Сарыарқа – тағдырым, сахна – өмірім
«Орталық Қазақстанның» оқырмандарына, жалпы Сарыарқаның өнерсүйер қауымына Нұржібек Жансүгірованы таныстырудың қажеті болмас. Дегенмен, сәл шегініс жасап, кейіпкеріміздің өмірбаян беттерінен азын-аулақ дерек келтірсек, артық болмас.Нұржібек 1956 жылдың қоңыр күзінде Талдықорған (қазіргі Жетісу) облысы, Бөрлітөбе ауданы (қазір Ақсу ауданы құрамында) Матай станциясында дүниеге келген. 1974 жылы Матайдағы орта мектепті бітірген соң, Алматыдағы өнер студиясын тәмамдап, 1976 жылдан бері С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрында жетекші актриса болып еңбек етуде. Қызмет атқара жүріп, 1989 жылы Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. «Құрмет» орденінің, «Ерен еңбегі үшін» медалінің, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағының иегері. Облыс әкімі сыйлығының лауреаты.

Қарағандының өнер ордасы қабырғасында өткен жарты ғасырлық еңбек жолында ол жүзден астам арулар мен аналардың, қыз-келіншектердің алуан қырлы бейнесін сомдап, театр галереясы құлпыра көркеюіне үлес қосты. Нұржібек Күлмесханқызымен әңгімеміз осы кеншілер астанасына табаны тиген сәттен бергі өмір жолы, өнер жолы жайлы өрбіді.

– Сонымен, 1976 жылы Сәкен театрының табалдырығын аттадыңыз…
– Мен жалғыз келген жоқпын. Сол жылы Алматы өнер студиясын бітірген Мекен Қисықов, Торғауыт Шахзадин, Алма Бекболатова, ол кездегі тегі Айткенова, және ерлі-зайыпты Махмут (Садыханов – Е.Б.) екеуміз бірге келдік. Біздің бір топ болып келуімізге себепші – Торғауыт. Өзі Қарағандының жігіті болған соң, сол кезде атақ-даңқы дүбірлеп тұрған облысқа, Сәкен театрына барайық деп үгіттеді. Арманшыл албырт шақтамыз ғой, осы жаққа тартып кеттік. Келсек, театр труппасы үш айлық гастрольдік сапарда екен. Мұнда тек гастрольге бармай қалған Гүлсара Рашқалиева ғана жүр. Бізді сол қарсы алды.
– Сәкен театрындағы алғашқы рөліңіз…
– Классик жазушы Ілияс Есенберлиннің «Ғашықтар» романының желісі бойынша драма дайындық үстінде екен. Маған құрылысшы қыз Алтынайдың рөлі тиді. Соншалық ерекшелігі жоқ, қатардағы бейне. Оның үстіне, театрдың режиссері Жақып Омаров актерлерге көп еркіндік бермейтін, қойылымды өз ой-қиялының шегінде ұстайтын қатал режиссер еді. Тіпті, театр директоры Зейнолла Жақыпов та ол кісінің ыңғайымен жүрді.
– Әңгіме режиссер турасына ауған екен, осы тақырыпты жалғастырсақ… Сәкен театрында қызмет жасаған режиссерлер туралы не айтар едіңіз?
