Өкілетті органның өңірлік мазмұны
Ел көлемінде жүзеге асырылып жатқан саяси реформалардың мәні жергілікті жердегі нақты өзгерістерден көрініс табуға тиіс. Бұл тұрғыда халықтың талап-тілегін билікке жеткізіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты шешімдер қабылдайтын мәслихаттардың орны айрықша. Жергілікті өкілді органдардың өкілеттігі кеңейген сайын депутаттық корпусқа жүктелетін жауапкершілік те арта түседі. Бұл мәселені академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінде өткен «Мәслихаттардың өңірді дамытудағы рөлі» атты дөңгелек үстелде сарапшылар салмақтады. Басқосуда еліміздің жаңа саяси жүйесіндегі мәслихаттардың орны, жергілікті өзін-өзі басқарудың келешегі және депутаттардың халықпен байланысы төңірегінде келелі пікірлер айтылды.

Өкілеттік пен жауапкершілік
Алдағы мәслихат сайлауы қарсаңында ұйымдастырылған басқосуға Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері, ғалымдар, қоғам қайраткерлері, этномәдени бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері, қоғамдық кеңес мүшелері, саясаттанушылар және «Талдау» мектебінің сарапшылары қатысты.
Жиынды жүргізген Ғалымжан Құсманғали алда өтетін мәслихат депутаттарының сайлауы жаңа Конституцияны қабылдаудан басталған өкілді билікті жаңғырту үдерісінің маңызды кезеңі екенін атап өтті.
– Кейінгі 23 жылда алғаш рет мәслихат депутаттарының сайлауы Парламент сайлауынан бөлек өткізіліп отыр. Мұның өзіндік мәні бар. Бұл жолғы сайлау науқанында жергілікті мәселелерге, тұрғындардың күнделікті тұрмыс-тіршілігіне тікелей қатысты жол, ауызсу, жылу, абаттандыру жұмыстарына басымдық берілуде. Қазір Қарағанды облысындағы 196 бірмандатты сайлау округі бойынша 612 кандидат тіркелген. Демек, бір депутаттық мандатқа орта есеппен 3,1 үміткерден келеді. Биыл жазда қабылданған заңнамалық өзгерістерге сәйкес мәслихаттардың өкілеттігімен қатар, депутаттардың жауапкершілігі де артып отыр. Мәселен, депутаттық сауалға жауап беру мерзімі 15 күнтізбелік күнге дейін қысқартылды. Әр депутат өз округінің сайлаушыларымен жылына кемінде екі рет кездесуге міндетті. Сондай-ақ, ауылдар мен кенттердің бюджетінде қалатын мүлік салығының үлесін енді аудандық мәслихат айқындайды. Бұл өкілеттіктер сайлаудың өзінен емес, заңнан туындайды. Ал сайлау сол өкілеттіктерді кімнің және қаншалықты кәсіби деңгейде жүзеге асыратынын айқындайды, – деді Ғалымжан Құсманғали.
Парламент Мәжілісінің бұрынғы депутаты, Қарағанды қалалық мәслихатында ұзақ жылдар еңбек еткен қоғам қайраткері Құдайберген Бексұлтанов еліміздің жаңа саяси жүйесіндегі мәслихаттардың орнына тоқталды.
– Бүгінде Конституция, конституциялық заңдар және басқа да заңнамалық актілер мәслихаттарға жауапкершілікті толыққанды өз мойнына алып, халықпен жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Алайда, ең маңыздысы – сайлаушылармен тұрақты байланыс орнату. Депутат халықтың алдына шығып, олардың пікірін тыңдап, қабылданған шешімдерді түсіндіріп, өткір мәселелерден жалтармауы керек. Адамдар өз өкілін танып, оған кез келген уақытта жүгіне алатынын білуі тиіс, – деді Құдайберген Бексұлтанов.
Ал университеттің археология, этнология және Отан тарихы кафедрасының қауымдастырылған профессоры, PhD докторы Нұртас Смағұлов мәслихаттардың конституциялық мәртебесі мен нақты өкілеттіктерін тарқатты. Жаңа Конституцияның 88-бабына сәйкес аумақты дамыту жоспарлары мен бағдарламаларын, жергілікті бюджетті және оның атқарылуы туралы есептерді бекіту мәслихаттардың құзыретіне жатады.
