Менің анам – Сақыш

Әркімнің өз анасына деген махаббаты шексіз. Мен де Анамның маған сыйлаған мәнді өмірі үшін алғысымды айта отырып, өз ойымды аз да болса жеткізгім келеді.

Ия, перзент үшін Ананың жөні бөлек, құрметі де ерекше. Қанша іздесең де орны толмас сағынышқа айналған Ананың өмір темірқазығы бола беретіні сөзсіз. Құдайға шүкір, Анам бала-шағасының, немере-шөберелерінің ортасында айтулы жасқа келіп, жақсы өмір сүрді.

Ана, сені мәңгі мақтан етемін, сендей Ана тарту еткен тағдырыма ризамын. Адам баласы үшін ең аяулы, ең қастерлі, қадірлі сөз – Ана. Бала дүниеге келген күннен бастап өзінің жұмсақ алақаны, жылы жүзі, ыстық құшағы, мейірімге толы көзқарасы арқылы барлық сүйіспеншілік, мейірімділік, махаббатын толық беретін адам – Ана. Ана барлық өмірдің бастауы.

Адам басындағы барша асыл қасиет күннің нұрынан, Ананың сүтінен дариды. Кез келген адамның әдептілігі мен жан дүниесінің сұлулығы, ең алдымен балаға ақ сүтін беріп, әлпештеп өсірген ана жүрегінің жылуынан басталады. Себебі, Ана – ұлы адам, Ана құдіретті жан. Жарық дүниеге әкелген адам, Ана алдында бәріміздің де бас иетініміз сондықтан. «Ана бір қолымен бесік тербесе, бір қолымен әлемді тербейді» – дейді дана халқымыз. Шынымен ананың ақ сүті, ыстық алақаны мен мейіріміне тең бұл әлемде ештеңе жоқ.

Адалдық пен мейірімділік, еңбекқорлық пен парасаттылық, ақжарқын көңілділік, сыйластық, сұлулық, жібектей мінез, ерекше қамқорлық, барлығын бір өзіңнен көріп сезінетін едім. Сәби кезімде әр нәрсенің байыбына бойлай алмағандықтан болар, әлемде ең ақылды, ең сұлу жанның тап қасымда жүргенін жете сезіне білмеппін. Күнделікті тіршіліктің күйбеңімен жүргенде анамызды жанымызда мәңгі жүретіндей көріппін. Енді ойлап отырсам, елге барған сайын ешқайда шықпай, анамның қал-жағдайын сұрап, қасында неге көбірек болмадым екен деп ойлаймын.

Қайда жүрсем де, көңілге медеу, ойыңа тұрақ, бүкіл арман-мақсаттарыңа тіреу болатынын, Анаңның енді сенің ойыңда ғана болатынын сезінгенде жаның жабырқап, жүрегің жүдеу тартып кететіндігі. Ол кісі жоқта ауылға барсың, әсер шамалы. Тек ағайын-туысты, бауырларды көргеніме ризамын. Бірақ, «Темкен, құлыным келдің бе, келші маңдайыңнан иіскейін» – дейтін Анам жоқ. Мен бір кездерде гипертониямен ауырып, қатты семіріп 130 келіге дейін жеттім, сонда кезекті бір ауылға барғанымда барлық мейірімен Анам жарықтық: «Қалқам, жүдеп кеткенсің бе, қалай?» – дегенде «Иә, өткенде келгенде 125 келі еді, қазір 130 келі жүдеп жүр деп» қасымдағы еріп барған дос-құрдастар бәрі күлетін еді.

Шынымды айтсам, соңғы кездері анамды сағынып жүрмін. Түсіме кіреді. Баяғы сол қамқорлығы. Әйтеуір, о дүниеде алаңдамай жатқанын қалаймын. Жер бетіндегі жалғыздықтан құтылып, көптен бері күткен шалының жанына жайғасқанына да біраз жылдың жүзі болды. Жандарың жәннатта болсын деймін.

Асыл анамның ақыл-кеңесі, берген ұлағатты тәлім-тәрбиесі мені өмір бойы адастырмай алға жетелеп келеді. Бұл менің жүрегімді жарып шыққан – имандай шындығым.

