Әнге айналған ғұмыр
2019 жыл – Қазақстанның Өзбекстандағы жылы деп белгіленген. Осыған орай, ғасырлар бойы екі ел арасындағы үзілмей келе жатқан мәдени, әдеби, рухани байланысты одан әрі нығайта түсу мақсатында Теміртаудағы Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығында өзбекстандық ақын, әнші-композитор Календар Бисенбаевтың шығармашылығына арналған «Ән-Ғұмыр» атты әдеби-сазды кеші өтті. Шараның ұйымдастырылуына Теміртау қалалық мәдениет сарайы бос уақытты мәдени ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, белгілі ақын Руза Алдашева ұйытқы болды.
Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев Қазақстан жылының салтанатты ашылу рәсімінде: «…Біз былтыр Қазақстандағы Өзбекстан жылын, ал биыл Өзбекстандағы Қазақстан жылын өткізу туралы Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы, менің ағам құрметті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017 жылдың қыркүйегінде біздің елге жасаған мемлекеттік сапары барысында уағдаласқан едік», – деген еді.
Тамды, Тауелібай жері – тарихы терең, дарындарға бай өлке. Өмірзақ Қожамұратов – жыр әлемінің жарық жұлдызы болса, ән әлемінің айнабұлағы – Календер Бисенбаев. Бұл аймақта қалың қазақ әлі де қоныстанып отыр. Атақты Шәмшінің осында келіп, «Тамды аруы» деген атақты әнін жазғанын білеміз. Сол Тамды аруы бүгінде бір әулеттің анасы.
Календар Бисенбаев – шоқтығы биік өнер иесі, ақын, айтыскер, әнші-композитор. Көпжылдық тәжірибесі бар, бірнеше буын шәкірт тәрбиелеген ұлағатты ұстаз. Бала жырау атанған Сыр сүлейі былтыр 150 жылдығы тойланған Тұрымбет Салқынбайұлының жиені. Tопырағына тартып туған дарынның Тамдыға деген махаббаты шексіз болыпты. Оны жыр болып өрілген, ән болып төгілген шығармаларынан байқадық. Сонымен қатар, әртүрлі халық әніне, жастайынан қанық болып өскен екен. Орыстың 300-ден аса әнін мондалинасымен нақышына келтіріп, татардың әндерін де әдемі орындайтынын көзін көргендер жыр ғып айтады.
Кеш өз бабымен, қызықты өрбіді. К.Бисенбаевтың өмірі мен шығармашылығы туралы бейне- фильм көрсетілді. Көзі тірісінде сазгерге қамқорлық танытып, шығармашылығын насихаттаған Абдулла Мірәшімов жүрекжарды құттықтау сөзін айтты. Композитордың шәкірті, Тауелібайдың жезтаңдай әншісі Бағила Мұратова.
Өмірзақ ақынның сөзіне жазылған «Тамдыбұлақ» әні мен «Әншім-ай» әнін, «Туған жер – Үшқұдығым» әнін Бұхар Ходжаев пен Қостанайдан арнайы келген Марат Тұрғанбаев, «Қа- зақстаным» әнін Қанат Өтегенов орындады. Кеш барысында композитордың көптеген әндері әуелете шырқалып, Руза Алдашева, Полатбек Жанбаев, Нұрғали Қарабековтер арнау жырларын оқыды.
Айтулы шарада Календар Бисенбаевтың «Ән-ғұмыр» атты кітабының тұсауы кесіліп, жалпақ жұртқа жол тарты. Теміртаудағы жерлестері мен бауырларының жанашырлығымен дүниеге келген туындының өз оқырманын табары хақ.
Атасының өлеңдерін Жалғас, Айзере есімді немерелері және Бексұлтан есімді балақай оқып, елдің ықыласына бөленді.
Қазақ қызды «қонақ» деп төрге шығарып, құрметтеген. Календар аға да Тауелібайдың үш қызын аялап, әнші Бағилаға, қайраткер Надеждаға және ақын Рузаға ән арнапты. Руза ақынмен шығармашылық байланыста болып, хат та алысқан. Бірнеше өлеңдеріне ән жазған. Солардың бірі «Руза қыз» әні де кешке жиналғандардың жүрегіне жол тапты. Жоғары деңгейде өткен кеш көпшілікке ой салып, рухани азық сыйлағаны сөзсіз. Осындай қалың іздеушісі барда Каландер Бисенбаевтың шоқтығы биік туындылары Алаш аспанында әуелей бермек!
Жәлел ШАЛҚАР.
ТЕМІРТАУ қаласы.