Жаңалықтар

«Миллионер» кітабындағы мың ой

Қарағанды қаласы орталық кітапханалар жүйесінің №23  кітапхана бөлімшесінде Ғабиден Мұстафиннің  «Миллионер» шығармасының жарыққа шыққанына 75 жыл толуына орай өткен кеште оқырмандар туындыны талдап, пікірін ортаға салды.

Шара оқырмандарды кітап оқуға баулу, кітап арқылы адамшылыққа, еңбекқорлыққа, шыдамдылыққа, адамгершілікке үндеуді мақсат етті.

Іс-шараға  Қарағанды қаласы ОКЖ  қызметкері, оқу ісінің үздігі  Ғазиза Қабдоллақызы және №137, 56 мектеп оқушылары мен ұстаздар  қатысты. Шара барысында Ғабиден Мұстафиннің өмірі мен шығармашылығы жайлы бейнежазба көрсетіліп, кітап көрмесі ұсынылды. Жиында №137 мектептің  8 сынып оқушылары шығарманы толық  оқығанын байқатып, белсенділік танытты.                                                                                                                                                              

Ғабиден Мұстафиннің «Миллионер» повесі – тіршілік тартысын тереңнен толғайтын шығарма. Жазушының тырнақалды туындысы «Сәрсен мен Боқаш» 1927 жылы «Жыл құсы» журналында жарияланады.

Австралиялық жазушы Ральф де Буасье 1950 жылы жазған хатында «Миллионер» повесті туралы «Мен бірнеше ғана советтік романдар оқыған едім. Олардың бір де бірі Сіздің кітабыңыз бергенді бере алған жоқ» деп пікір білдірді. Шығарманың басты идеясы – соғыстан кейінгі қазақ ауылдарын көркейту, оның ішінде, ауыл шаруашылығының өнімділігінін арттыру, электірлендіру, жол салу сияқты мәселелерді қолға алу.

Шығармадағы оқиғалар орын алып жатқан жер – Амангеді колхозы. Басты кейіпкерлер Жақып пен Жомарттың көзқарасы екі түрлі. Қарт Жақып ескілікті, бірқалыпты күнкөрісті қалап барға қанағат тұтса, жас Жомарт ауылды дамытқысы келеді. Екеуін де алаңдататын бір нәрсе, ол – ауылды көркейту.  Бұл шығармада екі кезеңнің көрінісі айрықша көрсетілген: бірі – бұрыннан келе жатқан социализм болса, екіншісі – жаңа коммунизм. Бұл көріністерге Жомарттың «Сіз колхоздың бірінші дәуірінде, социализм дәуірінде тұрсыз. Екінші дәуірдің жаңалығын сезе алмасаңыз, кем өлшеп, кейін тартуыңыз сөзсіз» деп Жақыпқа айтқан сөздері негіз бола алады.

Он бес жыл бойы колхозды басқарып, өз еңбегін колхозға аямай сіңіріп келген Жақып қарттың өзінен мүлдем жас Жомарттың бұл сөзі тіпті ерсі көрінді және оның жаңа жоспарларын қабылдағысы келмеді. Жомарттың жаңа жоспарлары академик Вильямс, Лысенко, Мичуриннің ауыл шаруашылығына қолданған әдістерін іс жүзіне асыру, колхозды электрлендіру, тас жол салу және де ауылға бірнеше жаңа тракторларды алып келу болатын. Соңында бұл жоспарларын жүзеге асырып, көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Мұндай жетістіктердің барлығын өз көзімен көрген қарт Жақып өзінің жеңілгендігін мойындап, Жомартқа өзі орынбасар болып, ары қарай көмектесуге келіседі. Амангелді колхозы коммунизмге қол жетті. Бұл жеңіске Жомарт  халыққа ой тастады, ары қарай бүкіл колхоз болып еңбек етті. Жәнібек, Жантас, Жанат секілді кейіпкерлердің ауылдың көркеюіне бар күшін салып, аянбай еңбек еткенін көре аламыз. Талай жылдар бойы колхоздың ақшасын жеп, соңында колхоздың ақшасын алып қашқан Айдардың ұлынан және әйелінен айырылып, біржола сотталып кеткені сол кездің социализммен қоштасқанына негіз бола алады.

Кейіпкерлер арасындағы шағын диалогтардан үлкен ой, мән-мағына байқаймыз. Шығарманың тақырыбы тек ауылды өркендету ғана емес, мұнда махаббат, достық, бала тәрбиесі және өмір құндылықтары туралы айтылады. Басты кейіпкерлердің бірі Алманың көзінен айырылғаннан кейінгі өмірі суреттеледі. Осы арқылы жазушы адамдардың он екі мүшесі сау кезінде бақытты екенін сезе алмайтынын көрсеткісі келеді.  Повестте  егіздей бірге өскен Алма мен Жанаттың достығы,  Алманың күйеуі Жомартпен Жанаттың махаббатынан биік тұрғанын байқаймыз. Екі ғашық қаншалықты бір-бірін жақсы көрсе де досы Алмаға деген адалдығын, адамдық қасиеттерін сақтап, ардан аттамады. …Повесте жазушы адам жақсы ниет қылып, мақсат қойып, соған сай жоспар құрып, жүйелі тәртіппен адал, тынбай еңбек етсе, аспайтын асу, шықпайтын белес, алмайтын қамал жоқ екенін білдіргісі келді.

Р.ДАЛЕЛХАН,

№23 кітапхана бөлімшесінің менгерушісі

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button