Әрине, анам болмаса, анамның тәрбиесі болмаса менің бүгінгі жетістіктеріме жете алмайтыным айдан анық еді. «Балам, қашанда жақсылық жаса, әрбір күннен жақсылық күт, бірақ жасаған жақсылығыңды еш уақытта ешкімге міндет қылма және жақсылық қылған адамыңнан жақсылық күтпе» – дейтін ғибратты сөздері менің жадымда мәңгілік сақталып, өмірлік ұстанымыма айналды. Менің анам шексіз құдіреттің иесі болатын. Тәрбиенің кілті ананың қолында, ең құнды мектеп – отбасы мектебі. Ертегіден эпосқа дейінгі рухани қазынамыздың қайсар көзі ананың әлдиінде жатыр.

Кейде өзіммен-өзім оңаша отырып, өткен өмірімді еске алсам, ең алдымен есіме Анам түседі. Кейін Анамның махаббаты соншалықты нәзік, соншалықты кәусар, онымен дүниеде жан адам да бөлісе алмайтын тұңғиықты терең құбылыс екенін сезінем.

Мен 1950 жылы Алматы қаласына кетіп, Анамнан алыс өмір сүрдім. Ол кісіні жиі-жиі көруге тағдыр да, оқу да, жұмыс бабы да мұрша бермеді. Әйткенмен, сәті түскенде анда-санда ауылға жылына бір рет келгенде, ешнәрсе де алмастыра алмайтын дидарыңды көріп, дауысыңды естіп, батаңды алып, мейіріңе бөленіп, рахаттанып қайтатын едім. Мен үшін осы кездесулер, одан алатын әсерім мен бойға алар күш-қуатым, келесі кездескеніме дейін жетіп жататын.

Алматыға күзде кетемін, қыста демалысқа бару деген ойға келмейді, жазғы демалыста, жылына бір-ақ рет келемін. Қызылағашқа жету де оңай емес, қазіргідей көлік жоқ, көлік түгілі былай жетудің өзі де үлкен мәселе. Жүрегің лүпілдеп, асығып келе жатқанда, ол жақтан күтіп алады деген үміт жоқ, әзер жетеміз-ау.

Ауылда әке-шешең, іні-қарындастарың, бірге өскен достарың күтіп отырады. Келген күні мәз-мейрам боламыз. Алтыбақан тігіледі. Түннің бір уақытында, үйге келіп ұйықтайсың, таңертең колхоздың жұмысына шығу керек.

Мен ұйықтады-ау деген кезде анам аяқ жағымнан көрпемді ашып, екі аяғымды көкірегіне тигізіп, жайлап «Құлыным, мені адам қылған, мені бақытты қылған» деп (кейде көзінің жасы аяғыма тамып кетеді) біраз отырып кететін. Кейін «Неге олай дейсіз, мені жарық дүниеге әкеп, адам қылған Сіз емес пе?!» – деп сұрағанда. «Ой Темкен-ай, сенің алдыңда неше түрлі себептен бес нәресте қайтыс болып кетті ғой. Ауылда туысқандар арасында «Мұның баласы тұрмайды, еліне апарып тастау керек» деген сөз шыға бастады. Содан ауылдың бір үлкен ақсақалы «келесі баласын тосайық, ол тұрмаса ақылдасайық» деген ғой. Сен аман-есен туған соң бүкіл туысқан болып күттік. Қолдан түспейсің. Күнде Алла Тағаладан аман қалдыр деп тілейміз. Содан кейін Ғайни қарындасың туды аман. Жүрегіміз аздап тынышталды. Алғашқы балалар келесі бала туғанынша шетіней берді ғой. Менің осы дүниеде бақытты ана болып жүргенім сенің мені Сақыш деп атымды атағандығыңнан шығар, екіншіден ана жаққа барғанда атын атағанда бір аунап түседі дейді ғой. Сондықтан, сен сол қалпыңмен мені атымды өзің тірі жүргенінше атай беруіңді сұраймын» деп еді. Мақала тақырыбына Анамның атын қоюыма да себеп бар. Баяғы уақытта Қасмағанбет деген немере атамыз болыпты, өз атамыз Көкетай бұрынырақ қайтыс болса керек, сол менің тілім шыға бергенде әке-шешемнің атын атауға үйретіпті.

