Тағзым

Жарқын бейнесі — жүрегімізде

2023 жылдың 3 ақпан күні 84 жасында Шет ауданының Құрметті азаматы, ҚР Жазушылар одағының басқарма мүшесі, ҚР мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, есімі елге белгілі ақын, жазушы Кәмел Жүністегі дүниеден озды.

Кәмел Жүністегі – 1939 жылы 27 қаңтарда Шет өңірі, Ақсу- Аюлы ауылында туған. Орта мектепті 1956 жылы ойдағыдай бітірген Кәмел Жүністегі 1959 жылы аудандық комсомол комитетінің бөлім меңгерушісі болып еңбек жолын бастаған. 1960 жылы Қарағанды Педагогика институтының тарих факультетіне оқуға түседі. Осы кезде-ақ, асқақ қиял жетегіндегі жалынды жас елдің тарихын білу мен қоғамдағы сол шақтағы. саяси-әлеуметтік қатынастарға араласу қызықтырған еді. 1962 жылы қазақ жастары арасында құрылған, «ЕСЕП» (Елін сүйген ерлер партиясы) партиясын ұйымдастырушылардың бірі ретінде, жерлес досы, ақын Зейнолла Игілікұлы екеуіне саяси айып тағылып, Сібірдегі лагерьде болған. Жазасын өтеп оралған соң, 1966 жылы қайтадан институттағы оқуын сырттай жалғастырып, 1977 жылы ойдағыдай. бітірген. Сол, 1966 жылдан 1984 жылға дейін аудан орталығындағы М.Горький атындағы мектепте тарих пәнінің мұғалімі, оқу ісінің меңгерушісі, 1984-1989 жылдары аудандық білім бөлімінде әдіскер болып қызмет еткен. 1989 жылдан 1992 жылға дейін аудандық мұражай директоры, 1992-2005 жылдары аудандық «Заман» газетінің редакторы болып қызмет атқарды.

Жазушы «Дос көңілі», «Көне хикая», «Көксеу», «Көксеңгірдің тасында», «Соңғы Абыз», «Ұлы пайғамбар және ұрпақтары», «Шырағдан», «Қоңыр Құлжа», «Мөрші», «Арманым оттан өрілген», «Едіге», орыс тілінде «Вожак», «Адам, қайда барасың?» кітаптарының, «Құба белдер» трилогиясының, «Тар заман» спектаклінің авторы.

Тарихи тұлғалар мен көне жәдігерлерді зерттеу барысында «Бір ауыз сөз», Шортанбай жырау «Қай заман», Хазірет Әлі «Меруерт қайнар» кітаптарын құрастырып, жарыққа шығарған. Әуесқой композитор ретінде танымал «Арқа самалы», «Аяулым», «Домбыра»,

«Туған жер», «Жаз келді», «Жас Алаш» маршы әндерін жазған. 

Қарапайым да елгезек, адамгершілігімен, ақжарқын мінезімен барша елдің құрметіне бөленген ағамыздың отбасына, туған-туыстарына қайғыларына ортақтасып көңіл айтамыз.

Оның жарқын бейнесі жүрегімізде мәңгі сақталады.

М.МҰХТАРОВ, С.СОЦИАЛ, Д.КӘРСЕМБАЕВ, М.ЖУМКИН, Р.РЫСҚАЛИҰЛЫ, О.СТЫБАЕВ, М.ЖОНКИНА, Б.АРЫСТАНБЕКОВ, Б.ТӘКІШОВ.

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button