– Мен белсенді қызмет атқарған жылдар ішінде Қарағанды театрында нашар режиссер болған жоқ. Жақып Омаров қатал болса да, өте білімді әрі әділ адам еді. Жақып аға Шымкент театрына ауысқаннан кейін орнына келген Ерсайын Тәпенов – педагог тұлға, мәдениетті жан. Сахналайтын шығармаға аса қатты ыждаһаттылықпен қарайтын. Тіпті, кейде сценарийді қысқартуға қолы батпай, шұбалаңқылыққа ұрынып, режиссерлік шешіміне нұқсан келтіріп те жүрді. Бірақ, шебер суреткер – Қарағанды театры Сәкен Жүнісовтің Ерсайын аға қойған «Өліара» драмасымен Мемлекеттік сыйлыққа ие болды. Тәпенов Павлодар театрының бас режиссері лауазымына тағайындалғаннан соң, тоқсаныншы жылдары бас режиссер лауазымына Әлімбек Оразбеков келді. Талантым мен шеберлігім толысқан кез осы уақытқа дөп келгендіктен шығар, Әлімбек қойған спектакльдердің басты кейіпкерлерін сахнаға шығару бақыты бұйырды. Оралхан Бөкейдің «Құлыным менің» драмасындағы Анар, Шыңғыс Айтматовтың «Бетпе-бетіндегі» Сейде, «Ана – Жер-анасындағы» Толғанай сияқты бір-біріне ұқсамайтын бейнелердің жан дүниесіне ену, киелі сахнада солардың тағдырын бастан кешу ешқашан қайта оралмайтын сәулелі сәттер ғой.
Иә, театр көрермені ретінде Шыңғыс Айтматовтың «Ана – Жер-ана» драмасындағы Нұржібек кейіптеген Толғанайдың бейнесі ерекше әсерге бөлегенін мойындауға мәжбүрмін. Әсіресе, Жер-ана мен Толғанай арасындағы диалог төбе құйқаны шымырлататындай тебіреніспен берілетіні сондай, қарсы алдыңда театр сахнасы емес, қым-қуыт тіршіліктің бір көрінісі жүріп жатқан тәрізді күй кешесің. Театр сыншылары осындайда «Хас шеберлер рөлдерде ойнамайды, кейіпкер болып өмір сүреді» десе керек.
Әріптес қарындасы туралы Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ұлттық театр өнерінің ардагері Кеңес Жұмабеков «Ақсу алқабының Кермаралы…» деген суреттемесінде («Орталық Қазақстан», 24 қараша, 2016 ж.): «Анық дикциясы, кербездене жасаған жарасымды іс-әрекеті, буырқанған ішкі толғаныстары көрермендерді бірден баурап алады. Бір ерекшелігі жады өте мықты. Өзінің ғана емес, спектакльде ойнайтын кейіпкерлердің де сөзін жаттап алады. Әріптестеріне сахнада ойнап жүргенде қатты көмектеседі. Кейде спектакльдің жүруі шабандап, сылбыр ойнала бастаса, әріптестеріне күш-қайрат беріп, ойындарына жігер-қуат қосып, қиын жағдайдан алып шығады. Бүгінгі таңда театр репертуарында берік орын алған көптеген спектакльдердің мәртебесін көтеріп, үлкен абыройға жеткізіп тұрған Нұржібек Жансүгірованың «күндей күркіреп, жасындай жарқыраған» талантты екені сөзсіз. Қандай спектакль, қай образ болмасын жан-тәнімен ізденіп қызмет етеді. Тынымсыз еңбектің арқасында тәжірибе жинақтай жүріп, сан алуан кейіпкерлерді сомдап, театр абыройын көтеріп тастады», – деп жазған екен ағынан жарылып.
– Нұржібек Күлмесханқызы, «Шіркін-ай, мына рөлді ойнай алмадым-ау!» деп өкінген кездеріңіз болды ма?
– Театрға келген жылдары Ерсайын Тәпенов қойған Еврипидтің «Медея» трагедиясындағы Медея бейнесіне қызығатын едім. Сондай-ақ, «Өліарада» Белованы ойнағым келді. Ол кезде театрдың шаңырағын көтеріп, уығын шаншысқан сахна шеберлерінің көбі бар. Жәмила Шашкина, Қайныкен Әлімбаева, Әсия Абылаева, Рымкеш Омарханова сияқты ересек буын актриса апайларды көрермен қауым алақанына салып жүрген шақ. Олармен таласқа түсетіндей деңгейде емес едік. Оның үстіне, ұлттық болмысымызға тән, үлкен адамның алдынан қия өтпейтін, отбасынан алған тәрбиеміз бар, әдеп сақтадық. «Сабыр түбі – сары алтын» – кейін көңіліме ұнаған әйел бейнелерінің бәрін сахнаға шығардым ғой деп ойлаймын. Тіпті, 2005 жылы бір кезде ынтыққан Медея бейнесінде көрініп, «Ең үздік әйел рөлі» жүлдесіне ие болдым. Бірақ бұл Еврипидтің емес, Людмила Разумовскаяның «Медеясы» еді.