Содан мен 2-3 жасымда Алматыда тұратын әкемнің інісіне поезбен бара жатқанда вагондағы орыс балаларына еліктеп әкемнің атын «папа» дегенді айта алмай «бапа» дегенмін де, анамның атын сол бетімен Сақыш деп кеткенмін ғой. Содан іні-қарындастарымның бәрі де солай аттарын атап кеткен. Кейін бәріміз (алтаумыз) өсіп, үлкейген соң жиналып анамыздың атын атап жүргеніміз дұрыс болмас, енді қалай атаймыз деп ақылдастық. Мен соны Сақышқа айттым «қалай дегеніміз дұрыс болады?» – деп. Сақыш «Басқалары қалай десе солай десін. Сен өзің жарық дүниеде жүргенінше менің атымды Сақыш деп айта бер» – деді.

Сондықтан, мақалаға асыл анамның «Сақыш» деп есімін қойдым.

Қандай жағдайда болсын «Сенің табаныңа кірген тікен менің маңдайыма қадалсын» – деп жалғыз жүрегін қос қолына ұстап, тілеуімізді тілейтін. Ананың ұлы махаббатының алдында перзенті бола тұрып, сен оны қалайша асқақтатпайсың! Алладан кейінгі сен үшін ең қымбат адамды қалайша бағаламайсың! Анамыз ағайын-туысқа мейірімді, қарапайым, көпшіл, ақкөңіл жан еді.

Қазақ ананы қадірлеп, қастерлеген халық. Ұлттық танымда: Ананың басқан жерінде пейіш бар «Анаңды Меккеге үш рет арқалап барсаң да, ақ сүтін ақтай алмайсың». Ана жолы оңай жол емес. Бесігін тербеп ұрпағын өсіру, ошағынның отын жағу, шаңырағын шайқалтпай, керегесін кең ұстау, балаларына бағыт беру, иманды тәрбие беру – осының бәрі Анаға оңай түспейді.

Қияметке кеткенше, өлшеулі өмір өткенше жебеуші періштедей болған Анаңның ақ батасы сенің бүкіл өміріңе жетерлік құдірет.

«Ана» – бұл сөзде қаншама нұр, қаншама қуат бар… Ол бізді жарық дүниеге әкелді. Бізді таза тәрбиелеп, көңілі жайлы етіп өсірді. Анам тазалық туралы көп айтатын еді. Тазалық деген тек беті-қолды жуып жүру ғана емес. Ішкі дүниең, ой-ақылың, ниетің мен пейілік, жүрегің мен тілегің таза болмаса «тазалық» деп ойлаудың қажеті жоқ. Ең алдымен, өз ой-парасатың таза болсын. Бірінші кезекте арың таза болуы керек, қалғаны бұйырса, өз жолымен келе береді. Тек таза еңбекпен тапқан наның тәтті әрі сіңімді болады – деуші еді Анам.

Әрбір сәтті қадамымызға қуанды, аналық ақылын айтты. Ауылдан ұзап кеткенімізде бізден келетін әрбір сәлемді, хат-хабарды сағына күтті. Жеке отау құрғанымызда да бірінші кеңесшіміз болды.

Менің анам барлық балаларына өзінің ақ сүті арқылы жақсы қасиеттерін таратқан, өз үлгісімен адамдық пен арлылықтың туын биік ұстауымен, салт-дәстүрді берік ұстанымен ұрпақтарының есінде, ел есінде қалған ана. Анам ақкөңіл, ұстамды, таза адамгершілігі мол жан еді. Іскерлігі керемет, киіз басу, оюлап тұскиіз, текемет, сырмақ, көрпелер дегендерді көп жасаушы еді. Он саусағынан бал тамған өнерлі болатын. Соғыстан кейінгі қырықыншы жылдардың аяғында киім деген жоқ, қолға түскен киімдерді жамап, үлкен балалардың киімін кіші балаларға кигізеді. Сонда үлкен кісілердің Сақыштың жамаған, қайта тіккен киімдері, дүкеннен алғандай тамаша болады дегендерін талай естіп мақтанатын едім. Анам жасаған киіз дүниелердің біреуінің үстіне отырсам деп армандайтынмын. Ауылдан іздестіріп едім. Соның біреуі де қалмапты.

