Шет

Нілді ауылы – тарихқа тұнған ұлы

   Қазақтың небір киелі жерлері сияқты, Сарыарқа төсіндегі табиғатына тарихы сай, тұрғындарының құт мекені болған қасиетті жерлердің бірі – Нілді. Орыстар Успен, жергілікті жұрт Өспен атап кеткен өлкенің тарихы тым тереңде. Бұл ауыл Нілді тауының бауырында, қос өзен – Жақсы, Жаман Сарысудың алабында орналасқан. Биыл 170 жылдығын атап өтіп отырған ауыл мерейтойының баяны осы жазбада.

Нілдідегі Успен кеніші 1874 жылы ашылған. Ресейге бодан болған кезде Нілді болысы болып бекітілді. Ресей көпесі Никон Ушаков Боздақтың Қарабақсысынан 86 күміс теңгеге сатып алып, 50 жылдай кен өндірген. Ол жерді 1903 жылы Француз елінің белді өкілі Жан Карноға 766 сомға сатады. Өз кезегінде кенішті 1905 жылы ағылшын Нельсон Феельге өткізеді. Сол кезден бастап Успен кеніші Спасск мыс қорыту зауыты, Қарағанды көмір қазбалары Н.Феельдің компаниясының қарамағында болып кенді байыту, қорыту үшін Успеннен 12 шақырым жердегі Сарысу өзенінің бойында кен байыту фабрикасы, 110 шақырым жерде Спасск мыс қорыту зауыты салыныпты. Қарағандының Саран қаласының маңындағы алғашқы көмір қазбалары ашылып, Спасскіге көмір тасылған. Кейін Балқаш мыс қорыту зауыты ашылған соң Өспен кені сонда қорытылған. Өспен мысы Ұлы Отан соғысы кезінде Ұлы Жеңісті жақындатуға үлкен үлес қосқан. Өйткені, Балқаш мыс қорыту комбинатында шығарылған әрбір оныншы оқ осы Өспен кен орнынан алынған мыстан жасалған.

Бұл Нілді елінің тарихи бір белесі ғана. Осынау өңірдің қасиетті топырағынан түлеп ұшқан тұлғалар жетерлік. Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері С.Сейфуллин осында сауат ашса, атақты мемлекет басшысы Дінмұхаммед Қонаев, кен қорын зерттеген атақты ғалым Қаныш Сәтбаев, академик Әбілқас Сағынов, Рамазан Сүлейменов, тағы басқа да айтулы ағаларымыз еңбек жолын осы өлкеден бастаған. Нілді-Өспен ауылының 170 жылдық мерейтойы «Туған жер» бағдарламасы аясында Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған обелискінің ашылу салтанатынан басталды. Мәдениет үйінің алдында орнатылған обелискі есік пен төрдей үлкен. Сырттан шақырылған қонақтар қаншама. Осы алып ескерткіш тақтаның мәңгілік алауын Ұлы Отан соғысы ардагерінің немересі Мақсат Исин жақты. Мұнан соң соғыс ардагерлері, аудан әкімі мен мәслихат хатшысы, ауыл тұрғындары гүл шоқтарын қойды.

Бүкіл әлемді дүр сілкіндіріп, адамзат баласының қабырғасын қайыстырған соғысқа Нілді ауылынан 302 адам аттанған. Оның біреуі Николай Иванович Агеев Кеңес Одағының батыры атанса, 97-сі орденмен, 218-і медальмен марапатталған. Осы бір салтанатты сәтте Қарағанды қаласының Құрметті азаматы, жерлес ағамыз Аппас Жошин мен ауыл тұрғыны, еңбек ардагері Жеңіс Қадыров жүрекжарды лебіздерін білдірді. Майдангер әкелерімізді еске алу үшін бір минут үнсіздік жарияланып, аспанға үш дүркін оқ атылды. Сұрапыл соғыс құрбандарының рухына құран бағышталды. Ауыл азаматтары, сыртта жүрген ауылдан шыққан қалталы азаматтар көпке үлгі боларлықтай іс атқарып, кешегі ел басына түскен ауыртпалықта шаңырағына қосылып, шаттыққа кенеле алмаған боздақтарға туған жерінде белгі орнатты. Көпшілік жаңадан ашылған «Ұмытылмас ерлікке белгі – ұрпаққа үлгі» деп жазылған обелискінің жанына ескерткіш суретке түсіп жатты. Енді ауыл жастары мерекелерде, үйлену тойы салтанатында осында келіп, гүл шоқтарын қойып, суретке түсетін, тәу ететін киелі орындардың біріне айналары анық.

