Жаңалықтар

Мемлекеттік тіл жасампаздық үні болуы тиіс

«Кеңсе тілі қазақша болмай, іс оңбайды»

Сәкен СЕЙФУЛЛИН.

Облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газетінің 2019 жылғы 23 шілдедегі №79 (22 675) санында ақын Ғазиз Ештанаев бауырымның «Мемлекеттік тіл мерейлі ме?» тақырыбымен жарияланған проблемалық мақаласын оқып шығып, сан түрлі ойға қалдым. Автордың ішкі шемен-шерін ақтара отырып жазған жайларының бәрі шындық. Қазақ тілінің «мемлекеттік» құзіреті қағаз жүзінде ғана қалып тұрғаны жасырын емес. Бұл сорақылық айтылып та, жазылып та жүр. «Қайран сөзім қор болды-ау, тобықтының езіне…» деп хакім Абай айтқандай, мейлінше маңызды мәселенің «баяғы жартас – бір жартас» күйінде қалуы өкініштіақ…

 

Отыз жылға жуық уақыт аралығында Ұлық мереке – Тәуелсіздік күнін жыл сайын жоғары деңгейде атап өтіп келеміз. Алайда, сол кезде де ұлттың тілі ұран болмайды, өзге тілде сайрап, өзгеше күйден арыла қоймаймыз…

Ата Заңымызда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі» деп айшықталып тұр. Ал, Конституция мен онда жазылған әр сөз – қастерлі құндылық!

Біз, қазақстандықтар, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастауымен Қазақ Елін дамытып-көркейту үшін, Әлемдегі дамыған отыз елдің қатарына қосу үшін тынымсыз әрекеттенудеміз. Осынау өнегелі үрдісті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сабақтастық» ұстанымы аясында одан әрі жарасымды жалғастыруды қолға алды.

Бұл бағытта жыл сайын Жолдаулар, Үндеулер жарияланып, байыпты бағдарламалар түзілуде. Олардың арасында мемлекеттік тілдің мұңы мен зары да қамтылады…

Осыны қашанғы қозғай беруге болады?! Нақты нәтиже шығарар уақыт бар ма?!

Біле білсек, қазақ тілі – Ана тіліміз! Ата-бабалардан аманатқа қалған асыл мұра! Алаш ақылманы, ақиық ақын Мағжан Жұмабаев: «Ұлттың тілінде сол ұлттың жері, тарихы, тұрмысы, мінезі айнадай ашық көрініп тұрады. Қазақ тілінде қазақ тың сайран даласы, біресе желсіз түндей тымық, біресе құйындай екпінді тарихы, сары далада үдере көшкен тұрмысы, асықпайтын, саспайтын сабырлы мінезі – бәрі-бәрі көрініп тұр. Қазақтың сары даласы секілді тілі де бай» – деп толғанған екен. Алаш зиялысының сөз түйіні – «ұлттың жаны да, тірлігінің мән-мағынасы мен мазмұны да тілінде тұр» дегенді ұғындырады.

Иә, қазақтың тілі – қастерлі де қайсар тіл. Ата-бабаларымыздың үні, рухы іспетті осынау ғажайып тіл – сонау көнедегі сақтар мен ғұндар дәуірінен тамыр тартып, жыраулар кезеңінде жанданып, кешегі Абай, Әлихан, Мағжан, Ахмет, Міржақып, Жүсіпбек, Мұхтар, Қаныш, Қасым, Мұқағали замандарында сақталып, бүгінгі күнге дейін жетті. Сондықтан, туған тіліміздің жайкүйіне қатысты алаңдаушылықтан арылмауымыз, соған еріксіз мәжбүр болуымыз – тым ұят!

Тұңғыш Президент – Елбасы «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде», «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деп жиі айтқаны баршаға белгілі. Санасы бар адам осы сөздерді ойға түйіп, ұран қылып көтеруге болады ғой. Мемлекетімізде тұрып жатқан әрбір тұрғын мемлекет тілі – қазақ тілін білуі, оны құрметтеп-сыйлауы заңдылық болуы керек емес пе?! Біз нені болсын, жоғары жақтан күтіп, «неге бұлай, неге олай емес…» деп даурығып жатамыз. Саналы адам ақыл–парасаты мен пайымы жетсе, бәрін де бірінші өзінен бастауы керек. Мемлекет алдындағы, Ұлт алдындағы ар-ұятты бірінші орынға қоюы – міндет. Мұнан туындайтын ой – көптен бері айта-айта «жауыр», жаза-жаза «қотыр» болған тіл мәселесін әркім өзі шешуі керек сияқты…

