Руханият

Мағауин мұрасындағы мәдени код

Жазушы ғұмыры шығармасымен мәңгі. Шаһқар жазу үлгісінің  оқырман жүрегінде жаңғырып,  ұрпақ танымындағы темірқазыққа айналуы – әдебиеттің өміршеңдігінің шынайы нышаны дейтіндейміз. Қазақ сөз өнерінде өшпес қолтаңбасын қалдырған Қазақстанның Халық жазушысы Мұхтар Мағауиннің бай мұрасы ел жүрегінен алыстамайды. М.Әуезов атындағы орталық қалалық кітапханада өткен «Мәдениет коды: Мағауин» атты әдеби-интеллектуалдық байқау Мұхтар Мағауин мұрасын жас буын зердесіне тереңірек сіңіруге арналды. Зияткерлік сайысқа өңір колледждерінің студенттері қатысып, білімдері мен әдеби пайымдарын ортаға салды.

Суреттерді түсірген автор

Шараның түпкі төркіні жастарды кітап әлеміне жақындатып, сөз өнерінің құдіретін сезіндірумен сабақтасты. Ұйымдастырушылар тарабы М.Мағауиннің бай әдеби әрі ғылыми мұрасын жас ұрпаққа кеңінен таныстырып, ұлттық әдебиет пен мәдени құндылықтарға деген қызығушылығын арттыруды көздеді. Сондай-ақ, студенттердің шығармашылық қарымын байқап, ізденісіне серпін беруді мақсат тұтты. Білім бәйгесінде Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжі, Қарағанды жоғары политехникалық колледжі, Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжі, «Bolashaq» жоғары колледжі мен Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжінің студенттері бас қосты.

Зияткерлік сайыс мазмұны мен құрылымы жағынан бес кезеңге бөлінді. «Мағауинді танисыз ба?», «Шығарма ізімен», «Бір шығарма – бес көзқарас», «Мәдениет коды» және «Майдан» деп аталған кезеңдердің әрқайсысы қатысушыларға қаламгер әлемін әр қырынан тануға жол ашты. Студенттер жазушының өмірі мен шығармашылығына қатысты сауалдарға жауап беріп, автор туындыларынан ұсынылған үзінділерді һақында сөз етті. Сонымен бірге, «Шақан-Шері» туындысын талдап, ондағы көркемдік ой мен ұлттық құндылықтар сабақтастығына үңілді.

Қазылар алқасының құрамында ғалым, Қазақстан оқу ағарту саласының үздігі, ұлағатты ұстаз,  Ғазиза Смағұлова, Е.Бөкетов атындағы Ұлттық зерттеу университетінің оқытушысы, қарымды қаламгер Әлімжан Жақан болды. Зияткерлік додада білімін қару, танымын тұғыр еткен командалар өзара сынға түсті.

Әр кезеңде білім тереңдігі мен ой ұшқырлығын, тапқырлық пен талғамды қатар танытқан қатысушылар арасынан Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінің «Кемеңгер» тобы суырылып шығып, бас жүлдеге лайық деп танылды. ІІ орын Қарағанды «Bolashaq» жоғары колледжінің «Ғасырлар үні» тобына бұйырса, ІІІ орынды Абай Құнанбаев атындағы Саран гуманитарлық-техникалық колледжінің «Сарыарқа жастары» тобы иеленді. Бұған қоса Қарағанды жоғары политехникалық колледжінің «Жас қыран» және Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжінің «Тұран» командалары арнайы дипломмен марапатталды.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button