Той салтанаты Өспен ауылының 170 жылдық мерекесіне арналып шығарылған Нілді ауылының энциклопедиясы кітабының тұсаукесер рәсіміне ұласты. Осыдан он жыл бұрын Өспеннің 160 жылдық тойына Нілді жерінің тарихы, табиғаты, климаты, жануарлар дүниесі, өсімдіктер, белгілі тұлғалары жайында кітап шығарылған. Ал мына кітапты соның толықтырылған жалғасы деп қабылдаған ләзім.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша «Туған жер» жобасы аясында бірталай игі шаралар атқарылды. Ауылдағы үлкен көшелердің біріне асфальт төселді. Келешекте бұл көшеге ұлтымыздың біртуар азаматтарының бірі – Қаныш Сәтбаевтың есімі берілмек. «Туған жерім – алтын бесігім» деп туған елді көркейтуге аянбай тер төгіп жүрген осы ауылдан шыққан азаматтар жас бүлдіршіндерге арнап заманауи футбол алаңын жасатып, сыйға тартты. Соның ашылу салтанатына жұртшылық біршама жиналды. Футбол гимні ойналып, шаршы алаңға форма киген мектеп оқушылары жүгіріп шығып, екі қатарға қарама-қарсы тұрды. Жиналған көпшілікті аудан әкімі Марат Жандәулетов Өспен ауылының 170 жылдық мерейлі мерекесімен құттықтай келіп:

– Өспен кеніші көшпелі қазақ елі тарихындағы тұңғыш ашылған кен орны екендігі шындық, тарихи дерек бойынша Қазақстан өндірісі осы арадан бастау алған. Спасск мыс қорыту зауыты, Қарағанды көмір бассейнінде әуелде осы кеніштің қалыпты жұмыс істеуі үшін ашылғанын, халқымыздың талай алтын айдарлы азаматтарының тағдырына таразы болған текті топырақ, алты алаштың ақиық ақыны, мемлекет және қоғам қайраткері Сәкеннің қара танып, көзқарасы қалыптасқан киелі мекен екеніне тоқтала келіп, «Туған жерге туың тік» деген Елбасымыздың бастамасын құп көрген ауыл тумалары сүйікті Өспеніне көмектерін аяған жоқ. Алдағы уақытта да ауыл келбеті көркейіп гүлдене берсін, – деп тілегін білдірді.

ҚР Жоғарғы Сотының судьясы Моряк Шегенов қашанда абыройлы атағы алысқа жеткен ауыл тұрғындарының өзінің жасампаз істерімен толағай табыстарға қол жеткізе беретініне кәміл сенетінін жеткізді. Мұнан соң Қайрат Көпбаев пен Сайлау Балғабеков ағаларымыз спорт алаңының ашылу рәсімін жасап, лентасын қиды. Сәкен орта мектебінің оқушысы Ақжол Әбдіғалым барша оқушылардың атынан өздеріне осындай алаң сыйлаған ағаларына алғысын жеткізді. Жаңа ашылған футбол алаңында символикалық допты ойынға Қаратай Нұржанов қосқаны сол екен, ойын басталып сала берді. Орта мектепте мереке құрметіне қазақша күрестен жарыс өтіп жатса, мәдениет үйінде ғылыми конференция басталып кетті. Онда Л.Гумилев атындағы Еуразия университетінің профессоры, тарих факультетінің деканы Тілеген Сыдықов, Ұлыбритания елшілігінің өтініші бойынша Қазақстан интернет порталының редакторы Арман Сүлейменов, шежіреші Файзолла Нұржанов, ұйымдастыру алқасының төрағасы Тұрар Алтынбеков, Қарағанды қызмет көрсету және технология колледжінің директоры, өлкетанушы Жұмағали Мағзиев сөз сөйледі. Осынау салтанатта ҚР Жоғары Сотының судьясы Моряк Шегеновке Шет ауданының Құрметті азаматы атағы берілді. Сондай-ақ, мерейтой іс-шараларының белсенді атқарушыларына лайықты сый-сияапат жасалды. Тағылымды кеш әдемі ән, әуезді әуенмен әдіптеліп, жиналғандарға ұмытылмастай әсер қалдырды. Конференцияға қатысушылар Өспен кеншінің 160 жылдық мерейтойындағы іс-шараларды еске алысты. Ол жолы да ауыл азаматтарының күшімен Сәкен оқыған мектеп жөнделіп, мұражай ашылған. Бір бөлме тұтастай Сәкенге арналып, көрген қиыншылықтарынан хабар беретін көріністер жасалды. Ойдағы ауыл алақандағыдай көрінетін. Ереуіл төбенің басына белгітас қойылып, алаң жасалған болатын.

Мерейтой қарсаңында мәдениет үйінің алдындағы талантты суретші жерлестеріміз С.Қадыров пен Б.Қарашолақовтардың авторлық еңбегінен туындаған ескерткіш қалпына келтірген. Алдынан қарағанда жапырақ бейнелі. Үш бұтағы қазақтың үш жүзінің бірлігін суреттейді. Қызыл сұңқар ақын, мемлекет және қоғам қайраткері Сәкен Сейфоллаұлы бабамыз бір қолын жұмып, бір қолын ашып тұр. Бұл – дұшпанына қатал, досына қолы ашық деген белгі. Туған жылы жазылып, қаза болған жылы жазылмаған. Өйткені, Сәкен мәңгі өлмес – Ұлы бейне. Ұлы тұлға. Түс ауа Республикаға танымал өнер майталмандарының қатысуымен үлкен концерттік бағдарлама берілді. Салтанат соңы отшашуға ұласты.

 

Мейрам ДӘУЛЕТБЕКҰЛЫ.

ШЕТ ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button