«Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы»Біздің сұхбат

Ниқанбай ОМАРХАНОВ: “Ауылды дамытуда “Бас ойыншы” – мемлекет болуы тиіс”

Қаңтарды еске алғымыз жоқ. Бірақ, бүгін ауыз толтырып бірдеңе деу үшін, амал жоқ, сонда барып тұйықталасыз. Жасыратын несі бар, елдегі көп мәселенің сеңі содан кейін бұзылған. Қаңтардың қанды қақтығысынан соң Президент бұқараның ашыққан қарнын тойдырып, иығын бүтіндер бағдарлама жасауды тапсырған Үкіметке. Екі ай мерзімде ол бағдарлама «шыр етті». «Дүниеге келген» кешенді жоспарға азан шақырып, «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» ат-айдар берілді. Оқысаңыз, обалы нешік, тәуір дүние. Шындықтың иісі шығады. Дәл сонда айтылғанның бәрі бірдей іске асса, мына жұрт «Қайырымды қала тұрғындарына» айналатындай-ақ. Десек те, бағдарламаның орындалысын шілдеде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сынға алды. Жоспарда ауылды дамыту тетіктері де бар. Бүгінгі ауылдың ахуалын ескере отырып, біз осы орайда Қоғамдық кеңес Ауыл шаруашылығы комитетінің төрағасы, ауыл шаруашылығы саласының ардагері Ниқанбай ОМАРХАНОВПЕН сұхбаттасқан едік…

Ниқанбай Омарханов
Фото: “Орталық Қазақстан” газеті

«АУЫЛДАРДЫҢ ХАЛ-АХУАЛЫН ОБЛЫС БАСШЫЛЫҒЫ ТҮГІЛІ КЕЙБІР АУДАНДАРДЫҢ ӘКІМДЕРІ ЖЕТІК БІЛМЕЙДІ»

«Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасында» табыс арттырудың бір көзі – жаңа жұмыс орындарын құру. Соның ішінде, ауылдағы тұрғындар табысын арттыруға арналған басымдықтар бар. Соған орай тапсырмалар да берілді. Соның бірі – «Ауылдың әлеуметтік-экономикалық көрінісін айқындау үшін жергілікті жерде әр ауланы аралау жолымен жергілікті жердің скринингін жасау». Бұл скрининг туралы маман ретінде не айтасыз?

− Өте орынды сұрақ. Өйткені, ақылды адам бір жұмысты бастамас үшін ой-жоспарын ми елегінен өткізіп, қағаз бетіне түсіреді. Мысалы, өз облысымызды алып қарасақ, Ұлытау облысы бөлінгеннен кейін облыста қалған 7 аудан, 6 қалада 160 ауылдық округ пен кент, 330 ауылдық елді мекен бар. Мәселе осыншама елді мекен скрининг зерттеу жасауда. Олай етпейінше, барлық ауылдың жағдайын билік орындары нақты білмейді, біле де алмайды.

Тіпті, сол ауылдардың хал-ахуалын облыс басшылығы түгілі кейбір аудандардың әкімдері өздері жетік білмейтіні жасырын емес. Әсіресе, бұл жағдай «Ауыл Ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы іске қосылғаннан бері тым өзекті болып тұр. Кейбір жағдайларда қаражатты аудандар Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында атап айтқандай, ең бірінші тұрғындарға пайдалы, өмір сүру деңгейін жақсарта түсетін нысандарға бөлмеді. Тек сән үшін, имидж үшін жасалатын саябақ, аллея, фонтандарға жұмсап жатқан жекелеген болса да, фактілері бар. Ол ешкімге жасырын емес… Сондықтан, 3 жыл бойы көтеріп келе жатқан «Ауылдық аумақтарды дамытудың жол картасын» жасау бүгінде ауадай қажет.

Жақында Үкімет басшысы да осы «Жол картасын» дайындау туралы тапсырма берді. «Ауыл Ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы 2027 жылға дейін әлі 5 жыл жалғасатынын ескерсек, ең бірінші кезек күттірмейтін іс – ауылдардың даму бағдарламасын шұғыл қолға алу. Бұл жобаны жөнінде облыс басшылығына 32 критерийден тұратын бизнес-жоспарын ұсынғанбыз. Қолға алынып, іске асады деп үміттенемін.

