МәселеРуханият

Қарағандыға «Сәкен оқулары» керек

Өңірімізде жыл сайын облыстық, республикалық деңгейде Бұқар жырау, Қасым Аманжолов, Ақселеу Сейдімбек атындағы оқулар, мүшәйралар ұйымдастырылады. Мұндай шаралардың мақсаты айқын: ұлы тұлғалардың шығармашылығын, өсиет, өнегесін насихаттау, тағылым алу. Бір сөзбен айтқанда – идеологиялық маңызы зор. Өкінішке қарай, Сәкен Сейфуллин тасада қалып қойған секілді. Арқадан түлеп ұшып, қатал заманның дауылынан шайқалған жұртына пана болған биік тау екені даусыз.

Қарағандыда Сәкен оқулары неге жоқ? Көкейімізде – осы сауал.

Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығы Арқада дүркіреп өткен еді. Қарауылтөбеде ақындардың мүшәйрасы өтіп, Жаңаарқаның жұрты 1000 күбіде 10 мың литр қымыз піскен. Бұл Гиннестің рекордтар кітабына енді. Естен кетпес тарихи оқиға. Ел ішіндегі игі жақсының бәрі сол төбеде малдас құрып, сары қымызды сапырып ішіп, бір марқайған. Одан бөлек, Қарағандыда республикалық деңгейде конференция ұйымдастырылды. Сонда қазақтың мүйізі қарағайдай классик қаламгерлері бас қосқан. Бұлардан басқа шаралар баршылық. Содан кейін Қарағандыда Сәкен оқулары өткен жоқ.

Осы тұста жазушы, Сәкен Сейфуллин жөнінде қалам тербеп жүрген Арқаның ақсақалы Өмір Кәріппен пікірлескен едік.

– Біз жабыссақ, кенедей жабысамыз. Бір дүниені қайталай береміз. Мәселен, Қарағандыда Қасым Аманжолов, Бұқар жырау, Ақселеу Сейдімбеков атындағы байқаулар жыл сайын өтеді. Шырақтарым-ау, ақындар үшін бұл тақырыптар жауыр болды ғой. Жыл сайын жаза бергеннен майы шыға ма? Не өнеді? Ал, Сәкен Сейфуллин қайда қалды? Сәкеннің қазаққа сіңірген еңбегі өлшеусіз. Сұңқар Сәкен де өз дәрежесінде дәріптелуі қажет деп ойлаймын. Бабамыз – Арқаға ғана емес, әрі-беріден соң бүтін ұлтқа ортақ тұлға. Басқасы басқа, бірақ, Сәкен елеусіз қалмаса екен.

Меніңше, бір жыл Қасымға, бір жыл Бұқарға, бір жыл Сәкенге арналуы тиіс. Сол кезде ғана ақындарға тақырып көбейеді, – деді Өмекең.

Сәкеннің қайраткерлігі, кешкен тар, тайғақ жолы жас қаламгерлер үшін ашылмаған кендей болары сөзсіз. Оның поэзиядағы суреткерлігі тіпті, бөлек әңгіме. «Далада» деген өлеңіне қараңызшы.
Жүген, құрық тимеген
­­­­­Жасынан ноқта кимеген,
Алты жасар асауды,
Ұстап міндім далада.
Ақырды асау –
Жаңғырды дала.
Тулады, орғыды асау –
Дүбірлеп күңіренді дала,
Қиырсыз дала…
Орғыды асау айнала –
Дүбірледі айдала.
Алысып асау осқырды –
Жал-құйрығы желмен ысқырды,
Жүйткіп, зымырап құлашын керді асау… Бұл – Сәкен ақынның шоқтығы биік өлеңі. Мұнда «туғалы қапас көрмеген» қазақтың азат рухы жатыр. Жартасқа соғылған тұлпар тұяғының дүбірі бар. Арманға толған көкіректен шыққан дауыс­тың жаңғырығы сіңген. Бостандық хақында бір ауыз сөз айтуға болмайтын қысылтаяң уақытта ер Сәкен тұсаудағы ұлтының шер-шеменін осы өлеңімен жеткізгендей. Ал, Мағжан мен Сәкендей лириктердің жалғасы, қазақ поэзиясының жаңа дәуірін бастаған Қасым Аманжолов «Қаның жұққан орамал, Сонда бізге ту болар» дейді. Қан-қасап, қырғын жасаған Совет үкіметінің ащы шындығын «Орамал» деген лирикалық өлеңіне сиғызып жіберген. «Далада» деген өлеңнің де ұғынған адамға осындай салмағы бар.
Танаулары шелектей,
Ырсылдап демі көріктей,
Көздері оттай, өріктей.
Өрге қарай орғыса,
Өр не қылмақ асауға?
Жел не қылмақ асауға?
Осы жолдарда қазақтың асау мінезі бұлқынып жатқандай.
Дүниенің құлдық
шынжырын қиратып,
Әділдік, теңдік іздеген,
Тұрмыстың таршылық
зынданын бұзып,
Еркіндік, кеңдік іздеген,
Көкіректері жанып бақыт
іздеген, жастар,
Сендерге арналады бұл әндер… «Далада» – жастарға арналған арнау өлең. Сұңқар ақын қуатты өлеңмен ұлт болашағының иесі жас өреннің кеудесіндегі мінезді сілкіп оятқысы келетіндей. «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес – мінезден» (Ә.Бөкейхан). Осы туынды әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ.
Халқына қызмет қылам деген қайраткерге – жүрген жолы, қалам ұстаймын деген жасқа – мұрасы жағылған шырақтай. Сол себепті де, Сәкен Сейфуллиннің дәріптелуі жанданғаны жөн деп ойлаймыз.

Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button