ҚарағандыТарих

Нұрмақов орталығын ашу ұсынылды

Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы ZOOM форматында Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған дөңгелек үстел өткізді. Айтулы шара Ассамблеяның «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» – «Память во имя будущего» атты халықаралық мәдени жобасы аясында өтті.

Өткен ғасырдың 30-50-ші жылдары Қазақстан Кеңес одағының әр түкпірінен жер аударылған халықтар үшін ортақ үйге айналды. Күштеп қоныс аудару кезең-кезеңімен жүзеге асырылды. Жарты миллионға жуық адам республиканың 12 өңіріне қоныстандырылды. Сол этнос өкілдері бүгінде Қазақстанның біртұтас халқына айналды.

– Бұл күн еліміз үшін ерекше мәнге ие. Қарағанды облысы – жер аударылып, қуғын-сүргінге ұшыраған сан мыңдаған адамға пана болған қасиетті өлке. Тоталитарлық зорлықзомбылықтың бет қаратпас от-жалыны әр шаңырақты шарпыды. Бұл күн жыл сайын басымызды біріктіреді. Сол зобалаң жылдарды бастан өткерген аға буын өкілдерінің ұрпақтары, тарихтың қайғылы оқиғаларын естен шығармауы тиіс. Болашақта мұндай жағдайдың қайталанбауына атсалысып, ол туралы жастардың біліп өсуіне үлес қосуымыз қажет, – деді сөйлеген сөзінде облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан Құсайын.

1997 жыл Жалпыұлттық келісім және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы болып жарияланып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 31 мамырды Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні деп Жарлық шығарды. 2011 жылы Жарлыққа толықтырулар енгізіліп, 31 мамыр қазақстандықтар үшін Саяси қуғынсүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні болып белгіленді.

– ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұрлан Дулатбековтің басшылығымен «Болашақ» академиясы ұзақ уақыт бойы саяси қуғын-сүргін фактілерін зерттеу бойынша ауқымды жұмыстар атқаруда. Бүгінде Академия ғалымдары зерттеу сипатындағы 3 тілде 40-тан астам кітап шығарды, – деді шараның модераторы, «Болашақ» академиясының бірінші проректоры Гүлнара Рысмағамбетова.

Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми-сараптамалық кеңесінің мүшесі Қазбек Майлыбайұлы сол жылдарда қазақтың ана тілі мен мәдениетіне төнген қауіп салдарына тоқталды.

– «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» жобасы – әлемде болып жатқан үдерістерді тереңнен қайта зерделеудің және Қазақстандағы орасан зор дүниетанымдық идеологиялық жұмыстардың бір бөлігі, – деді ол.

Жаппай саяси қуғын-сүргін жылдарында халқына риясыз қызмет еткен Әлихан Бөкейхан, Сәкен Сейфуллин, Абдолла Асылбеков, Жанайдар Сәдуақасов, Нығмет Нұрмақов сынды басқа да алыптар қуғындалып, жазықсыз зардап шекті. «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Нұрсахан Бейсенбекова Нығмет Нұрмақовтың 125 жылдығы аясында деректі фильмдер мен телехабарлар түсіруді және тұлға туралы кітаптар шығаруды, Достық үйінің жанынан арнайы орталық ашуды ұсынды.

– Қазір қолымызда ол туралы бірде-бір мазмұнды монография жоқ. Бұл – орны толмас олқылық. Елдің ертеңі үшін от кешкен осындай тұлғаларды жастардың біліп өсуіне жағдай жасауымыз керек, – деді ол.

Қатысушылар Нұрсахан Ахметқызының ұсынысын бірауыздан қолдады.

Сонымен қатар, дөңгелек үстел барысында жазушы, қуғын-сүргінге ұшыраған «Алашорда» партиясының мүшесі, «Қазақ» сөзінің шығу тегі туралы» кітабының авторы Ілияс Ахметовтың ұрпағы – Фараби Ахметов, Қарағанды облыстық мемлекеттік мұрағат бөлімінің меңгерушісі Ольга Беркун, «Литуаника» этномәдени бірлестігінің жетекшісі Виталий Тварионас, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Арайлым Мұсағалиева, «Bolashaq» академиясының жалпы білім беру пәндері кафедрасының оқытушысы өлкетанушы Әлия Аупенова өз ойларын ортаға салды.

Қуғын-сүргінге ұшыраған аға буын өкілінің ұрпағы «Вайнах» шешен-ингуш бірлестігі ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сулим Исакиев те өз естеліктерімен бөлісті.

Онлайн-кездесу аясында жер аударылған этностарға арналған тарихи-құжаттамалық көрме көрсетілді.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button