– Жоғарыда Сәкен театрындағы алдыңғы буын актрисалардың кейбірін атап өттіңіз. Солардың арасынан «болмасаңыз да ұқсап баққыңыз» келген, өзіңіз жан-жүрегіңізбен ұнатқан тұлғалар болды ма?
– Кеуделері сыр сандық үлкендердің бәрі қадірлі ғой. Дегенмен, сол топтың ішінен, талантына табынбасам да, өнеріне тәнті еткен Әсия Абылаева. Топырағымыз бір болғандықтан ба, ол да Жетісудың қызы ғой, өзіне тартып алатын. Ұлттық болмыс-бітімі ерекше сыртқа теуіп тұратын мінезді адам еді жарықтық. Сол кісідей болуға тырыстым.
– Апайларды ауызға алғаннан кейін, сахнада өзіңізбен партнер болған ер-азамат артистерді де атай кетсек, артықшылық етпейтін шығар.
– Әрине. Сахнада «өмір сүрген» жарты ғасырдың ішінде кімдермен «тағдырлас» болмады дейсейші. Олардың арасында Рамазан Баймағанбетов пен Қайрат Кемалов сынды тұлғасымен-ақ сахнаны толтыратын, жалғыз ауыз сөзімен көрермен толы залды баурап алатын қайталанбайтын тұлғалар, Мекен Қисықов, кейін Оралға кеткен Сердеш Қажымұратов, Сансызбай Бекболатов, Сыламбек Жұмағалиев тәрізді марғасқа жігіттер болды. Өкініштісі сол, бүгінгі таңда солардың көпшілігі келместің кемесіне мініп, тарихқа айналды. Әсіресе, «COVID-19» індетінің құрбаны болған Сансызбай мен Сыламбектің қазасы бізге қатты батты. Сансызбай өнер студиясын бізден бір жыл кейін бітіріп келіп, Алмаға үйленді. Павлодар театрында қызмет атқарып жүргенде Алма екеуі мереке, демалыс кезінде осында келеді, отбасымызбен қатты араластық. Сансызбайдың қайтыс болғанын естірткен Сыламбектің өзі екі күннен кейін жүріп кетті. Уақыт өткен сайын қатарымыз сиреп барады. Бірақ, оған қылар шара жоқ…
– Орны толмайтын қазалар ғой. Өзіңіз айтқандай, оған қылар қайран жоқ. Дегенмен, мерейтой қарсаңында көңіл жабырқататын тақырыпты тоқтата тұрып, қотанымызға қайтып оралайық: сахнада жүргеніңізге ғана 50 жыл емес, Махаң екеуіңіз шаңырақ көтергендеріңізге де 50 жыл толып отыр екен. Осы жылдар аясында Алматының демалыс саябағындағы би үстінде танысқан сұлу жігіт, ғашық болып қосылған актер Махмұт Садыхановпен сахнада партнер болып ойнау сәті түскен жоқ па?
– Шынында қызық: Махмұт екеуміз бір-ақ мәрте «сахнадағы ғашықтар» болып ойнаппыз. Мұхтар Мағауиннің «Әйел махаббаты» әңгімесінің желісі бойынша қойылған мелодрамада мен – Зия, Махмұт – Төлеген, екінші құрамда Асылзада – Зия, Мекен – Төлеген болып сахнаға шықтық. Қалған ерлі-зайыптылық өміріміз отбасында өтіп жатыр.
– Отбасы туралы сөз болғаннан кейін, үй ішінің әңгімесінен де бірер ауыз сөз болсын: балалар мен немерелердің тәрбиесіне көп уақыт жұмсайсыз ба?
