Жаңалықтар

Қоғам құрметі

«Арқалағаны – алтын, жегені жантақ» (Шерхан Мұртаза) журналистер қауымына қоғамдағы құрмет қаншалықты? «Билік пен бұқараның арасындағы алтын көпір» деген атымыз және бар. Көзі тірісінде елдің мұңын мұңдап, жылт еткен жақсылықтың жаршысы бола білген қаламгерлерді көзі кеткен соң ұлықтаудағы ісіміз кемшін емес пе? Ел игілігіне ерен еңбек сіңірген өзге сала қайраткерлерімен қатар журналистердің де есімдері бізсіз де тасқа қашалғаны аян. Десек те, алдыңғы толқын ағаларымыз өз заманының лайықты бағасын ала алды ма?

СУРЕТТЕ: Ұлытауда Мұқан Иманжанов пен Баубек Бұлқышевке орнатылған ескерткіш.

Қазақ әдебиетінің шоқтығы биік өкілдерінің бірі – Ғабиден Мұстафин. Бұқар жырау ауданындағы Жауыр тауының баурайында дүниеге келген жерлесіне қарағандылықтар құрметтің биік үлгісін танытты. Ғабеңе жоғарыда аталған ауданда кент есімі берілді. Қарағандының орталық көшелерінің бірі жазушының есімімен аталады.

58-ші бапқа іліккен жазушы Жайық Бектұров – көзі тірісінде біраз теперіш көрген жан. Әйтсе де, Жәкеңнің тұлғасы қазақ үшін қашан да асқақ кейіппен қала бермек. Тәуілсіздік жылдарында жазушы тұрған үйге ескерткіш тақта қойылды. Сондай-ақ, облыстық жасөспірімдер кітапханасы Жайық Бектұров есімімен аталып, кабинет-мұражай ашылды.

Бір кездері қолыңыздағы басылымда жауапты хатшы қызметін атқарған Ақселеу Сейдімбек есімін Қарағандыдағы «Күнгей» ықшамауданындағы бір көше иеленіп отыр. Белгілі қаламгердің атын келте болса да бір көшенің алғаны дәтке қуат.

Облыс орталығының ОңтүстікШығыс бөлігіндегі көше есімімен аталған Қапан Сатыбалдин туралы көпшілік біле бермейді. Қарқаралы ауданындағы Бесоба ауылында дүниеге келген Қапан – бірнеше кітаптары жарық көрген ақын. Қазіргі «Егемен Қазақстан», «Жас Алаш» газеттерінде қызмет еткен, «Қазақ әдебиеті» газетін басқарған, «Қазақфильм» киностудиясында, «Жұлдыз» журналында редактордың орынбасары, Қазақстан Жазушылар одағында хатшы қызметтерін атқарды.

«Орталық Қазақстан» газетінде ізі қалған қаламгерлердің бірегейі – Сәттар Ерубаев. 1934-1935 жылдары біздің газетте редактордың орынбасары болды. Ол кезде «Қарағанды пролетариаты» аталған басылымның іргетасын қалауға атсалысты. Бүгінде Қарағандының орталық көшелерінің жазушының есімімен аталады.

«Орталықты» біраз жыл басқарған Рамазан Сағымбеков – Қарқаралыдағы Аппаз аулының тумасы. Қазіргі таңда сол ауылдағы орта мектеп журналистің атымен аталады. Және жыл сайын аға есімін ұлықтау мақсатында «Орталық Қазақстан» газеті тағайындаған шәкіртақы үздік оқушыға тапсырылып келеді.

Балқаш телестудиясының іргетасын қалаушы Жазыбек Төлендинов – бірнеше буын журналистерді қанаттандырған қаламгер. Балқаш қаласының Құрметті азаматы. 2005 жылы дүниеден өткен журналистің есіміне кейін Балқаш қаласындағы бір көше ие болды.

Қазақ журналистикасының белді өкілі Қайыркен Сағындықов Айрық ауылында дүние есігін ашқан. Қайрекең бұрынғы «Лениншіл жас» («Жас Алаш») газетінде әдеби қызметкер ретінде еңбек жолын бастаған. Кейін «Социалистік Қазақстан» (Егемен Қазақстан») газетінде редактордың бірінші орынбасары, Қазақ КСР КП ОК-нің нұсқаушысы, ҚКазТАГ-тың редакторы, «Қазақстан» баспасында бас редактор, Қазақ КСР КП ОК жанындағы Партия тарихы институтының марксизм-ленинизм классиктері шығармаларын қазақ тіліне аудару секторының меңгерушісі, тағы басқа жауапты қызметтер атқарады. «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған. 1998 жылы Сағындықов тегі туған жеріндегі орта мектепке берілді.

Ұлытау өңірі – Баубек Бұлқышев, Камал Смайылов сынды көрнекті публицистер дүниеге келген мекен. Аудан орталығында жазушы Мұқан Иманжанов пен Баубек Бұлқышевқа арналған ескерткіш орнатылған. Ал, бұдан бұрынырақ Камал Смайыловтың есімін бір нысанға беру мәселесі көтерілген-ді. Әзірге, бұл түйіннің тарқауы келешектің еншісіне қалып тұрғаны…

Бұл мақалада бірқатар қаламгерлер қамтылмай қалуы мүмкін. Бастысы – ол емес. Мәселе – қоғамның құрметінде. Саналы ғұмырында сол қоғамның отымен кіріп, күлімен шыққан арда азаматтарымызды ардақтау – біздің парыз.

 

Нұрқанат ҚАНАФИН,

«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button