Егер ол «Жол картасы» әзірленсе, мемлекеттік бағдарламалар бойынша бірінші кезекте, орта мерзімде және болашақта атқарылуы тиіс жұмыстарды әр ауданның ауылдары негізінде әзірлеп, рет-ретімен іске асыруға мүмкіндік бар. Сонда басшылар да шатаспайды, бюджет қаржысы да тиімді жұмсалады, ел де риза.

Ауыл мен оның мамандануын айқындау міндеті де тұр. Қарағанды облысында көп жылдар ауыл шаруашылығы саласында қызмет еттіңіз. Аудандардың, ауылдардың ерекшелігін бір кісі білсе, сіз білуге тиіссіз. Аймақтағы ауылдар мен аудандар мамандануда өз ресурсын толық қолдана алды ма?

Бұл күрделі сұраққа жауап бермей тұрып, Кеңес үкіметі кезінде ауыл шаруашылығы саласында жоспарлы экономика жетік жолға қойылғанын айтқан жөн. Ал, қазір бізде нарықтық экономика. «Қазаншының өз еркі қайдан құлақ шығарса» дегеннің керін келтіріп, «әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа жоқ» стихиялы, әркім ойына келгенін істеуде екенін мойындауымыз қажет. «Мамандану», «болжамдау», «жоспарлау» деген ұғымдар қазір келмеске кетіп тұр.

Мысалға алсақ, мал шаруашылығында жоспарлы төрт түлік мал басын ұстау пропорциясы әлдеқашан бұзылған. Елдің бәрі «күту шығыны аз, қора-қопсы қажетсіз, мал азығы аз кетеді, пайдасы жылдам» деп жылқы өсіруге жаппай ауысты. Керісінше, бейнеті көп деп қой басы төмендеп кетті. Ірі қара асырау, сүтін сауу, тұқымын асылдандыруда салғырттық басым.

Төрт түлік мал ұстаудың ғылыми негізделген тәртібін «Қазақ даласының табиғи-климаттық ерекшеліктері мен көшпелі мал шаруашылығының заңдылықтарын есепке алмай жүргізілген аграрлық саясаттың жергілікті халықтың да, қоныс аударушылардың да шаруашылығына зиянын тигізетініне» Әлихан Бөкейхан бабамыз патша чиновниктерінің көзін жеткізуге көп еңбектерін арнап кеткен. Өкінішке орай, бабамыздың алаңдаушылығы бүгінгі заманда да көрініс табуда. Сол себепті ауыл шаруашылығы өндірісіндегі ғылыми негізделген мамандану (специализация) мәселесін аграрлық ғалымдардың тұжырымдамаларын басшылыққа алып жұмыс жүргізу аса қажет. Олай етпеген жағдайда, келешекте ауылдарды аздырып, жерімізді тоздырып, әр түрлі мал індетін өршітетін залал-зардап туындарын есте ұстаған абзал.

«АУЫЛДА ҮЛКЕНДЕР ОРНЫН КӨШЕ БҰЗАҚЫЛАРЫ, ЖАУАПКЕРШІЛІКТЕН ЖҰРДАЙ БЛОГЕРЛЕР БАСТЫ»

− Кооперациялық бағыттар айқын ба бізде?

− Кооперация туралы заң 8 жыл бұрын қабылданып, бірнеше рет өзгерістер енгізілді. Бағыты айқындалса да, ол заң жұмыс істемейді. Заңның жұмыс істемеуіне салғырттық танытып отырған биліктің өзі. Ең бірінші мәселе – Ауыл шаруашылығы министрлігінің азулы болмауы, ұйымдастыру жұмыстарының шалағайлығы, ауыл мен ауыл шаруашылығы жұмыстарын білмеуінде.