Кейде маған «Сен сыртқа ерте кеттің ғой, қазір үлкейдің және елге жақын Қарағандыдасың ғой, ауылда неше түрлі жағдайлар болады. Сені көп адам біледі. Сол іс-шараларға шақырады, мүмкіндігін келсе шақырғанда қатысқаның дұрыс болады. Той-домалаққа қуанышқа келмей қалсаң онша мән бермегенімен қатты ренжімейді. Ал өлімнің кезінде түгендеп отырады. Өмірден өткен жанның жақынына арнайы барып көңіл айтуың – өзің үшін. Өзіңнің жүзін төмен түспес үшін. Екіншіден, жабырқау адамның көңілін көтеріп, мұңын бөліскенің – жүрегі қаяу жанның қабырғасына батқан қазаға ортақ екендігі сездіргенің. Ауырып жатқан адамның үйіне кіріп шықсаң, науқастың халін сұрасаң, көңілі көтеріліп қалады. Қазақтың баяғыдан келе жатқан дәстүрі бойынша көңіл сұрауға түске дейін барған дұрыс. Осыларды ешқашан ұмытпа» – деуші еді. Жастау кезде, ертеректе онша мән бермеппін. Кейін сол жағдайлар өз басыма келгенде баяғыдағы Анамның айтқаны ойкеледі. Жақыныңның келмегені, көңіл айтпағаны жүрегіне шаншудай қадалып, батады екен.

Қайран, Анам! Басқасын былай қойғанда, мені көргендегі қуанған сәтіңіз бен жадыраған жүзіңізді сағынамын. Менің Анама деген жүрегімдегі сағыныш ешқашан сөнбейтін нұрлы шырақ, өмірбақи сарқылмайтын ең таза кәусар бұлақ қой.

Менің Анам Алла Тағаланың жазғаны шығар ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, немере-шөберелерінің қызықтарына кенеліп, маңдайларынан мейірлене искеп, беттерінен сүйіп, тоқсан сегізге келіп о дүниеге аттанды. Әрине, аз жас емес, жиналған жұрт, халық: «Бұл жақсы өлім, жүзге таялып, балаларының алдында, немере-шөберелерін көріп, бақытты ғұмыр кешіп, өмірден өтті» – деген сөздер айтты ғой. Құрдастар: «Бейшара, пенсияға шыққаныңда анаңнан айырылып, жетім қалдың ғой» – дейтін ойнап. Әйткенімен анаңнан мәңгілікке айырылу қанша жасқа келсең де бала үшін қайбір жеңіл болушы еді. Анам ылғи бала-шағаларының сүйіспеншілігі мен құрметіне бөленді. Аузынан Алла түспей, елдің тыныштығын, ағайынның ынтымағын, бала-шаға, немере-шөберелерінің бақытты болуын тілейтін еді.

Ана! Ана махаббатының шуағына жылынып, мейірімінің бұлағынан суындаған баладан армансыз адам жоқ шығар бұл әлемде. Мен сондай бақытты жандардың бірі екенімді сезінгенде тағдырыма шексіз рахметімді айтамын. Анаға лайықты теңеу де табу қиын. Ол – әлемдегі таза, ең биік, ең мейірімді жан. Ол перзенті үшін жанын да еш ойланбай пида етуге даяр адам деп ойлаймын.

Шығармашылығының біраз бөлігі Ана тақырыбына арналған жиырмасыншы ғасырдың заңғар жазушысы Ғабит Мүсірепов бір әңгімесінде: «Мақтасақ – әйелді мақтайық та, құрметтейік те әйелді! Әйел – ана, барлық қиындықты жеңетін сарқылмайтын күш, көзді бұлақ емес пе!» – деген екен.

Ана дегенде толқымайтын жүрек, толғанбайтын жан жоқ шығар. Ана әрбір адам баласы үшін ең ыстық, жанға жақын мағыналы да қастерлі сөз. Жарық дүниеге келген соң өз парызыңды өтеу – ана алдындағы парызды өтеу.

