Қарағандылықтардың кітап оқуға қызығушылығы артып келеді
Қарағандыда кітап оқуға деген қызығушылық артып, Орталық қалалық кітапханаға келушілер қатары көбейіп келеді. Оқырмандар сұранысының өсуі кітап қорын толықтыруға да серпін беруде. Бұл үрдіс кітапхананың қала тұрғындарының мәдени-рухани өміріндегі маңызы әлі де жоғары екенін көрсетеді.

Бүгінде Мемлекет басшысының «Кітап оқитын ұлт» бастамасы аясында қоғамда оқу мәдениетін қалыптастыруға, әсіресе, жас ұрпақтың әдебиетке ықыласын арттыруға айрықша мән беріліп отыр. Осы бағытта кітапханалардың материалдық-техникалық базасын нығайтып, оқырмандарға қолайлы орта қалыптастыру да маңызды міндеттердің бірі.

Оқырман санының артуымен қатар Орталық қалалық кітапхананың кеңістігі де жаңарып, заманауи талаптарға сай қайта жабдықталды. Мұнда жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ішкі бөлмелер жаңғыртылған. Кітап қоры жаңа басылымдармен толықтырылып, қосымша сөрелер орнатылды. Оқу орындары да жаңартылып, келушілердің кітап оқып, ізденуіне қолайлы жағдай жасалған.

Кітапхана кеңістігін тиімді ұйымдастыруға да ерекше көңіл бөлінген. Оқырмандардың еркін тынығып, әдебиетпен етене танысуына арналған жайлы аймақ жасақталды. Мұнда жұмсақ жиһаздар қойылып, сәндік камин мен аквариум орнатылған. Енді келушілер осы ортада кітап оқып, өз жұмыстарымен айналыса алады.
Сонымен қатар, оқу залдары мен кіреберіс фойе жаңартылып, жарықтандыру жүйесі жақсартылды. Ғимаратқа желдеткіштер мен қосымша жылыту радиаторлары орнатылды. Ал, кездесулер, шеберлік сабақтары мен түрлі мәдени ісшараларды өткізуге арналған жеке бөлме қажетті жабдықтармен қамтылған. Әрі ол бөлме ұлттық нақышта безендірілген.
Бүгінде Орталық қалалық кітапхана тек кітап сақтап, оқырманға ұсынатын орын шеңберінен шығып, білім мен танымға жол ашатын, пікір алмасуға және рухани дамуға мүмкіндік беретін заманауи мәдени кеңістікке айналып келеді. Мұндай орта тұрғындардың кітапханаға жиі келуіне ықпал етіп, оқу мәдениетін күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналдыруға жол ашады.
Айта кетейік, Орталық қалалық кітапхана Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы, 45 мекенжайында орналасқан.
Қаладағы мәдени инфрақұрылымды жетілдіру және кітап оқу мәдениетін кеңінен насихаттау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



