре­тілген шығар. Қа­сиетті қос түлікті ерттеп мі­ніп, қымызы мен шұ­батын сіміруді, терісі мен жүнінен иінін бү­тіндеп, киім тігуді Тә­ңірі көшпенділердің маң­дайына жазған болар. Бұл енді ға­лымдар қаузайтын шаруа. Біз өткеннен бүгінге оралайық.

Дәл қазір әлемде 19 миллион түйе бар екен. Соның 14,5 миллионы Африка құрлы­ғында. Сомалиде 7 миллион, Суданда 3,3 миллион түйе өседі. Қазақстанда 171 мың Ойсылқара тұқымы өріске шығатынын ста­тистикалық мәлімет растайды. Түйенің ба­сым көп­шілігі Батыс облыстарда. Маңғыстауда – 55,4 мың, Атырауда – 30,8 мың болса, Қызылордада – 32,7 мың, Оңтүстік Қазақстанда – 18,8 мың, Ақтөбеде – 16,7 мың түйе санаққа ілігіпті. Біздің Қарағанды облысында 1700 түйе бар екен. Ақыры сан қуған соң салыстыруға иық беріп тұрасың ғой. Өткен ғасырдың оты­зыншы жылына, яғни, кәмпеске мен ашаршылыққа дейін Қазақстанда 1 миллионнан астам түйе болған. Бүгінге қалғаны соның 20 пайызына да жетпейді. Қолдан жасалған жұт түйені түгімен жұтып қойған. Бұл енді Хрущев билеген тұстағы түйе мен жылқыға келген ашық зауал. Еті мен сүтін жарамсыз санаған әкімшіл-әміршіл компартия қасиетті қос түліктің орнына қазаққа шошқа бақтырғанын біздің ұрпақ көрмесе де, алдымыздағы әкелеріміз бен ағаларымыз айтып отыратын. Осы тақырыпта екі классикалық әдеби туынды да бар. Бірі – Ғабит Мүсіреповтің кеңес дәуірінде жазған «Талпақ танауы» болса, екіншісі – бертінде Мұхтар Мағауиннің қаламынан туған «Бесінші түлік» әңгімесі («Орталық Қазақстан» газетінде 2010 жылы жарияланған).

«Маң-маң, маң басқан, Шудаларын шаң басқан, Төрт аяғын тең басқан, Қос өр­кешін қом басқан, Түйе бассын үйіңді» деп келетін Наурыз-тілек бар. Осы тілекті қабыл еткізбеген, Махамбетше айтсақ, кәтепті қара нарлардың қабырғасын бір­тін­деп сөккен кер заман келген. Кеңес елі кезіндегі солақай саясат қазақтың көшінің көркі, өрісінің сәні, дастарқанының дәмі болған түйеге бүйідей тиіп, жаудың малындай жойып жібере жаздаған. Оған өркениет (цивилизация) өрісінің өрлеуі қосылып, жолда жүк қалдырмайтын нарлардың ор­нын техника басты. «Сахара кемесі» атал­ған сары атандар күш көлік болудан қалған. Уақыты келгенде, Алладан әмір жеткенде тау тасқа, көл шөлге айналады. Оған уайым жеудің қажеті жоқ. Дегенмен, қазақтың қасиетті шаңырағын өркешіне салып, арқалап келген түйені тарих күресініне күреп тастау күпірлік болар.

Қолға үйретілгеннен бері түлігіміздің төресі «сахара кемесі» миссиясын адал атқарып шықты. Иесінің табанын жерге тигізбеді, жүгін жолда қалдырмады. Тарихи деректерде Самарқан саудагерлерінің са­пар­ға Жібек жолы арқылы 30 мың түйе­мен шыққаны жа­зылған. Қазір қала­дағылар да, далада­ғылар да Ойсылқара тұ­қымын зоопарк­тен, цирктен ғана көреді. Жылына бір рет Наурыз тойында тамашалайды. Болды. Солай екен деп, түйеден түңілу әлі ертерек шығар. Көлік болудан қалғанмен жануардың еті мен сүті, жүні мен терісі қазақ үшін әлі де кәдеге жарайды ғой. «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» деген ата-баба сөзі бар емес пе?

