Жаңалықтар

Бұқар жыры – Ұлт рухы

1985 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан «Ел аузынан» атты жинақта «Бұқар бабаның соңғы өсиеті» атты аңыз әңгіме жария болған. Мұнда қартайып шөгіп, Далба тауының Қорық бөлігінде Тәйкелтір шешенмен біраз қауымды жинап, Асан қайғының тәмсілін тілге тиек етіп, ел мен жер қасиетін, өзінің артық-кем кеткен жері болса ғафу қайран қылуын өтініп, соңғы аманатын өлеңмен білдірген екен.

Ол былай басталады:
Ата-анаңның қадірін балалы
болсаң білерсің,
Ақ тәніңнің қадірін жаралы
болсаң білерсің.
Бостандықтың қадірін жалалы
болсаң білерсің…
(Бұл жыр жолдары Шал ақында да бар. Бірақ өзгешелеу).

Енді жырдың барлық мәтінінен көзі ашық оқырман сезген болар деген оймен тізбелеп отырмын.

Келесі кітап «Сөз тапқанға қолқа жоқ» деген жинақ. («Жазушы» баспасы. 1988 жыл).

Мұнда Абылай ханның Бөгенбай батырдың жүрдек атын бір жерге баруға сұрап алып, қайтармай қойғаны, оған батырдың қапа болғаны жөнінде айтылады. Жырау баба хан мен батырды татулас­тыру үшін мына жырды төккен екен.
Әй, Абылай, Абылай,
Халқын жиып ептесе.
Көтере алмай жүгін
Батпаққа келгенде шөкпесе…
болсын
Хан болсын, қара Қайдан жақсы болады.
Бір-біріне кездесіп,
Болымсыз жайды сылтау ғып,
Араз болып кектесе.

Осы жыр қос оғланды достас­тыруға, өкпесін ұмыттыруға сеп болған екен. Бұқар жырау жырлары сонау кеңес кезінен бері оқулықтарда, әдебиет сүйгіш қауымға етене таныс екені белгілі. Оның бірінші себебі Абылай ханды қатты сынға алуы болса, екіншісі «Орыспенен соғысып, басына мұнша көтерген, Халыққа жаулық сағынба» деген жыр жолдары ма деп топшылаймын. Үнемі ерлік, елдік мақсаттарды арқау еткен толғаулар кеңес кезіндегі саясатшыларға керек болды-ау, шамасы. Әсіресе, ханды сынағаны. Бұл бүгінгі күнде де әр жерде тілге тиек етіліп жүрген тәмсіл болды.

Келесі жазбаны маған Қаби аға Құрманғалиұлы марқұм аманат еткен еді. Ол жыраудың башқұрт ақыны Байық шешенмен айтысы. Оны архивтен тапқан ғалым, өлкетанушы – Серік Жақсыбаев марқұм. «Сонау жылдары Уфа қаласына жолсапармен барып, осындай қазынаға кезігіп, көпке жария еткен-ді. Байық башқұрттың бас ақынының бірі, бес ағайынды болған. Тайып деген інісі бір шонжардың қызымен әмпей-жәмпей болып, қазақ жеріне бой тасалайды. Інісімен бірге Байық та қашады. Өздері әрі-сәрі болып жүргенде Бұқарекеңмен кезігіп, екеуі сөз қағысады.

Естек болдың, бар болдың,
Кең далада зар болдың.
Өзіңе жұмбақ айтайын,
Тапсаң, ұлым етейін,
Таппасаң, құлым етейін…
Бұқарекең қойған жұмбағы «қос ағаш, оның тамыр басы бір қазанға сыймайды, ол нені меңзейді» деген сынайда.
Қос ағашым дегенің –
Кең далада қос ылаш,
(құрт кептіретін өре) Қос
ағаштың қос басы
Тап Алаштың қасқасы
– Бір қазанға қоспасын
Салып бірге қайнатқан.
Тоқалдай күйеу сыйлатқан,
Абылай сұлтан хан екен…
Сөз қағыстың ұзын-ырғасы осы. Алайда, қазақ билері Байықты іздеттіріп, індеткенде, ол еліне тайып тұрады. Бұл сөз қағыстың да жырау өміріндегі алатын орны ерен деп ұққайсыз. Өзінің ұлыларының әрбір жүріп өткен жолы, ғақли сөзі жұрт үшін өнеге, жәдігер.

