Меморондумға қол қойды

Қарағанды облысында көпқабатты үйлердегі лифт шаруашылығын ретке келтіруге айрықша назар аударыла бастады. Осы жұмыстың межесіне жету мақсатында облыс әкімдігі мен «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ басшылығы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Алдағы желтоқсан айынан бастап, аймақтағы ондаған жыл қолданыста болмаған лифттер ауыстырылатын болады. Осы орайда облыстың бағдарламаны пилоттық негізде іске асыратын аймақ ретінде таңдалып алынғанын айта кеткен жөн. Алдағы уақытта бағдарлама республика аумағында қолданысқа енгізіліп, ауқымы кеңейтілмекші. 

– Мәселе өте өзекті. Қарағанды облысындағы сегіз қалада, яғни, Қарағанды, Теміртау, Балқаш, Жезқазған, Шахтинск, Сәтбаев, Саран және Абайда лифт шаруашылығының жай-күйіне тексеру жүргізілді. Көпқабатты үйлерде 361 лифт жұмыс істемейді. Бұған қоса, тағы 800-ге жуық лифттердің пайдалану мерзімі аяқталуға жақын. «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ-мен бірлесіп, үлкен жұмысты бастағалы отырмыз. Пилоттық жобаны іске асыруға желтоқсан айында кірісеміз. Жыл соңына дейін 10-20 лифтті ауыстыру жоспарланды. Бұл тек бастамасы ғана болады, келесі жылы 160-170 жаңа лифт орнатамыз, – деді аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек.

Облыс әкімінің айтуынша, бұл қадам қысқа мерзімде ұзақ жылдарға ұласқан проблеманы оңтайлы шешуге мүмкіндік береді. Несие шарттары жеңілдетілген және қолайлы. Тұрғындармен алдын ала мақсатты жиындар өткізіліп, жұмысты ұйымдастыру тәртібі түсіндірілген. Әрине, түрлі сұрақтардың туындауы да заңдылық. Тұрғындар бұл жұмыстың сәтті аяқталуын асыға күтетін сыңайлы.

– Лифт шаруашылығы мәселесі – бүкіл ел үшін өзекті. Республикада 4000-нан астам лифт ауыстыруды қажет ететін тұрғын үйлер бар. Бағдарламаны пилоттық режимде  алғашқыда Қарағанды облысында іске қосамыз. Қаржы бөлінетін болады, – деп атап өтті «Тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ төрағасының орынбасары Мейіржан Мәкенов.

2021 жылға дейін облыс қалаларындағы көпқабатты үйлердің істен шыққан 361 лифтісі толығымен ауыстырылады деген үміт бар.

Қасымхан ҒАЛЫМ.