Ендеше 700-900 килограмм салмақ тартатын жардай атан түйелер еттің нағыз көкесі ғой. Арқадағы қос өркешті түйелер 600-700 килограмм болады. Сойғанда ет шығымы 60-62 пайыз. Етінен дәм таттық. Ірі қараға ұқсас. Өркеші жылқының жалына келеді. Бір артықшылығы, өркешті шыжғырғанда қойдың құйрығындай шы­жық қалмайды, тегіс еріп кетеді. Жылқы майын қазысына, қой құйрығына, түйе өр­кешіне жинайды. Тай­лағының өзі 170-200 килограмм ет береді. Атан түйелерден 300-400 килограмм ет шығады. Оған 15-30 килограмм өркеш майын қосыңыз. Екі сиырдың етін бір түйеден аласыз. Ал, екі сиырды бордақылауға қанша шығын кетеді? Шаш етектен. Түйе жарықтық болса, жыл он екі ай жайылады. Жайы­лым талғамайды. Шөлде де, сорда да өсіп, жақсы өнім береді. Түйе етінің өзіндік құны ірі қараның етінен 2-2,5 есеге, қойдың етінен 1-2 есеге арзан. Суға өте төзімді. Жылқының өзі Арқада жиі болып тұратын қарашада қар түспеген жылдардағы қара суыққа ұрынса, бір аптада арықтап шыға келеді. Су қатқаннан кейін қарлай алмаған жылқы тез жүдейді. Зоотехниктердің есептеуіне қарағанда, шөп жетілген жазда, тіпті, күзде түйе тәулігіне 1,5-1,7 килограмм салмақ қосады екен. Сайын даламыздағы басқа түліктер қоректене алмайтын жан­тақ, жусан, көкпек, қияқ, қамыс, изен, те­ріске сияқты шөптерді қиналмай қоры­тып, витаминге бай ет пен сүт береді. Түйе етінің сорпасы шыныдай таза, мөлдір ке­леді. Еті де, сорпасы да ағзаға жұғымды, дертке дауа.

Шұбаты туралы шұбыртып жазу қажет емес шығар. Баспасөзде талай мәселе көтерілді, бірталай ғылыми еңбектер жарық көрді. Адамға пайдалы екені дә­лел­денді. Түйе сүті Таяу Шығыста, Араб ел­дерінде дәстүрлі дәм саналады. Араб әмірліктерінде мектеп пен бала бақша рационына енгізілген. Дәрігерлердің айтуына қарағанда түйе сүтінің құрамында кальций, фосфор, темір, күкірт және басқа ағзаға пайдалы микроэлементтер көп ұшы­расады екен. Созылмалы аллергия дертіне мың да бір ем көрінеді. Қазір екінің бірі осы сырқатқа шалдыққан. Әсіресе, қала тұрғындары. Жаз шыға түшкіріп-пыс­қырып, бет-аузы күп болып ісетін адамдар көбейіп кеткенін байқап жүрміз.

Шұбатты қазақтар мен түркімендер ашытады. Бұл сусын демікпеге, сусамыр­ға, өкпе, асқазан, бауыр ауруларына шипалы дейді дәрігерлер. Шудасы құяң­ға, буын ауруларына ем. С және D витамин­дері сиырдың сүтінен үш есе көп екен. Ағзаға зиянды бактерияларды өлтіретін қасиеті бар. Қатерлі ісіктің алдын алуға дәрмені жететінін айтады ғалымдар. Демек, жапондардың шұбатқа қызығып жүр­гендері тегіннен-тегін емес.

Қазақ «бес биені бұлақ» деген. Ал бір түйеңіздің өзін өзенге теңеуге әбден болады. Сауылатын бір інген күніне 18 литр, жылына 2-4 тоннаға дейін сүт береді. 20-30 түйе сауылса, қанша сусын өндірілетінін есептей беріңіз.