Дана халқымыздың даналық пәлсапасын кең көлемде толғаған Бұқардай әулиенің ғақли сөздерін талай тәпсірлегенбіз. Бізден бұрын да Ғұлама ғалымдар айтқан. Біздікі – солардың ләмін қайталау емес, өз тарапымыздан жаңа ұстынмен, бояумен әдемілеу. Бұқарды пірім деп соққан жүрекке дауа болар, бірнеше жылдан бері қойын дәптерге қаттаған мына жырларды тізбектейін:

Алдымызда Бөгенбай,
Жолы үлкен аға ғой.
Арғын, қыпшақ елінің
Бағына туған дана ғой.
Бөгенбайды өкшелеп,
Арғыннан шыққан Бұқармын,
Ақындыққа келгенде
Жыраудың көбін ұтармын.
Қ.Мұхаметханов сынды даң­ғайыр ғалымның мақаласынан алынды. (Қай жылы, қай кітап, газет екені есте жоқ) Мұнда Бұқардың Бөгенбайдан жасы кіші екені айтылған. Бұл да даулы мәселе. М.Мағауин «Жұлдыз» журналы 2000 жылғы №10 санында мына өлең-жырды Бұқардікі деп мөрлейді.
Қыста соғым соймаған,
Марқа етіне тоймаған.
Ас қадірін біле ме?
Бөрілі таудан аспаған,
Белдеуге қылыш баспаған,
Ат қадірін біле ме?
Жайлап жерге жатпаған,
Дәмді тағам татпаған,
Жат қадірін біле ме?
Міне, сізге сөз байлығы мен сөз қадірі, ар қадірі. «Егемен Қазақстан» газетінің биылғы жылдың 3 наурыз күнгі санында ғалым С.Негимовтің «Бұқар жырау даналық ғибратнамасы» атты танымдық мақаласы жария болды. Бұл жазбаның ерекшелігі баршаға белгілі «11 тілек» толғауының «Он үш» тілек болып өрілуі. Нұржан Батқарин ақтөбелік зиялы, ғалым Қ.Жұбановтың туысы екен. Кезінде Қаракерей Қабанбай көз жұмғанда Бұқарекең үш жүздің жақсысы мен жайсаңына айтқан өсиетін Нұржан баланың мойнына тұмар етеді. Соқыр өкіметтен қорыққан Қ.Жұбанов мәтінді өртеп ана баланың есіне сақтап, жаттап алғанын қалайды. Ол оқиға солай болған да екен. Бұл толғауды толық бергенді жөн көрдім.

Бірінші тілек тілеңдер,
Бір Аллаға жазбасқа.
Тағы да тілек тілеңдер,
Еш пендеден қарғыс алмасқа!
Үшінші тілек тілеңдер,
Өзіңнен туған ұл мен қыз,
Ағайын, тума, жекжат, жұрағат.
Бауырлас адамдар қисық жолды баспасқа!
Үшінші тілек тілеңдер,
Жастарың жетпей үшкілсіз көйлек кимеске!
Төртінші тілек тілеңдер,
Төрде төсек тартып жатпасқа!
Бесінші тілек тілеңдер,
Жас бала шырылдап,
Жетім қалмасқа!
Алтыншы тілек тілеңдер,
Ағайын, тума, жекжат, жұрағат
Қисық ауыз, қиғаш қабақ болмасқа!
Жетінші тілек тілеңдер,
Желкілдетіп ту алып,
Жер қайысқан қол келіп,
Қырғын соғыс болмасқа!
Сегізінші тілек тілеңдер,
Дінімізден, тілімізден ар-ұят,
Адамгершілігімізден айырылып,
Мәңгүрт болып қалмасқа.
Тоғызыншы тілек тілеңдер,
Еңбектеген бала мен
емпеңдеген қариялар,
Бағусыз далада қалмасқа!
Оныншы тілек тілеңдер.
Оймақ ауыз, қиғаш қас,
Жас жұбайлар бір-бірінен айырылып,
Зарлап жесір қалмасқа!
Он бірінші тілеңдер,
Некесіз бала тумасқа!
Он екінші тілек тілеңдер,
Некеде талақ болмасқа!
Он үшінші тілек тілеңдер,
Сары жамбастар мен сұр бойдақтар болмасқа!

Бұдан көріп тұрғандай 13-тілектің бірінші нұсқадан өзгеше екені. Идеясы бір болғанымен сөз саптасы, құрылым, бунақ, тармақ, т.б. қажетті әдеби көркемдегіш құралдардың кемшін екені көрініп тұр. Меніңше, айтушы не жеткізуші адамның мүкістігі деп ұқтым. Дегенмен, идея белгілі. Сонымен, ұлы жыраудың жырын ту еткен жыр сүйер әлеуметке! Бұқардың осы жырларын қандай да томмен келесі басылымдарға басқызсаңыз. Әлбетте, аңыз әңгімемен коса. Одан ұққанымыз көп болар еді. Менің көптен бері айтпақ болған негізгі ойымның діңі осылайшы өрбіді. Алла қуат берсе, әлі-ақ талай жәдігер жолығар.

Қалиасқар ШЫНЫБЕКТЕГІ,
бұқартанушы, композитор

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button