Бір ғана мысал. Іс білетін министр қант тапшылығы болмау үшін, «оның бағасын еселеп қымбаттату керек, әйтпесе, қант жемей, шәйді балмен ішу керек» деп айтар ма еді?! Ұлттық тауар өткізу жүйесін құрамыз деп қанша талпынды. «Алқаптан-дүкен сөресіне» вертикальді жүйесін қалыптастыруда көтерме-бөлшек сауда орталықтарын ашамыз деп жүздеген миллиард қаржы бөлінді. Заманауи орталықтар салынды. Бірақ, олар коммерциялық сауда орындарына айналуда. Себебі, министрлік тауар өткізу жүйесінің басты ойыншысы, сол орталықтарды өніммен қамтамасыз ететін – Ауылды тағы ұмытып кетті. Осы күні ондай орталықтар «бүйректен шыққан сирақ» болып қалды. Алдымен төменнен бастау алуы тиіс бұл арада. Яғни, ауылдан басталмайынша ұлттық тауар өткізу жүйесі құрылмайды.

Агроқұзыреттерді (жұмыссыздар, ЖҚШ) оқыту және кооперативтердің басқарушыларын даярлау да пилоттық жоба тізілімінде. Бұл орайда қайтпек керек?

Шұғыл шешімдер қабылдану керек! Әуелі кезек күттірмейтін «Жеке қосалқы шаруашылықтар туралы» Заң қабылдау өзекті мәселе. Екінші бей-берекет урбанизацияны (ауылдан елдің қалаға үдере көшуі) тоқтатудың саяси-экономикалық механизмін жасау керек. Бұл жеке әңгіме арқауы. Үшіншіден – ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау (субсидия, арзан, ұзақмерзімді, өзіндік кепілдемелі несиелер, өнімді өңдеу және қайта өңдеу, сақтау инфрақұрылымдары, көліктік логистика саясатын шұғыл қолға алу, шаруа адамдарын үзбей үздіксіз жыл он екі ай ақпараттық қамтамасыз етуді ұйымдастыру. Бұлар кезек күттірмей шұғыл шешетін мәселелер.

Өзін де, өзгені де өлтірмейтін, тапқан-таянғаны тиын санаудан ғана аспайтын емес, нағыз әлеуетті, бір ауылды алға сүйрей алатын отбасылық шаруашылықтар құрудың құпиясы неде? Ол құпия неге мына жұртшылыққа аян емес?

− Иә, бүгінде 90 % астам отбасылық шаруалар жұмысы тек өз бала-шағасын асыраудан аспайды. Жұмыс орындарын ашпайды, жаңа технология мен жаңа техникалар пайдаланбайды. Өйткені шама-шарқы жетпейді. Негізінен мал асырумен ғана шұғылданады, күзде сол малдарының төлін сатып, азық-түлігіне, киім-кешегіне, балаларының оқуына, артылып жатса, үй, көлік алуға ғана жұмсайды. Одан қалды тапқан-таянғанын «заң қалай? заман қалай?» деп, не банкке құяды, я шұлыққа тығады. Ауылына көк тиын пайдасы жоқ. Сондықтан, өмірдің өзі келешек орта, ірі шаруашылықтар-кооперативтерде екенін күн өткен сайын дәлелдеп келеді. Ондай шаруашылықтарды әр ауыл орталықтарынан ашу қарапайым адамдардың қолынан келмейді. Қаражат жоқ. Үкімет шұғылдануға құлықсыз. Себебі бүгінгі ауылдың жағдайын білмейді. Елді араламайды, анда-санда келсе, әкімдер әдемі жерлерді көрсетіп , Утесовше айтқанда, «Все хорошо, прекрасная Маркиза!» деп шығарып салады. Бәрі де уақытша жүргендер. 1-2 жылда кететіндерін біледі. Содан бастарын ауыртпайды.

Орта (50 адам), ірі (100 адам) шаруашылықтар ашудың еш құпиясы жоқ. 51/49 пайызбен Үкімет мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында нарық экономикасы механизмі арқылы ашуы тиіс. Сонда бақылау да болады, жұмыс орындары да ашылады. Өнім де өндіріледі, отандық азық-түлік те молаяды, жұмыссыздық жойылады, әсіресе жастар арасында Ауылдар көркейеді, ауылдан үдере көшу де тоқтайды. Бір сөзбен айтқанда, ел экономикасы мен саясатына мультипликативті оң әсері зор.

