Жаңалықтар

МЫС БҰЛАҒЫ ТОЛАСТАМАЙДЫ

      Жезқазған мыс қорыту зауыты – Қазақстан түсті металлургиясы алыптарының бірі саналады. Құрамында штейнге бай кремнийлі мыс концентратын электр қуатымен балқытуға негізделген зауыттың технологиясын кезінде «Гипроцветмет» жобалап, оның құрылысына Кеңес одағының көптеген түсті металға қатысты ғылыми ұйымдары мен кәсіпорындары атсалысқан болатын. Жергілікті кадрлардың көпшілігі күрделі технологияны игеру үшін Норильск, Алмалық,  «Печенганикель» кен-металлургия комбинаты, Пышма мыс-электролит зауыты сияқты бұрынғы КСРО түсті металлургиясының салалас кәсіпорындарында іс-тәжірибе жинақтап, оқып-үйреніп келгені белгілі. Осы мектептің білікті дәстүрлері бүгінге дейін жарасымды жалғасын тауып келеді.

 IMG_3466

Мыс өндірісін алғашқы болып басқарған Игнатий Ли, Төлеген Әбдірахманов, Қайсар Телешев сынды білікті инженерлер қалыптастырған үлкен еңбек ордасы тарих қойнауына кеткен 45 жылдың ішінде игі дәстүрді байыта отырып, қазіргі әлемдік дағдарыстардың қиындықтарына қарсы тұра білуде. Жаңару жағдайларын бастан өткеріп, жаңа талаптарға бейімделіп еңбек етуде. Қазір мыс қорыту зауытын Қазақ ұлттық политехникалық университетінің түлегі, еңбек жолын балқыту цехының электр пешінде балқытушы болып бастап, ауысым шебері, аға шебер, учаске бастығы, бас инженер жолдарынан өткен білікті жас Медет Сұлтанов басқарады. Металлургтер мерекесі қарсаңында директор бізге зауыттың бүгінгі еңбек тынысы мен алдағы межелері жайлы әңгімелеген еді.

Жезқазған тұрғындарының елеулі бөлігін жұмыспен қамтып, қаланың қалыпты тұрмыстық ахуалын туғызып отырған мыс қорыту зауытында бүгінде 1500 адам еңбек етеді. Өндіріс тынысы тарылмай, ырғақты еңбек үрдісі сақталып отыр. Үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығын зауыт ұжымы ойдағыдай көрсеткіштермен қорытындылапты. Атап айтар болсақ, жартыжылдық жоспар қара мыс бойынша 103,6%, катод мысын алу жөнінен 103,8% орындалған. Инженерлердің, орта буын мамандарының ортақ жұмысының нәтижесінде биыл іргелі кәсіпорын жарақатсыз жұмыс істеуге қол жеткізіп отырған көрінеді. Зауыт директоры Медет Сұлтанов атап көрсеткеніндей, қазірде еңбеккерлер жарақатсыз жұмыс істеудің қаншалықты маңызға ие екенін жете түсінген. «Асығыстық абырой әпермейді, жауапкершілік басты орында тұруға тиіс» деп санайды адамдар. Қазірде жылды табысты қорытындылауға толық негіз бар. Жыл межесі — 110 мың тонна таза мыс өндіру.

Уақыт легі жылжыған сайын өндіріс жабдықтары да ескіреді. Заман талабы технологияны жетілдіріп отыруды алға қоятыны белгілі. Осыған орай, «Қазақмыс» корпорациясы технологиялық жабдықтарды жаңарту үшін жыл сайын инвестициялық қаржы бөліп келеді. Соның арқасында биыл балқыту цехының екі конверттерінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, күкірт қышқылы цехының екінші желісіне күрделі жөндеу жасалды. Келесі жылы №2 кен-термикалық пешін күрделі жөндеуден өткізу көзделіп отыр екен. Технологиялық үдеріс барысында газды жинақтап, одан күкірт қышқылын алатын цехта негізінде жабдықтардың басты үш желісі болады. Қоршаған ортаға шығаратын зиянды қалдықтарды азайтып, технологияны жаңғырту мақсатында үстіміздегі жылдың қыркүйек айында күкірт қышқылы цехының 3-ші желісінде күрделі жөндеу жұмыстары басталмақшы. Корпорация оған 6,2 млн. теңге инвестициялық қаржы бөлді. Экологиялық ахуалды ушықтырмай, зиянды қалдықтарды ауаға таратпау жайы да ұдайы назарда. Оның барысына шаң-тозаң мен газды тұту зертханасының мамандары өлшеу жасап, қадағалап отырады. Жабдықтар желісін жөндеп, жаңарту бағытындағы істер де осымен өзектес.