Анамыз тіккен түйе жүн шекпенді та­ма­шаладық, түйе жүнінен сырылған ма­мықтай жеңіл жылы көрпе жамылдық, түйе жүнінен шұлық кидік түйенің өзін көр­мей-ақ. Бала кезімізде. Мұны қазақты дәстүрлі мал шаруашылығынан айырып, тек қой қуалатып, сиырдың соңы­нан салпақтатудың, болмаса шошқа бақ­тырудың кеңес өкіметі тапқан қасақы саясаты дейміз де. Ал қазір екі тізгін, бір шылбыр қолға тиген кезде кежегеміз кейін тарта беретіні неліктен? Экономистердің есебі бойынша еті мен сүтін былай қойғанда тек қана жүнін сату арқылы түйені бағудың барлық шығынын жабуға болады екен. Түйенің жүні ең биязы саналатын меринос қойының жүнінен де сапалы, құнды болатыны дәлелденген. Түйе жүнінің матасы әлемдік рынокта жоғары бағаланады. Бұл шикізаттан тігілген киімдер көп киіс береді, өңін бермейді, суық өткізбейді. Әр түйеден 6-7 килограмм жүн алынады. Ең бағалысы – тайлақтың жүні. Оның түбіті нәзік келеді.

Біздің облыстың ауыл шаруашылығы басқармасынан мәлімет сұрағанымызда 2011 жылы 7 тоннаға жуық түйе жүні қыр­қылғанын мәлімдеді. Осы жүн одан әрі қай­да кеткенін ешкім білмейді. Ұқсатылды ма, әлде шіріп кетті ме, беймәлім. Бұған қойдың жүні кәдеге жарамай ысырап болып жатқанда, түйенің жүніне не сорым дерсіз? Қалай болған күнде мал өнімдерін ұқсату өнеркәсібі өркендемей төрт түліктің қызығын көру мүмкін емес.

Түйе жарықтықтың басқа түліктерге қарағанда тағы бір артықшылығын айтпай кетуге болмас. Мамонттар қырылып қалған мұз дәуірінде қар асап, мұз шайнап жүріп бүгінге аман жеткен түйе жер шарының кез келген түкпірінде өмір сүре алатынын дәлелдеген. Қазақтың ұлан-ғайыр жерінің де климаты әр түрлі. Бір аймағы – көл, бір аймағы – шөл. Мәліметке жүгінсек, Қазақстанда 80 миллион гектар шөл дала, 36 миллион гектар шөлейт жер бар. Осының 43 пайызы ғана жайылымға пайдаланылады. Міне, осы бос жатқан жер жылқы мен қойға қолайсыз болғанмен, түйе өсіруге жарап тұр ғой. Ертеде Ақтөбе өңіріндегі Сортаңды, Шақытты жерлерін жайлаған Қара деген байдың 3 мың түйесі болыпты. Жайылымы болмаса, осыншама түйе өсе ме? Біздің облыстың Бетпаққа ұласатын Балқаш пен Жезқазған өңірінде түйе өсіретін жайылымдар жетерлік. Ауыл шаруашылығы басқармасының санағына жүгінсек, қазір Ақтоғай ауданында 546, Жаңаарқа ауданында – 119, Ұлытау ауданында – 353, Шет ауданында – 263 түйе өсіріліп отыр. Ал, жалпы облыстағы ауыл шаруа­шылығына тиесілі жер 35 миллион 463 мың гектар болса, соның 9 миллион гектары ғана кәдеге жаратылып отыр. Яғни, қандай мал өсірем десең де, жер жетеді.

«Көтерем екен деп түйеден безбе, сал­танатың емес пе, тебеген екен деп биеден безбе, қос қанатың емес пе?!» деген бабаларымыз. Тауып айтқан.

 

Тұяқ пен түйе

Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мем­­ле­кеттің жаңа саяси бағыты» атты халыққа Жолдауында «… бізге: жаңа ғы­лыми технологиялық, басқару­шылық жетіс­тік­терді ескере отырып, мал шар­уашы­лығындағы дәстүрімізді жаң­ғыртуымыз қажет» деп атап көрсетілген. Дәстүріміз – үйірлеп жылқы, отарлап қой, келелеп түйе өсіру. Ауыл шаруашылығы министрлігі осыған орай 2020 жылға дейінгі ауыл шаруашылығын өркендетудің кешенді бағ­дарламасын әзірлегенінен хабарымыз бар. Оның ішінде түйе өсіру, өнімін алу бар ма, жоқ па беймәлім. Бір белгілісі – шұбат өндіру үшін субсидия беріледі. Түйенің еті мен жүніне жоқ.