Ауыл халқын жұмыспен қамту, әлеуметтік жағдайын қамтамасыз ету мақсаты орындалса, табыс табудың үлкен бір саласы шаруа және фермер қожалықтары базасында агротуризмді дамытудың да ілкімді жобалар іске асары сөзсіз. Мемлекеттік агротуризмді дамытуға бізде негіз бар. Қарқаралы таулы орман оазисі, Ақтоғайдағы тарихи-археологиялық нысандар, дала сафариі, таза ауа, кигіз үйлер ауылы, әдемі табиғат, ұлттық тағамдар ұсынымы, Балқаш демалыс аймағы, ұлттық спорт, Нұра, Теңіз Сарыбелдегі әуесқой аңшылық, балық аулау, фауна, флора, бәрі бар. Қарағанды облысында агротуризмді дамытуға барлық жағдай жеткілікті. Қазір бір жағынан алып қарасаң, ауыл адамдары бәрі жүдеп-жадап, азып-тозып жүрген де жоқ. Алдында малдары бар, «бинокльмен» бағады түлігін. Қолдары бос, кенейлері түгел. Өздері – би, өздері – қожа. Бірақ, екінші жағын қарасаң, ауылдың жағдайы, келешегі, санитарлық тазалығы, экологиясы, ауыл маңының деградацияға ұшырауы, ауылдың қыстаққа айналуы оларды алаңдатпайды. Тек өз жағдайлары жақсы болса, болды.

Бүгінде ауылда бір рулы елді бір ауыз сөзімен тоқтатын, жөн сөз айтатын, ақылшы үлкендер де азайды, жоққа тән. Олардың орнын Президент айтқандай, өкінішке қарай, көше бұзақылары, жауапкершіліктен жұрдай блогерлер және масылдық пиғылмен айқай шығаратын адамдар басты. Елдің берекесін алып, бүгінгі күннің батырына айналды. Депутаттар мен атқарушы билік өкілдері соларға ғана баса мән береді. Түрлі деңгейдегі шенеуніктер солардың ғана талабын орындауға жүгіреді. Бұлай жалғаса берсе, келешекте ауылдар толық маргиналдық тобырға айналуы әбден мүмкін! Ондай жағдайдың шет жағасын қаңтар қасіреті көрсетті емес пе?! Сондықтан да, сонау 19 ғасырдан бері айтылып келе жатқандай, ауылдағы «бас ойыншы» – мемлекет болмаса, ауыл оңбайды.

«БАРЛЫҚ ЖҰМЫРТҚАНЫ БІР СЕБЕТКЕ САЛМАУ КЕРЕК»

Таусылмайтын Жер дауы немен аяқталады деп ойлайсыз ?

