Мезгіл мәселесі — жиын өзегі

Облыс әкімдігінде өткен аппарат жиынында аймақтың тыныс-тіршілігіне қатысты бірқатар маңызды мәселелер қаралды. Аймақ басшысы Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен кезекті жиын облыстың еңбек инспекциясы жөніндегі басқарманың басшысын тағайындаумен басталды.


Облыс әкімі Ерлан Қошанов басқарманың жаңа басшысы Қанат Балсариевті таныстырды. Осы салада тәжірибесінің бар екенін алға тарқан облыс әкімі жаңа басшының еңбегіне табыс тіледі.
Бұдан кейін биылғы бірінші жартыжылдықтағы өңірдің өндірістік жағдайын баяндаған облыс әкімінің орынбасары Алмас Айдаров өнеркәсіпте оң қарқын сақталғанын атап өтті. Сонымен қатар, ол коммуналдықтұрмыстық қажеттіліктерге арналған көмірді жеткізу мәселесіне айрықша тоқталды.
– Көмір сатылатын барлық теміржол тұйықтарының жағдайын тексеріп шықтық. Барлық жерлерде техника саны жеткілікті, тұйықтар көмір қабылдауға дайын. Оларды 10 шілдеге дейін көмірмен кем дегенде 50 пайызға толтыру тапсырылған болатын. Әзірге Қарағанды қаласы ғана бұл тапсырманы орындағаны туралы хабарлады. Басқа аймақтардан жауапты ертең күтеміз. Облыс орталығында үш теміржол тұйығы бар, олардың барлығы көмірмен толықтай толтырылған. Ол халыққа сатылуға дайын,– деді Алмас Айдаров.
Облыс әкімінің орынбасары еліміздің басқа аймақтарына біздің облыстан жөнелтілетін көмірдің көлемі мен кестесі бекітілгенін де жеткізді. – Биыл көмір өндіру көлемін арттыру жоспарланып отыр. Тек, «Шұбаркөл көмір» АҚ өзі өндіретін көмір көлемін 4,8 млн. тоннаға арттырады деп күтілуде. Былтыр 3,9 млн. тонна көмір өндірілген болатын, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Аймақ басшысы бұл мәселені тұрақты бақылауда ұстап, көмір сататын орындарды көмірмен уақытылы қамтамасыз етуді міндеттеді. Сондай-ақ, көмір сатып алуға қатысты дүрбелең туғызбау үшін қалалар мен аудандардың әкімдеріне халықпен байланыс орнатуды тапсырды. Цифрландыру аймақтың ауыл шаруашылығы саласында да жүзеге асырылып келеді. Егістіктердің электрондық картасы туралы баяндаған облыстың ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сағынжан Апақашев оның ұтымды тұстарына тоқталды.
– Электрондық карталардың көмегімен жыртуға арналған жерлерді тиімді пайдалануға, жанар-жағар майдың шығынын реттеуге, тыңайтқыштардың нақты өлшемін және егіс материалының қажетті көлемін есептеуге болады. Біздің басқарма өңір әкімдіктерімен және ақпараттық-есептеу орталығымен бірлесіп, жер-жерде электрондық карталарды жасау тәртібін үйрететін семинарлар өткізді,– деді ол.
Электрондық карталарды жасау биылғы жылдың ақпан айынан басталған болатын. Бірінші шілдеге дейін жалпы көлемі 1 млн. 222,9 мың гектар болатын егістікті цифрландыру міндеті тұрды. Басқарма басшының айтуынша, бүгінгі таңда облыстың сегіз ауданы мен бес қаласында электрондық карта жасалған.
– Бұл бағыттағы жұмыстар негізінен уақылы орындалды. Қазіргі таңда жалпы көлемі 1 млн. 208,2 мың гектар жердің электрондық картасы жасалған. Бұл – жоспардың 98,8%-ы. Республика бойынша орташа көрсеткіш 92,6%-ды құрайды,– деді С.Апақашев.
Облыс әкімінің орынбасары Анатолий Шкарупа биылғы жылдың өзінде алты ересек адам мен үш бала суға кеткенін мәлімдеп, жазғы демалыс уақытында суға түсу қауіпсіздігі мәселелерін тілге тиек етті.

Жансая ОМАРБЕКОВА,
«Орталық Қазақстан»

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.