– Шынын айтайын, отбасындағы тірлікке менен гөрі Махаң ыңғайлы. Ата-анасы ауылда малшы болған қарапайым адамдар еді, солардың үлгісімен Махаң тұрмыстың қоңыр тіршілігіне бірден араласып жүре береді. Жәнібек пен Әлібек отау көтеріп, дербес үй болып кетті ғой. Кейде немерелерді әкеп тастайды, қарай тұрыңдар деп. Олармен де көбінесе атасы айналысады. Тілдерін, қазақша сөйлегенін қызықтайды.
– Тегіңіз әйгілі ғой. Жансүгіров десе, елең етпейтін қазақ жоқ шығар. Махаң ұлы аруақтардан именетін шығар. «Менің тегіме өт!» деп шарт қойған жоқ па үйленгенде? Жансүгіровтер әулетінде «қазақ поэзиясының Құлагері» Ілияс пен сізден басқа өнерге жақын адам шықпады ма?
– Жоқ, шаңырақ көтеру туралы әңгіме қозғалған бетте әркім өз тегінде қалады деген шешімге тоқтадық. Махаң жаратылысынан демократ жан ғой, «Тегіме өт!» деп қыстамады. Жансүгіровтерге келетін болсақ, Ілиястың ұлы Болат аға ғана рухани дүниеге жақын – сценарист әрі көптеген деректі фильмдердің режиссері болды. Ол – қазақ кинематографиясының қайраткері. Республикалық Телерадио жөніндегі мемлекеттік комитетінің бас редакторы, Кинематографтар одағының бірінші хатшысы, Кино жөніндегі мемлекеттік комитеттің бас редакторы қызметін атқарды. 5-6 сыныптарда оқып жүрген кезімде Фатима Ғабитова жеңгеміз Болатпен бірге біздің үйге келгені есімде. Алматыға барған кезімде Болат ағаның пәтерінде тұрдым. Махмұтқа тұрмысқа шыққаннан кейін ғана жатақханаға ауыстым.
– Оралхан Бөкейдің: «… аға, төменге қараңызшы, мен көрінем бе екен?» – деп Шерхан Мұртазаға жазған керемет сөзі бар ғой. Сол сияқты, төменге қарасаңыз, сізге кімдер көрінеді?
– Өзіңнен кейінгі буыннан кімдерді атап, үміт артасың деген сауалың ғой. Шайза, Злиха, Қайраттың келіншегі, биыл бақиына көшкен Бижамал марқұм, тағы басқалар – қатарластарымыз. Ізімізді басқан актрисалардың арасынан жарқырай көрінген талантты қыздар Ботагөз Мақсұтова мен Баян Әукешева еді. Ботагөз басқа театрға ауысып кетті. Баян марқұмның өмірі қысқа болды – құйрықты жұлдыздай ағып өте шықты өмірден. Қазір театрдың сахнасында жүргендерден Дина Заитованы бөліп атай аламын. Аса талантты қыз. Кейде ойлаймын, оның жасында мен солай ойнай алдым ба деп. Енді ғана сахнаға шығып жүрген жастардың арасынан Әнел Сағындықова үлкен үміт күттіреді. Дина мен Әнел сегіз қырлы, бір сырлы өнерпаздар. Кез келген бейнені сомдап, сахнаға жан бітіріп, ән де шырқап, қажет болса, билеп те береді.
Қазіргі таңда Сарыарқа – тағдырыма, сахна – өміріме айналған адаммын. Сондықтан, өткенім, бүгінгім, келешегім Сәкен театрының тарихымен қоса өрілгендіктен, өнердің осынау қарашаңырағы әрдайым мәртебелі биіктерден көріне берсе екен тілеймін!
– Асыл мұратыңыз орындалуына жазсын! Мазмұнды әңгімеңіз үшін рақмет!
Сұхбаттасқан
Ермек БАЛТАШҰЛЫ,
ҚР Мәдениет қайраткері



