Мыс балқымасы молайды
Екінші рудотермиялық пеш жаңғыртылып, қайта қатарға қосылғаннан кейін Жезқазған мыс қорыту зауытының жобалық қуаты екі есеге дейін артты. Жезқазғандық металлургтердің жылына 220 мың тоннаға дейін шақпақ мыс шығаруына мүмкіндік туды.
Жұмыс сапасын жақсарту мақса тында темір-бетон астау (ванна) полимер-бетон түрімен айырбасталды, анод негізін үздіксіз құю мен еңбек өнімділігін арттыру үшін су өткізбейтін құрылғы және салқындатқыш астау орнатылды, металлургиялық агрегаттарды қалыпты температурада ұстау үшін жаңадан тұзды суды құрғататын орын салынды. Өндірістік газды тиімді пайдаланудың да жолы қарастырылды.
Ең бастысы, екінші пеш жаңадан жүздеген адамды жұмыспен қамтама сыз етті. Балқыту цехындағы Рашид Доспанов басқаратын ауысымда еңбек ететін Әділжан Есмұханов, Әбілхайыр Шахман, Владислав Матвиенко – қатарға кейіннен қосылған жас метал лургтер. «Бізді мәрт мамандыққа бау лыған, жөн-жоба сілтеген өндірістік тәлімгерімізді жерге қаратпаймыз» дейді олар бірауыздан. Жастарға жанашыр болып жүрген байырғы балқытушының бірі – Ербұлан Әбдіғалиев. «Жастардың ынта-жігері – ерен» дейді ол риза көңіл мен.
Электр пеші, конвертер және анод телімінен тұратын балқыту цехын қуатты кәсіпорындағы металлургиялық кешеннің өзегі десек, артық айтқандық емес. Ол шихта дайындау цехынан жеткізілген шикізатты өңдеп, жалыны бет қаратпайтын балқымадан анод негізін алып, оны саф алтындай сары мыс айыру үшін электролиздеу цехына жөнелтеді. Ұжымда электр пеші телімінің өндірістік шебері Ы.Дүйсенбаев, шихта тиеуші Т.Спан, электр жабдығын жөндеу шебері В.Карпич, конвертерші М.Омаров, балқытушы А.Қалмекеев, мыс құюшы Б.Елемесов сияқты ондаған өз мамандығының майталмандары еңбек етеді.
Мыс қорыту зауытында бірне ше металлург әулеті бар. Соның бірі – ағайынды Қалмекеевтер. Әулеттің үлкені Тоқсанбай мен Мыңбай еңбек жолын қарашаңырақ Қарсақбайда бастаған. Балқытушы Ақылбекті жоғарыда айттық. Ал, Ғалым – ауысым шебері, Асылбек – конвертерші, Назымбек – мыс құюшы. Ағайынды Қалмекеев тердің жалпы еңбек өтілі екі ғасырдан асып жығылады.
Кәсіби мерекесін лайықты тарту-таралғымен қарсы алған балқыту цехының ұжымы мыс электролиздеу цехын жоғары сапалы анод негізімен ырғақты қамтамасыз етуде.
Әлібек ӘБДІРАШ.
СУРЕТТЕ: ісіне мығым металлург тер.
Суретті түсірген Полина КУЗНЕЦОВА.