Осы жасқа келгенде, ептеген еңбектің арқасында ауылға барып, ел аралап жүргенде, тіпті дүние жүзін аралап жүргенде талай туысқаныңнан, дос-жарандардан, әріптестерден, ғалымдардан, қолынан келген сый-құрметін, мақтау сөздерін айтып бақтық қой. Бірақ, соның бәрі анаңның нәзік үні, аялы алақаны, бір ауыз «құлыным» деген сөзіне жетпейді. Дүниенің нұры, өмірдің гүлі ананың қолында.

Анамыз тез сенгіш, аңғалдау адам еді. Ол кісі 12 құрсақ көтерген екен. Олардың алтауы ертерек жас күндерінде шетінеп кеткен. Қай жылы отау құрғанын біз білмейміз. Маған дейінгі бес нәресте бір-екі жастарында о дүниелік болған. Алтыншы болып 1938 жылы мен туыппын. Алланың қалауымен қазір 83-ке толып, 84 жасқа кетіп барамын. Менен кейін үш ұл, үш қыз туған екен. Бір жылы бәріміз «қызылшамен» ауырып Әбдіғали деген ұл қайтыс болды. Қалған үш ұл, үш қызды өсіріп азамат қылды. Қызығын көрді. Анамыздың жас күніндегі тарихын біз білмейміз. Бір қызығы біз нағашы деген ұғымды білмей өстік.

Мен ертерек 1950 жылдан бастап үйден алыста Алматыда интернатта болғандықтан нағашы деген туыстық қатысты білмедім. Кейін бір-екі рет Анамнан сұрағанымда онша құлық болмай, әңгімені басқа жаққа аударып жіберетін, мен де тәптіштеп сұрауға ұмтылмаған болуым керек. Оның себебі бар екенін кейін білдік.

Бірде Алматыдан келе жатқанда Шет ауданының Қайрақты деген жерде анамның бір жақын сіңлісі бар дегенді құлақ шалып, сол кісіге барып жолықтым. Сонда шәй ішіп отырғанда анамның туыстары жөнінде сұрап едім, ол да жасы әжептәуірге келген екен, жөндеп ештеңе айта алмады. Онда отырған бір азамат «Осында үлкен қария бар, ол кісі өте көп нәрсе біледі, соған Сізді апарайын» – деді. Ол қария 94-ке келген, бірақ ширақ тік отыр екен. Мен жағдайымды айттым, менің де білетінім аз еді. Барлық білетінім Қаракесек, Керней, Балта, Борданбайдың қызы Сақыш. «Кімнің қызы, атыкім?» деп қайта сұрады, мен қайталадым. Біраз үндемей тұңғиық отырып «Алла-ай, ол тұқымнан қыздан да болса тұқым бар екен ғой» деп төсекте отыр еді, тұрып маңдайымнан иіскеді, біраз үнсіз отырды да, «Сен мұнда қанша боласың?» – деді. «Мен қазір қайтамын. Алматыдан келе жатырмын Қарағандыға» – дедім. «Сен қайда жұмыс істейсің, Сақыш саған туыстары туралы айтты ма?» – деді, мен Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде профессормын. Анам маған нағашыларым, туыстары туралы айтқан жоқ» – дедім. «Шешең мықты екен, ақылды екен, ағаларына тартқан екен, асығыс болсаң он минут отыр қысқаша жағдайды айтып берейін. Керней Балтаның ішіндегі ең белгілі әулет болған еді, өскен, оқыған, азаматтығы жоғары ел ішінде айтулы, көрнекті, бай жандар еді. Неше түрлі аумалы-төкпелі заман өтті ғой. Ол уақытта шолақ белсенді деген әпербақан адамдар болды ғой. Сақыштың бір ағасымен мен өте жақын болдым. Керемет бір аты болатын. Барлық малдарын үкіметке беріп 2-3 қой, бір сиыр, атын алып қалған, содан бері екі күннен кейін жаңағылар «атты бер» дейді, «Қалған малды түгел алыңдар атымды қалдырыңдар» – дейді. Атты бермейді. Содан соң олар милициямен келіп қол-аяғын байлап түрмеге отырғызып, атты өздері мінеді. Оған ыза болған ағасы бір түні атты мініп қашып кетеді. Борданбай әулетінің бәрінің малын дым қалдырмай тартып алып үкіметке өткізіп жібереді. Біраздан кейін қашып кеткен ағасын милициялар атпен тауып, алып келіп, оны да түрмеге жабады.

