Монополистің «мұртын балта шаппайды»
Халыққа қызмет көрсетудің сапасын сөз етсек, ойымызға бірден мемлекеттік мекемелер оралады. Иә, ел көбінесе бір жапырақ қағаз үшін, болмаса өзге де мәселелерімен осынау мекемелерге бас сұғады. Солардың табалдырығын тоздырады.
Барды – бар, жоқты – жоқ деп айту керек. Үкіметтің үнемі назарына іліккен бұл жүйеден қазір көптеген оң өзгерістер көріп жүрміз.
Бірақ, қарайған халық аталған мекемелердің ғана қызметін тұтынбайды. Мәселен, қалалар, аудан орталықтары және кенттердің тұрғындары коммуналдық кәсіпорындардың қызметін пайдалануға мүдделі. Солар ұсынған су, жарық және жылумен күнелтеді.
Ал, осы жүйенің қызмет көрсетуі қаншалықты сапалы және қолжетімді?
Бірден айтайық, коммуналдық саладағы кемшіліктер туралы әңгіме атам заманнан сағызша созылып келе жатқаны жасырын емес. Күздің қара суығында құбырларды «шұқылап», қар түсерде асфальтпен «алысатын». Тіпті, алыстан арбаламай, Қарағандыдағы «Көгілдір тоғандар» ықшам ауданын мысалға алайық. Екі күннің бірінде ауызсу тоқтайды немесе онсыз да қысып беріп отырған «жылуды жөндеу жұмыстарына байланысты бәсеңдетеміз» деген хабарламасын күні кеше ғана жолдапты коммуналдық кәсіпорын. Облыс орталығында осындай жағдай орын алса, шалғайдағы кенттерге не жорық? Қала, аудан әкімдерінің құлағына – алтын сырға.
Негізінен, біздің облыста бұл күні ірілі-ұсақты 27 табиғи монополия субъектісі бар екен. Әрқайсысы шама-шарқынша қызмет көрсетеді. Жұмысының сапасына баға беру – бұқараның еншісінде. Айтпақшы, коммуналдық кәсіпорынның қайсыбірінің жұмысына шағымданғыңыз келсе немесе маман шақырмақ болсаңыз, кеңсесіне баруыңызға тура келеді. Себебі, олардың телефондары «бос емес», қоңырау арқылы байланысу – кәдімгідей қиямет-қайым.
Жоғарыда айтқанымыздай, қалада тұрғасын, коммуналдық кәсіпорындарға қанша кіжінсек те басы бүтін енші бөлісіп ала алмаймыз өзара. Балконда пеш жағып, қазан көтеретін заман емес бұл, себебі. Сонау 90-ыншы жылдардағы құлдырау кезеңіндегідей. Бірақ, монополистке күнім түсті екен деп, тілін тістеп отыру шарт емес бұқараға. Қызметін тұтынса, тиісті қаражатын төлейді емес пе?
Әмбеге аян, ай сайын коммуналдық төлемдердің қағазы талай табалдырықты аттайды. Онда ауызсу, ыстық су, жылу, жарық және тұрмыстық қатты қалдықтарды тасымалдауға есептелген шығынның құны көрсетіледі. Әркім аузынан жырып, алдымен, соны төлеуге тырысады. Заңдылық, әрине.
Коммуналдық төлемдерді жүргізудің жолын тұрғындар өзі таңдайды. Интернеттен хабары бардың негізгі дені электронды нұсқаны пайдаланады екен. Олардың кейбірі өздеріне қызмет көрсететін коммуналдық кәсіпорындардың есігі қайсысы, тесігі қайсысы екенін де білмейді. Яғни, екінші деңгейлі банк картасы немесе түрлі терминалдар арқылы коммуналдық төлемдерін жүзеге асырады. Уақытты үнемдеудің бірден-бір жолы – осы. Бұған қоса, ешбір комиссиялық төлем төлеуге міндетті емессіз. Дегенмен әсіресе, егде жастағы адамдар коммуналдық кәсіпорындардың кассалары арқылы төлем жасайды. Бірі – электронды нұсқаның тілін түсінбесе, бірі келмеске кеткен дәуірдің қасаң қағидасымен жүруге ниетті.
Осы тұста туындайтын сұрақ – мынау. Коммуналдық төлемдерді төлеудің екінші жолын таңдағандарға қызмет көрсету сапасы қандай? Кассалардағы ұзын сонар кезекті реттеу, мүмкіндігі шектеулі жандардың жүріп-тұруына арналған пандустар орнату – коммуналдық мекемелердегі әлі де болса шешімін таппаған проблемелардың бірі. Бұған осы кәсіпорындар кеңселеріндегі тұтынушылар үшін жасалуы тиіс қолайлы жағдайлардың – күту залдарына жөндеу жұмыстарының жүргізілмеуін қосыңыз. Және де, мысалға, кезек күтіп отырған адамға пайдалы кеңес беретін түрлі ақпарат тақталарын, экрандарды іске қосса, нұр үстіне нұр емес пе?! Мұндай тәжірибені елордалық коммуналдық кәсіпорынның бірі сәтті жүзеге асырып та үлгерген. «Құда да тыныш, құдағи да тыныш» дегендей, тұтынушылар дән риза. Коммуналдық кәсіпорынның да беті ашық, жүзі жарқын.
Төлемдерді жинауда алдына жан салмайтын біздің облыстағы коммуналдық кәсіпорындар осы мәселені бір мезет ойланса игі. Одан монополистің «мұртын балта шаппасы» анық.
Қуаныш АМАНҚҰЛОВ