Нұрадағы нұрлы мейрам

       Нұра жұрты таң бозынан қан майданда ерлігімен көзге түскен батырлардың бюсттері мен «Даңқ» монументі орналасқан алаңға жиналды. Салтанатты мерекеге Қазақстандағы Украина Елшілігінің өкілдері Сергей ВОРОНЦОВ пен Андрей УФАНЦЕВ арнайы келіп қатысты.

Бүгінгі бейбіт күннің соқпағын салып кеткен жауынгерлердің қазіргі ұрпағы сол ата-әжелерінің суретін алаңға алып шығып, «Жаужүрек полк» шеруін ұйымдастырды. Аудан орталығының алпысқа тарта мекемелері мен ұйымдарының қызметкерлері Ұлы Жеңіс құрбандары мен жауынгерлеріне тағзым жасап, жұртпен бірге «Мәңгілік алауға» гүл шоқтарын қойды. Жеңіс күнін жақындату жолында жанын қиған жауынгерлер құрметіне бір минуттық үнсіздік жарияланып, аспанға оқ атылды.

Мұнан соң жиналған қауым «Тәуелсіздік» саябағына бет бұрды. Аудан әкімі Ниқанбай Омарханов аудан жұртшылығын мерекемен құттықтады. Нұра ауданының Құрметті азаматы Оралбай Әбдікәрімов құттықтау лебізін жеткізіп, ызғарлы жылдар тарихынан сыр шерткен естелігімен бөлісті. Құттықтау соңы аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары ұйымдастырған театрландырылған концерттік бағдарламаға ұласты.

Театрландырылған бағдарлама 1941 жылдың көктемінен бастау алып, 1945 жылғы Жеңіс көктеміне дейінгі қан жұтқан жылдарды көз алдымыздан өткізді. Тәтті Жеңіс үшін өткен тылдағы ащы күрес пен қан майдандағы жаужүрек жауынгерлер ерлігі әспеттелді.

Сонымен қатар, осы сәтте жиналған көпшілік саябақта аудандық қорғаныс бөлімі ұйымдастырған дала асханасында солдат ботқасының дәмін татты. Аудан кәсіпкерлері мейрамның думанын қыздырып, дәмнің түр-түрін ұсынып, мерекенің шырайын аша түсті.

Аудан әкімі Ниқанбай Иманғалиұлы ауданның ардагерлеріне арнайы мерекелік дастарқан жайып, ерекше құрмет танытты.

Тазагүл ПІШЕНБАЕВА.

НҰРА ауданы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.