Руханият

Мінезді түйін, мінсіз ой

Ақын Жәнібек Әлиманның баспадан жаңа шыққан «Жұлдызымның жорығы» атты жыр жинағы қолымызға тиді. Алғашқы «Серт» кітабымен де жақсы таныспыз. Сондағы отты өлеңдері де бар, кейінгі жазған жаңа жырларымен де толықтырылып, топтастырылыпты. Демек, өлеңсүйер қауым үшін жаңа жинақта жаңалық бар.

Әуелі талантты ақынның жаңа жинағы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Жаңа қазақ әдебиеті» сериясымен жарық көргенін атап өтелік.

Сөзіміздің басындағы отты өлеңдері деп қалғанымызды былай жалғалық. Біз білетін Жәнібек – асау ауыздықтаған, көкпар тартқан жігіт. Сол тарпаң мінезі өлеңдерінде де өткір сезіледі. «Бөрі ұлиды», «Мен түрік едім», «Серт» секілді өлеңдерінде өр руһ бар.

Онымен қоса, лирикаға да бай. Жылт еткен сезім де, үлп еткен үміт те, кілт еткен көңіл кірбіңі де, сылқ еткен сәт те, бәрі-бәрі бар.

Жәнібек қолына қаламын өлең жазамын деп алмайды. Әуелі, қыбырлаған жәндікке құлағын түреді. Оның ызыңдаған дыбысынан әуен, яғни ерекшелік сезінеді. Айналасындағы құбылыс атаулыға құмарта зер салып, тіршіліктен тірнек іздеген тірі қозғалыстың тілін ұғатын сергек сезім бар Жәнібекте. Оның мұндай қасиетін қасында жүргеннен бері жақсы білеміз.

Мәселен, Қарағанды вокзалының алдында ұлы Қанышқа арналған ескерткіш тұр. Былай қарасаңыз, елге келгендерді қарсы алып тұр деп біз ой түйеміз, иә. Ал, Жәнібек оны былай сөйлетеді.

«Қарағанды,
Вокзал алды абат гүл,
Азан-қазан бай мен кедей, жалақ құл.
Қаныш көкем қара жұрттан қара үзіп
Күншығысқа қарап тұр…».

Байқағаным, ақын өлеңінің алғашқы шумағында-ақ ойын дүрсе қояды. Сөйтсек, айтқысы келгені мынау: «Қазақ, мысың қайда?» деп тұр тістеніп…

«Жыр тілінде кісінеген құлын қырат,
Түлкі іңірге тұтылды күнім құлап,
Кеше жазып жұбанған жібек көңіл,
Тағы мазам болмады бүгін бірақ…»

Осы бір өлеңнің төрт жолында-ақ сезім иірімдері шебер суреттеледі. Ұйқасы да шымыр, ойы да «ойнап» тұр, қысқасы құйылып түсе береді, түсе береді.

Жәнібектің біз білетін тағы бір мінезі – талғампаздығы бар. Бұл жинағына да әбден таңдамалы өлеңдерін топтастырған. Мақсаты мынау: оқырманға ой салсын.
Жаңа кітапқа жазған алғысөзінде белгілі ақын Дәурен Берікқажыұлы ойын былай түйіндейді:

«Отызға енді шыққан Жәнібекте шаң басқан жадыңды дүр сілкінтіп жіберетін этнографиялық өлең де, «мынау қайтеді, ей» деп еріксіз бас шайқататын табиғат лирикалары да жетіп-артылады. Біздің мақсат – солардың бәрін жеке-жеке талдап, Жәнібекті «өткізу» емес, көлгір кеңістікте мөлдір жүрекпен өлең жазып жүрген оғланға көңіліміздің ілтипатын жеткізу ғана…».

Жәнібектің жан сарайын жазбай таныған Дәурен ақыннан асырып не айта алмақпыз? «Жұлдызымның жорығы» атты кітап иесінің жұлдызы жоғарыдан жансын демекпіз.

Жас қаламгер үнемі «Менің қаламымды қалыптас­тырған ол – қарашаңырақ «Орталық Қазақстан» газеті. Осында жүріп, өлең де жаздық, публицистикалық мақалаларға да қалам сілтедік», – деп айтып жүреді. Олай болса, жаңа кітап «Орталықтың» оқырмандары үшін де олжа.

Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button