Облыста жыл соңына дейін 5 жайлы мектептің құрылысы аяқталады
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев «Saryarqa» телеарнасына тікелей эфирге шығып, көпшілік көкейіндегі сұраққа жауап берді. Аймақ басшысы өз кезегінде «Көгілдір тоғандар» шағынауданындағы «Томирис» тұрғын үйінің қасындағы жайлы мектеп құрылысы қашан аяқталады?» деп хабарласқан қала тұрғының сауалына жауап берді.
– Облыс бойынша 10 жайлы мектеп құрылысын бастаған болатынбыз. Оның 2000 орындық бір мектеп құрылысын аяқтадық. Енді жыл соңына дейін тағы 5 мектептің құрылысын аяқтауымыз қажет. Оның ішінде «Көгілдір тоғандар» мен «Гүлдер» шағынаудандарындағы және Балқаш қаласы, Ақсу-Аюлы мен Жарық ауылындағы мектептердің құрылысын аяқтау жоспарда бар. Жайлы мектептер болғандықтан барлығы сапалы болу қажет. Сондықтан ұзақ салынып жатыр. Жұмыстар жүріп жатыр. «Томирис» тұрғын үйінің қасынан салынып жатқан мектептің сыртқы абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр. Жылдың аяғына дейін бітіреміз деп жоспарлап отырмыз. Ендігі жылы облыс көлемінде тағы 4 мектеп салынады, – деді аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
Ortalyq.kz