Орталықтағы және аймақтардағы билік барлық азаматтың мұң-мұқтажына бірдей қарауға тиіс. Ауыл жағдайын айтқанда көсемсіп көкіп, ауылға қатысы жоқ айғайшы популистер аренаға шықты. Жер мәселесінде дау-дамай тым шектен шығып кетуде. Жүздеген мың гектар жерлері бар латифундистердің айтақтауымен жекелеген саясаткер-сымақтар «Жерді сату керек, пайдаланбаса тартып алу керек» деп, ақыры Президентке дейін жеткізіп, Жерлерді тексеру мораторийін де тоқтатты. Қарсылық жоқ, дұрыс та шығар. Бірақ осы жерде вице-премьер мен министр тисе терекке тимесе бұтаққа деп, жерлерді тартып алу кампаниясын Президент жарлығы шығар-шықпастан бастап кетті. «1 млн. жерді қайтардық, жыл аяғына дейін тағы 5 млн. жерді қайтарамыз, жалғастыра береміз, тоқтамаймыз, облыс, аудан басшылары бізге көмектессін, ешкімді қорғамасын, белсенділік танытсын, шет қалмасын» деп дуылдатып баспасөз конференциясын да өткізіп үлгерді. Оған облыстағы Amanat партиясының «Жер аманаты» комиссиясы шолақ белсенділері ауыл аудандарды аралап, «қызу жұмыстарын» бастап та кетті. Яғни, кампанейщина (науқаншылдық) басталды. Оны естігендер енді ауыл маңындағы жайқалып тұрған «егістікті, тіпті, суармалы жерлерді қайтарыңдар, малымызды бағамыз» деген арандатуға баруда. Әлеуметтік желіге күн сайын шығып шулауды үдетуде. Прессингке шыдамаған ауыл әкімдер қызметтен де кетуде. Бұл күні жекелеген аудандарға әкім табуда үлкен мәселеге айнала бастады. Жүздеген мың гектар жері бар байлармен 4-5 мың гектар жері бар соры қайнап жүрген ауыл адамын еш салыстыруға келмейді. Олай болса, екі түйе соғылғанда арасында шыбын өлетіннің керін келтірмеу керек. Одан да сол ұсақ шаруалар азын-аулақ жерін не себепті игере алмай жүр? Оларға не қолдау керектігін зерттеп, көмектескен дұрыс емес пе?! Шаруалардан игере алмай жатқан 5-10 млн. жерді тартып алды. Одан кейін не болмақ?! Министрдің бұл әрекеті шаруашылықтардан жерді тартып алып, жеке аулаларға бөліп беріп, елдің аузын жабам десе, қателікке апарып соғады. Бұл қатты алаңдатарлық жағдай. Голощекиннің «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» саясатының көшірмесіне айналмаса игі.1928 жылдарғы жаппай малдардың кәмпескесі 32 жылдың аштығына апарды. Ол саясатқа қарсылық білдірген ұлт зиялылары 35-37 жылдары түгел атылды. Енді біздің министрлер жаппай жерлерді тартып алып кәмпеске жасаса, ертеңгі жағдай не болады? Ойланатын мәселе. Жер дауы, жайылым мәселесі тек ауыл басындағы есепсіз мал кесірінен болып отыр, Оны шешудің бірден-бір жолы – «Жеке қосалқы шаруашылықтар туралы» Заңды шұғыл қабылдау.

Ауыл тұрғындарына микрокредиттер берудің тетіктері қандай болуы тиіс? Бүгінгі банк ұсынған және өзге де қолдау шараларындағы талаптарға ауыл тұрғынының шама-шарқы жетпейтіні ежелден айтылып келеді…

− Бұл да айта-айта жауыр мәселе. Ауыл адамдарын қаптаған несие, мемлекеттік қолдау бағдарламалары жынды қылды. Басшы, мамандардың өзі шатысты. Солардың бәрін жойып , несие бойынша – арзан (1-2%), ұзақ мерзімді (10-15 жыл), өнімдік кепілімен беруді шешу сұранып тұр. Мемлекеттік қолдау бойынша 50-60 субсидияны 4-5-ке дейін азайтып, дифференциация жасап төлеу қажет. Басым көмек ұсақ және орта шаруаларға бағытталуы тиіс. Аяғынан тік тұрған ірі шаруашылықтарға бөліп бергенді мейлінше азайтатын күн жетті. Бұл күні тағы да «Агробанк ашу керек» деген мәселе көтеріліп жүр. Ол керек емес, екі рет ашылып, екі рет банкрот болған. Мұндайда коммерциялық «Агропромбанк» пен «Наурыз банктың» тағдырын ұмытпайық. Оның орнына «Бәйтерек» холдингі құрамына берілген бұрынғы «ҚазАгро» даму институттарын әр облыстың өзіне беріп, бюджеттің қырауар қаржысын текке жеп отырған, бүгінде пайдасы жоқ «ӘКК-СПК-лар» ширағаны жөн. Сонда әр облыстың ауыл мен ауыл шаруашылығы туралы жауапкершілігі артады. Сонда өз қотырларын әр облыс өзі қасиды. Облысаралық бәсекелестік күшейеді. «Барлық жұмыртқаны бір себетке салмау керек» принципі іске асады. Президент айтып жүрген билікті орталықсыздандыру (децентрализация власти) принципі орындалады. Барлық деңгейдегі әкімдердің ықпалы, жауапкершілігі, құқығы күшейеді.

− Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге көп рахмет!

Әңгімелескен Қызғалдақ АЙТЖАН.

Басқа материалдар

Back to top button