Солай екен деп, елдің бәрі түйеден сырт айналмағанына мағмұрланасыз. Разы болғаным – түйе өсіруді өз ауы­лым­дағы Тұяқ Ысқақовтың қолға алуы. Қарқаралы ауданында бұрын түйе болған. Қоянды жәрмеңкесінде саудаға түсетін тауарлар, әрине, автокөлікпен емес, жолына жүк қалдырмас нарлармен жеткізілгені аян. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін де өткен ғасырдың 60 жылдарына дейін колхоздар түйе өсірген. Архивті ақтарғанда Қарқаралының қазіргі Қасым Аманжолов округіндегі бұ­рынғы «Совет» колхозында 73 түйе болыпты. Әр түйеден 4-5 килограмнан жүн алынғаны жөнінде мәлімет тұр. Осы түлікті әкем бағыпты елуінші жылдары. Сталинград қырғынында аяғынан ауыр жараланған әкемді Мәскеу госпиталінен Қарағандыға дейін шойын жолмен санитарлар жет­кізіпті. Дәл қа­зіргідей қар еріп, көксоқта болып жатқан шақ болса керек. Не арба, не шана жүрмейді. Содан Қарқаралының ар жағындағы 350 шақырымдай ауылға Қарағандыдан түйеге сүйреткі салып, алты күн жүріп, әзер жеткенін айтып отыратын әкем. Сол ауылда Түйеқора деген қыстақ болды. Ержетіп, есейгенде бұл атау патша заманынан қалған шығар деп ойлайтынмын. Анығында дәл сол қыстақта колхоз түйесі бағылып, содан осылай аталып кетіпті. Түйе көрмей өсуіміз біз ес білген шақта Хрущев төредей түліктің тұқымын тұздай құртыпты.

Осыдан он шақты жыл бұрын бала кезімізде қатар өскен, бірер жас кішілігі бар, тазы ұстап, жүйрік баптайтын, ескі сөзге зерек Тұяқ Ысқақов досым ауылға түйе әкеліпті деген хабар жетті. Түйе көрмеген ауылдастарым мамонт тіріліп келгендей бір дүрліккенін Тұяқ қызық етіп әңгімелейді.

– Өз әкең түйе баққан жер ғой. Өріс тауып, өсіп кетер деген үмітпен Балқаш жақ­тан сиырларға айырбастап, бурасы мен інгенін әкелдім, – дейді Тұяқ. – Ауылға түйелерді айдап келгенде ит үріп, жылқы үркіп, сиыр безіп, қой қашып, азан-қазан болдық. Біршама төлі өскен соң бір түйені сойып, дәмін таттық. Қалай союды да білмейміз. Әйтеуір кітапқа қарап отырып, әзер үйрендік. Біздің жақтың жері сортаң емес қой. Еті сор татымайды. Тіл үйіреді.

Қазір Тұяқтың түйелері жиырма шақты болып қалды. Қысы-жазы далада. Ит-құс жоламайды. Жемшөп әзірлемейді.

Тұяқтай азаматтар жер-жерде бар. Оларды халық қолдап, үкімет демесе, келелеп түйе өсіріп, санын соқырмен санайтын күн де туар. Соқырымыз – жүз түйе деген сөз. Ырымшыл қазақ малының, әсіресе, киелі саналатын түйесінің санын айтпаған. Көз тиеді деген. Түйесі жүзге жеткенде бір түйенің бір көзін ағызып жібереді екен. Сонда екі жүз түйе – екі соқыр, бес жүз түйе – бес соқыр.

«Төрт түліктің төресі – түйе, пірі – жылқы, жуасы – қой, қасақысы – сиыр» деген атам қазақтың қисынсыз бір сөзі жоқ. Демек, төмпешіктей төмендеп қалған түлік төресін төрге оздырсақ, төрт құбыламыз түгенделері сөзсіз.

Мағауия СЕМБАЙ

 

 

 

 

 

 

One thought on “Ойсылқара тұқымы ойсырамасын

  1. Түліктің төресі түйеге де бөлініп отырған назар шамалы ғой қазір…

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.