Мирлан ҚЫЗЫЛОВ: «Полиция даңқын асыратын идеология ақсап тұр»

Құқығымыз тапталса, әлде біреуден жәбір көрсек, пана іздейтініміз – полиция. Әншейінде сынап-мінейміз. Бірақ, бұл сала қызметкерлері «солай екен» деп, өкпелеп, тонын отқа жаққан жоқ. Бейбіт күнде ерлік жасап жатқандары да бар. Оған тағы ақы сұрағанын да естіген емеспіз. Әсілінде, әділдіктің ақ туын желбіретіп, ақиқаттың салтанат құруының бастауында – ішкі істер органдары қызметкерлері бар, біле-білсек. Біз бүгін осынау қиын да күрделі, жауапты қызметтегі, сөйте тұра, бұқарадан алар алғысы сирек, полицияның беделі жөнінде сөз етпекпіз. Бұл туралы генерал-майор Мирлан ҚЫЗЫЛОВПЕН сұхбат құрған едік…

«Жоғары шен – офицердің погонына берілген сый емес»

Генерал-майор мырза, мерекеңізбен! Бұйрық талқыланбайтын, нақты орындалатын ішкі істер органында 34 жыл қызмет етіпсіз. Сондықтан, бүгінгі полиция офицері «Мынадай болуы тиіс!» деп кесіп-пішіп айтуға хақыңыз бар. Кейінгі жылдары полиция беделі туралы жиі сөз қозғап жүрсіз. Ендеше, сұрақты тура содан басталық. Бүгінде, айтыңызшы, полициямыздың айбарлы, айбаттылығы үшін қайткен жөн?

Ең алдымен, мынаны есте сақтағаны жөн. Полиция оңай қызмет емес. Құқық қорғау қызметі – ең қиын мамандықтың бірі. Көбіне, қызметкер өміріне қауіп төну арқылы атқарылатын қызмет. Әрине, осы жылдар аралығында нысандық киім, қызмет атаулары, кейбір функциялары өзгерді. Бірақ, негізгі міндеттері өзгеріссіз қала береді. Сол қызметті ыстық жүрекпен, саналы мінезқұлықпен және таза қолмен атқаратын қызметкерлердің көптеп табылуы – аса маңызды.

Біз бұл іске бар жан-тәнімізді салдық. Адам бар болмыс-бітімімен қызметіне берілгенде ғана нәтиже шығады. Олай етпейінше, ештеңе өнбейді. Осы 34 жылда өзіме жүктелген міндетке мен уақытша емес, сол істің тұрақты адамы, ең бастысы, азамат ретінде қарадым.

Полицияның көп бөлігі – офицерлер. Ендеше, офицер қандай болуы керек? Мәселе – осында. Арын жанының садағасына балайтын намысшыл адам полиция атануы керек. Әр офицер адамгершіліктен аттап кетпейтін, өз абыройын полиция абыройы деп білетін, ар мен ұятты, ожданның қадірін пайымдай алатын, ынсап пен ындынның айырмасын білетін зерделі болуы – шарт.

Офицердің жоғары шені – офицердің погонына берілген сый емес. Офицер оны лайықты қызметімен және асқан мәртебемен ұстануы тиіс.

Ел Тәуелсіздігін алғанда алғашқы құрылған құқықтық құрылымның бірі – полиция. Содан бері – реформадан реформа. Сол реформалардың қайсысы полицияның «бағын» ашты, қайсысы желге ұшты?

Биыл жыл соңында ішкі істер органдарын жаңғырту арналған жол картасы өз мәресіне жетеді. Карта аясында ІІО штаттық саны қысқартылды. Еңбекақы біршама өсті, полицияға тән емес функциялар алынып тасталды және тағысын-тағылар. Оның ішіндегі, мен үшін өзектісі – кадрларды іріктеу, даярлау және ведомствалық білімді жаңғырту дер едім.

Қызмет істеген кездерімде халықаралық ынтымақтастықты дамыту үшін АҚШ, Түркия, Сауд Арабиясы, Бахрейн, Малайзия, Оңтүстік Корея мемлекеттерінің полиция академияларына бардым. Сонда кәсіби полицейлік білім беру жүйесі өздерінің оқу орындарынан кез келген дәрежедегі полиция маманын дайындап шығаруды мақсат тұтатындығын байқадым. Дамыған елдерде оқу орындарының материалдық-техникалық базасы өте сапалы және жоғары. Ал, біздің арнаулы оқу орындары материалдық-техникалық, қаржылық, ақпараттық-технологиялық қамтамасыз ету мәселелерінің шешімін күтіп тұр. Қай елде қандай үздік техника мен технология бар? Дәл сондай бізде де болуы тиіс. ХХІ ғасырда өмір сүріп отырмыз. Заманауи құрал, материалдық-техникалық база кемшін болса, не істей аламыз?

«Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі 2019-2021 жылдарға арналған жол картасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 27 желтоқсандағы № 897 қаулысының 3-тарауының 17-тармақшасында «ІІМ оқу орындарын 5 заманауи полиция академиясы етіп қайта құру арқылы оңтайландыру» атап айтылады. Мұндағы «Қаржыландыру көзі және болжанатын шығыстар (млн. теңге)» бөлігінде қаражат «талап етілмейді» деу неге саяды? Ол – біліксіздік. Кім жауап береді? Кадрдың қадірі кеткені емей немене? Мұндайда полицияның абырой-мәртебесін қалай көтермекпіз?! «Мемлекеттегі арзан полиция қоғамға қымбат түседі» деген бұрыннан белгілі қағидатты дамыған елдер қатаң ұстанады.

ІІМ жоғары оқу орындарында бакалавриат бағдарламасы бойынша мемлекеттік тапсырыстың санын азайту арқылы оңтайландыруды шалалыққа ұрындыратын, кешірілмейтін қателік деп санаймын.

«4-5 айда полиция шығару мүмкін емес»

Қазір сізді алаңдатқан мәселе не?

Мен еліміздің болашақ полицейінің тұлғасына алаңмын. Адамның тәнін емдейтін дәрігер-маманды 9 жыл дайындаймыз. Қоғамның дертін емдейтін, құқық бұзушылықтарға құқықтық баға беретін маманды 4-5 айда ағаштан мүсін жасағандай қырнап шығаруымыз неге әкеп соғар екен? Қазақ КСР Ішкі істер министрі Шырақбек Қабылбаев ведомстволық білім жүйесін құрып, милиция қызметкерлерінің кәсіби жоғары білім алуына тер төккен. 1956 жылдан бастап Алматы, Қарағанды, Қостанай, Теміртау, Шымкент, Семей қалаларында оқу орындарын ашты. Сонда жарықтық «Енді біздің милиция қызметкерлері нағыз кәсіби маман болады» деп мақтанышпен жазды. Ендігі жағдай мынау!

Иә, заң немесе басқа да факультеттерде заңтану, құқық қорғау мамандығы бар. Әйткенмен, ол азаматтық-құқықтық қатынастарды ғана қарастырады. Ішкі істер саласының жұмысына арнайы бағытталмаған. Ал, ведомстволық жоғары оқу орындарының оқу аудиториялары біздің қызметке бейімделген. Міне, айырмашылық қайда жатыр?! Азаматтық оқу орындарында қару атуды, денешынықтыру, спорт дайындығын, әскери дайындықты біздің ведомстволық оқу орындарындағы дәрежеде өтпейді ғой. Соның барлығын болашақ полицей айналдырған 4-5 айда меңгеріп шығады дегенге менің көзім жетпейді. – Бір кездегі милициядан бүгінгі полицияның айтарлықтай айырмасы бар ма? Аты өзгергенімен, заты сол күйі деп біледі былайғы жұрт… – Милиция өз қызметінде құқық бұзушылықтың жолын кесу, ашу, ұстаумен айналысса, Қазақстанның ішкі істер органдарының құқық бұзушылықтар профилактикасын жүзеге асыруы заңымызбен айқындалған. Яғни, енді әңгімелесу, алдын алу немесе ескерту жұмыстарын атқаруға басымдық берілуі қажет. Ал, қазір көптеген қызметкерлеріміздің оны түсінбейтінін БАҚ-тан көруге болады. Осындай келеңсіздіктер орын алмасы үшін тағы да қайталап айтамын, полиция қызметкерлеріне рухани-адамгершіліктік, мәдени және патриоттық тәрбие үздіксіз берілуі керек.

«Халық арасындағы сенімсіздік білімсіздіктен орын алды»

Қараша халық арасында көбіне полицияға деген сенімсіздік неге орын алды? Мұндай теріс көзқарастарды жеңудің жолы не, сіздіңше?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа Жолдауында: «Жұртқа жақын полиция» қағидаты бойынша жергілікті полиция қызметінің мейлінше тұтас реформасын жасау қажеттігі пісіп-жетілді. Осыған орай, учаскелік инспектордың рөліне баса мән берілетін болады. Учаскелік инспектордың мәртебесін заңнама арқылы арттырып, оның өнімді жұмыс істеуіне мол мүмкіндік берген жөн. Ол азаматтар алдында танымал, қолжетімді әрі беделді болуға, солардың құқықтарын қорғауға тиіс», – деп атап өткен еді. Яғни, халықпен өте жақын араласатын полиция өкілі – учаскелік инспектор.