Зауыт директоры біздің сауалымызға орай, гидрометаллургияға қатысты мәселені де түсіндіріп өтті. Кейінгі жылдары құрамы кедей кен өнімдері мен өндіріс қалдықтарынан мыс айыруға негізделген гидрометаллургиялық технология қолға алынғаны белгілі. Оның тәжірибелік учаскесі өткен жылы сынақтан ойдағыдай өткен болатын. Қазір гидрометаллургиялық өңдеудің өнімділігін арттыруға байланысты жаңа жоба жасалуда екен. Медет Қазбекұлы гидрометаллургия алғашқыдай мыс зауытының құзырында емес, жобалаушылардың бөлек құрылым болып шыққанын алға тартып, ол жөнінде көп ештеңе айта қоймады. Алайда, «болашақта гидрометаллургиялық жаңа технологияның өндіріске енгізілетіні анық» – дейді.

Өндіріс озаттарының есімдерін де айта кетуін өтінген едік. Ежелгі дәстүр бойынша Доспанов, Қалмекеев, Әйтенов, Дүйсенбаев, Есқалиев сынды металлургтер әулетін ауызға алған өндіріс басшысы белгіленген жоспар ойдағыдай орындалған соң бригадаларды бөле-жарудың қажеттігі жоқ екенін аңғартты. Кез келген екпінді еңбек үлгісін танытып жүрген жандар. Дегенмен, кейбір озаттардың есімдерін атай кеткен артық болмас. Балқыту цехындағы Қанат Әйтеновтің бригадасы, тазалаушы Талғат Ескеев, шихта күйдіруші Төлеген Салқауов, күкірт қышқылы цехындағы аппаратшы Әбдел Әлменов, электролиз цехының электролизшісі Кенжебек Нұрболаев, энергожабдықтаудағы кешенді қондырғы машинисі Виталий Реутов, жөндеу-механика учаскесіндегі токарь Бүркітбай Оспанов, отқа төзімді кірпіш қалаушы Вячеслав Коньшин сияқты мамандар қатарын  көптеп атауға болады. Осылардың ішінде әке жолын жалғастырушылар да аз емес екен. Мәселен, озат шихта күйдіруші Төлеген Салқауовқа тоқталайықшы. Оның әкесі КСРО-ның Құрметті металлургі, еңбек ардагері Тағанбай Салқауов – өмірінің 45 жылын металлургия цехында өткізген адам. Мыс өндірісіндегі үлкен технологиялық тізбектің бастауында тұратын шихта дайындаудың шебері болған Тәкең биыл 80 жасқа толып отыр. Төлегеннің анасы Күлән да шихта дайындау цехында 36 жыл еңбек етіп, «Құрмет Белгісі» орденін омырауына таққан Ардақты ана. Ал, әкесінің ағасы Смағзұм Салқауов озаттар көшін бастаған атақты аға балқытушы болған-тын. Ол 1974 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланып, облыс ғана емес, бүкіл Қазақстан металлургтерінің мерейін көтерген тарланбоз еді. Мыс қайнатып, от жайнатқан ортада осындай еңбек әулеттерінің ізгі дәстүрлері кеңінен қанат жайған.

Түйіп айтқанда, мыс зауытының ұжымы төл мерекелерін лайықты деңгейде қарсы алып отыр. Болашақта да өндіріс тынысын тарылтпауды көздеп, болашаққа арналған стратегиялық жоспар жасалу үстінде. Онда зауыттағы екі пешті де іске қосу мүмкіндіктері қарастырылған. Қазірде тиісті экономикалық есептері жасалуда.

 

Амандық РАХҰЛЫ.

 

ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.

 

Суреттерде: зауыт директоры М. Сұлтанов;

Шихта дайындау цехындағы бригадир С.Табынов, аға күйдіруші Д.Нысанбаев және учаске бастығының міндетін атқарушы Қ.Бостыбаев бастаған еңбек екпінділері.

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button