Ғалымның пайымынша, мәслихат жергілікті мәселелер талқыланатын алаң ғана емес, қабылданған шешімдердің орындалуын бақылайтын институт ретінде де пәрменді жұмыс істеуге тиіс. Бұл үшін депутаттың өзі сайланған аумақтың әлеуметтік-экономикалық ерекшеліктерін жетік білуі, тұрғындармен тұрақты байланыс орнатып, атқарған жұмысы жөнінде есеп беруі маңызды.
Жергілікті бастаманың маңызы
Басқосуда жергілікті өзін-өзі басқару институтының келешегі де кеңінен сөз болды. Университеттің философия және психология факультетінің деканы, PhD докторы Анар Мақатова Қазақстандағы жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің 1993 жылдан бергі қалыптасу кезеңдеріне шолу жасап, басқаруды орталықсыздандырудың әкімшілік, қаржылық және саяси бағыттарына тоқталды.
Сарапшының назар аударған мәселелерінің бірі – төртінші деңгейдегі бюджет. Ауылдар, кенттер мен ауылдық округтердің қаржысын қамтитын бұл бюджет жергілікті қоғамдастық жиналысымен келісілгеннен кейін аудандық мәслихаттың бекітуіне ұсынылады. Мұндай тетік елдімекеннің күнделікті қажеттіліктерін ескеріп, қаражатты басым бағыттарға жұмсауға мүмкіндік береді.
Мәселен, белгілі бір елдімекенде жол жөндеу, көше жарығын орнату немесе балалар ойын алаңын салу қажеттігі туындаса, сол жердің тұрғындары қай жұмыстың кезек күттірмейтінін жақсы біледі. Сондықтан, бюджет қалыптастыру кезінде жергілікті жұртшылықтың ұсыныстарын ескеру қаражатты нақты қажеттілікке бағыттауға септігін тигізеді.
Жиында депутаттық қызметтің күнделікті өмірдегі көрінісіне қатысты нақты мысалдар да келтірілді. Абыз ақсақал, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тұңғышбай Мұқан өз сөзінде Майқұдықтағы №4 емхана маңында цемент зауытын салуға байланысты бұрын туындаған мәселені еске алды.
– Кезінде Майқұдықтағы №4 емхана мен мектептің маңынан цемент зауытын салу көзделген еді. Өндіріс орнынан шығатын шаң-тозаңның адам денсаулығына әсерін ойлаған тұрғындар алаңдаушылық білдірді. Сол кезде Құдайберген Бексұлтанов депутат ретінде араласып, мәселенің заң аясында шешілуіне, кәсіпорынның бір шақырымдай алыс жерге көшірілуіне ықпал етті. Міне, депутаттық қызметтің нақты нәтижесі дегеніміз – осы. Тағы бір мысал келтірейін. Аталған емхана негізгі көшеден бір жарым шақырымдай қашықтықта орналасқан. Қыстыгүні көлік жүретін жол қардан тазартылғанымен, жаяу жүргіншілердің жолы кейде назардан тыс қалып жатады. Ол жермен жасы егде кісілер, балаларын ерткен аналар жүреді. Бір қарағанда, болмашы дүние секілді. Бірақ, тұрғындар үшін бұл – күнделікті кездесетін қиындық. Депутат осындай мәселелерді халықтың ортасында жүріп, өз көзімен көріп, көңілге түюі керек. Тиісті мекемелерге сауал жолдап қана қоймай, мәселенің ақырына дейін шешілуін қадағалағаны жөн. Ол үшін халық қалаулысының өз ұстанымын ашық білдіре алуы, әкімшілікке немесе жекелеген мүдделерге тәуелді болмауы маңызды. Депутат халықтың қажетіне жарайтын осындай істерді атқарса, елдің оған деген сенімі де арта түседі, – деді Тұңғышбай Мұқан.
Депутаттық жауапкершілік төңірегінде Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі, «Lituanica» литвалық этномәдени бірлестігінің төрағасы Виталий Тварионас та пікір білдірді. Еркін пікір алмасу барысында мәслихат жұмысына жастарды, түрлі саланың кәсіби мамандарын тарту мәселесі де көтерілді. Жиынды қорытындылаған модератор Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәслихат депутаттарының III республикалық форумында айтқан, депутаттардың халық пен билік арасындағы көпір болуы қажеттігі туралы сөзін еске салып өткенін айта кету керек.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»