Ал, ІІМ Қостанай, Қарағанды, Алматы және Ақтөбе арнаулы оқу орындары ПУИ-полицияның учаскелік инспекторын дайындауды тоқтатты. Оның келешекте қандай салдарға әкеп соғатынан жоғарыда атадым. Көрші, РФ ІІМ Барнаул заң институты «полицияның учаскелік уәкілі қызметі» мамандығы бойынша мамандарды 5 жыл дайындайтынына қандай уәж келтіреміз.

Халық арасында полицияға деген сенімсіздік оның білімсіздігінен орын алды. Мұндай жағымсыз көзқарастарды жеңудің жолы – полиция қызметкерін жоғары кәсіби біліммен қаруландыру.

Полициямыз даңқты болуы үшін қандай қадам жасауы тиіс мемлекет?

Полиция азаматты құқықбұзушылық жасауға итермелеген себептер мен жағдайларын анықтай отырып, ол қоғамды құқықбұзушылық инфекциясынан арылтып, «ДӘРІГЕР» ретінде әрекет етеді. Заңның өкілі бола отырып, адамдарды заңды құрметтеуге және сақтауға «үйретеді, оқытады». Полиция қызметкері қажет жағдайларда, қоғамдық тәртіпті бұзған азаматтарды, кінәнің дәрежесі мен жазалау шаралары туралы заңнама негізінде шешім шығаратын сот ретінде әрекет етеді. Сондықтан, қоғам мен мемлекет барлық уақытта да заңға қызмет етушілердің рухани-адамгершілік сипатына жоғары талап қоятынын естен шығармауымыз қажет. Осыған орай мен оқу-тәрбие ісінде «алдымен – адам, сосын – маман» деген ұстанымды алға тартамын. Бұл – полицейдің алдымен адамгершілік тұлғасын қалыптастырып, соның негізінде оның бойында елге, жерге, мемлекетке деген патриоттық сезімді тәрбиелеуге талпынысты көздеген ой.

Қазір полицияның даңқын арттыратын идеологиямыз ақсап-ақ тұр. Қызметкерлеріміздің рухани-адамгершілік мәдениетін күшейту – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Құқықтық тәртіп сақшыларының ерліктері мен асыл іс-әрекеттері туралы жинақтар топтамасын, көркем фильмдер және музыкалық және поэтикалық шығармалар шығаруды қолға алу керек. Солар арқылы үлкен аудиторияға полиция қызметкерінің жоғары азаматтық, батылдық бейнесін жеткізу – міндет. Нақты бір факт арқылы полиция қызметінің әлеуметтік маңызды қажеттілігін мәдениет арқылы да қалыптастыру «жұртқа жақын полиция» қағидатының өміршеңдігін ұзартары сөзсіз. Яғни, жазушылар, ақындар, журналистер, суретшілер және кинематографистермен кездесулер ұйымдастырып, полицияның беделін арттыру жолдарын іздестіру керек. Мысалы, полиция қызметкерлері туралы әр фильм тек детективтік оқиға емес. Бірінші кезекте миллиондаған көрермендерді тәрбиелеуге, құқықтық білімді тиімді насихаттауға, полиция қызметкерлерінің мамандықтарын насихаттауға идеялық-көркемдік үлес екенін ұмытпаған жөн.

«Генералдың баласы» генерал болуға міндетті емес

«Генералдың баласы генерал болады» дейді елдің жатыпатарлары. Сіздің балаңыз ше? Генерал болғысы келмей ме?

«Генералдың баласы генерал болады» дейтіндерге айтарым, ондай мақсат қойып, ұлымның міндетті түрде «генерал» болуына байлам жасамаймын. Арман жетегіндегі баланың алдындағы әкелік жолымды өзінше түсініп, қорытынды жасап, мені «үлгі тұтамын!» дегені – мен үшін үлкен мақтаныш.

Менің жетістігім – менің балаларым! Алды лайықты білім алды. Ұлым Абылай мектеп оқушысы. Балалар қоғамның белсенді мүшесі, еліміздің құрметке лайықты азаматтары болып өссе деймін. Бар арманым – осы!

Полицияның көкейкесті мәселелерін ашық айтқан сұхбатыңыз үшін рахмет!

Басылым арқылы барша полиция қызметкерлеріне айтарым бар.

Құрметті полиция қызметкерлері! Сіздердің жеке жауапкершіліктеріңіз абсолютті болуы қажет. Жұмысты жақсы істеудің бір ғана тәсілі бар – ол жауапкершілікті екі есе арттыру. Мемлекет пен қоғам сіздерден біздің ұлы Отанымыз – Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделеріне нағыз перзенттік адалдықты күтуге құқылы. Бұл зор үмітті ақтаңыздар!

Сұхбаттасқан Қызғалдақ АЙТЖАН.