Екеуі абақтыдан қашпақ болады. Төбелесіп жүргенде біреуінің аяғына оқ тиеді. Ыза болған Сапар бір ағашпен милицияның басына ұрып, ол қайтыс болады. Екеуі абақтыдан қашып шығып, тығылып жүрген жерінен тауып алып, бұл тұқымынан қатындарын, балаларын ешқайсын қалдырмай атып, өртеп жіберген ғой. «Бізге, жақын азаматтарға, сендер тез басқа жаққа кетіңдер 3-4 жылға дейін көрінбеңдер» – деген Сапар. Мен 4 жылдан кейін келсем, анау екеуін ұстап, атып жіберіпті. Борданбай әулеті өскен азаматтары бетке ұстар азаматтар, ығай мен сығай ауыл адамдары еді. Әулеттерінен, тіпті кішкентай балалардан да ешкімді қалдырмады деуші еді. Алла-ай, қызда да болса біреуі құтылған екен ғой, біз не көрмедік. Ептеген әлді адам әлсіз адамды өлтіріп, етін жегенді де көрдік қой, қалқам-ай» – деп көзінен жасы ағып селкілдеп жылап жіберді. «Кешіріңіз, ағай. Шеріңізді толқытып жібердім бе, мен кейін келемін, жақсылап сөйлесеміз» – деп қолын қысып қоштаса бергенде «Егер, келсең шешеңді ала кел, ағаларын көргендей боламын ғой» – деді. «Тұра бергенде шешеңнің саған неге айтпағанын білесің бе?» – деді. Мен: «Жоқ, білмеймін» – дедім. «Ол уақыттағы адамдардың жүрегінде үрей деген шерменде болып қалған. Айтсам балама кесірі тиеді ғой деп айтпаған ғой, менің де бірінші рет аузымнан шығып отыр, жақсы, жолың болсын».

Күйбең өмір ойыңдағыны істете бере ме, мен күзге қарай шешемді апарамын деп жүргенде ол ақсақал қайтыс болып кетіпті.

Мен жалпы саналы өмірімде көп өкінбейтін адаммын. Алдыма қоятын мақсатымды, іс-шарамды ойланып, таразыға салып және оларды іске асырағанша дамыл таппай еңбек етемін. Адамға берген уәдемді міндетті түрде орындауым керек, қандай кедергі болмаса да. Бұл мінезден талай таяқ жедім, өміріме де көптеген қауіп төнді. Бірақ өкінбеймін, өткен іске өкініш жоқ. Өтті, кетті, бітті. Осы бір өкінішті жағдай есімнен кетпейді. Қария жүрегі елжіреп, өткендегі қиын жағдайды еске түсіріп, қимас достарының тірі ұрпағын көргісі келді-ау. Менің анам да қарияны көргенінде туыстарын көргендей қуанып қалар ма еді деген ойлар жүрегіме батады.

Осы бір өкініш ұмытылмайды, енді өзіммен кететін шығар.

Қаншама әлемге әйгілі адам болсаң да, Анаңды, оның саған жасаған жақсылығын ұмытпау – біздің өмір бойғы борышымыз.

Мен осындай алтын құрсақты Анадан туғанымды мақтан тұтамын. Ол кісінің айтқан ақылымен жүріп, атына кір келтірмей адал еңбек етіп анам көрсеткен «атаның баласы болма, адамның баласы бол» деген қағиданы қолымнан келгенінше ұстанып келемін.

Кей кезде анамның суретіне қарап отырып, оның жүрек лүпілін сезгендей, өзімен сырласқандай күй кешемін. «Әлемдегі ең ардақты, жаныма жақын, ең мейірбан адам сіз едіңіз, қорғаным да, арқа сүйер, үлгі етер өнегем де өзіңіз едіңіз… Сіздің мейірімді жүзіңізді, аялы алақаныңызды, әдемі күлкіңізді сағындым Анашым» – деп аруағымен сырласатын кездерім де болады.

Анам менің тереземдегі жарық сәулем болды. Бас иіп тағзым етемін. Пейіште нұрыңыз шалқысын.

Рухыңызбен сырласып, іштегі шерін тарқатқан ұлыңыз, Темірғали КӨКЕТАЕВ.