«Тіл – біздің тұтастығымыз», «Тіл тағдыры – ел тағдыры» дейміз. Елбасы тағы бір сөзінде «Қазақ тілі – мәдениеттің бір бөлігі ретінде барлық қазақстандықтарды біріктірудің қосымша құралы болуға тиіс. Ол барлық ұлттар мен ұлыстарға қазақ халқының мәдениетін, дәстүрін, әдет-ғұрпын, тұрмыс-тіршілігін танып-білудің негізі болып табылады. Оны оқып-үйрену мәжбүр ету арқылы емес, саналы түрде жұрттың барлығы үшін бала жастан басталуы, ұйымдық және әдістемелік жағынан қамтамасыз етілуі тиіс» – деп нақтылағаны бар. Шын мәнінде, әрбір қазақстандық қазақ тілі тек қазақтардікі емес, мемлекеттік тіл, мемлекетіміздің әнұраны, елтаңбасы, туы секілді негізгі нышандарының, яғни, рәміздерінің бірі деп қабылдап, болашағымызды айқындайтын ұлттық тіл екенін түсінуі және содан нәтиже шығаруы қажет.

Ғазиз Ештанаевтың жоғарыда аталған жанайқайы – «не керек, бәріне кінәлі – өзіміз…» – деген мазмұнда түйінделеді. Тілдің жайына келгенде, екі-ақ нәрсе сорымыз екен. «Бірі – ұлттық намыстың жоқтығы, екіншісі – қазақ тіліне деген сенімсіздік» – деген ақын сөзінің өзі әрқайсымыздың намысымызға найза сұққандай.

Бұрындары «Қазақ тілі – дүние жүзіндегі ең бай тілдердің қатарына жатады» – деп әлемдегі тіл білгірлерінің біразы құнды пікірлерін айтып өткен. Мәселен, біртуар ғұлама, әулие ақын Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы: «Түрік тілінің ішіндегі гауһары – қазақ тілі» – десе, белгілі Алаш қайраткері Мұстафа Шоқай: «Ұлттық рухтың негізі – ұлттың тілі» – деп туған тіліне зор баға береді. Демек, қандай ұлт пен ұлыс болсын, оның ең басты байлығы – ана тілі. Тілін жоғалтқан халықтың өз алдына дербес мемлекет болып жарытпайтыны бесенеден белгілі.

Тіл – қай елде болсын, қастерлі, құдіретті рухани әрі тарихи құндылық. Ол – достықтың кілті, ынтымақтың бастауы, ырыс-берекенің алды, ұлттың әрі жаны, әрі ары. Ұлттық мәдениеттің гүлденуі, салт-дәстүрдің әрі қарай дамуы, ұрпақтар арасындағы сабақтастықтың ұлы жемісі – Ана тілі. Тіл – таусылмайтын байлық. Қанша тіл білсең, өзгеден соншалық биік боласың. Дегенмен, ең алдымен туған елің мен жеріңнің мемлекеттік тілін білуге міндеттісің.

Ұлтымыздың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаев тағы бір сөзінде «Ұлттың ұлт болуы үшін бірінші шарт – тілі болуы. Ұлттың тілінің кеми бастауы – ұлттың құри бастауын көрсетеді. Ұлтқа тілінен қымбат еш нәрсе болмауға тиіс» – деген екен. Осы орайда, Ана тіліміз жайлы, мемлекеттік тіл тағдыры туралы терең ойлану әркімге үлкен жауапкершілік пен салмақты парыз жүктейді. Тіл бойға ана сүті арқылы тарайды. Ол – атадан балаға мирас болып қалып отыратын баға жетпес мұра, яғни, аса бай рухани қазына. Тіл – халықтың жаны.

Осындай пайымнан кейін сол құдіретті де қасиетті Ана тілімізге жаны ашымайтын, оған қалай болса, солай қарайтын кейбір лауазымды тұлғалардың айтар сөзін қағазға қарап, ежелеп, екі сөздің басын қоса алмай тұрғанын көргенде қаның қайнап, жаның ауырады. Мұндай кезде алмас қылыштай айбынды Міржақып Дулатовтың «Азуды қайрап, бармақты шайнап, басымды шайқап өтті күн…» дейтін өкінішті сөзі еріксіз ойға оралады.

Әрине, қағажу көрген қазақ тіліне ешкімнің жаны ашымайды деп тұжырым жасаудан аулақпыз. Арамызда мемлекеттік тілге, Ана тілімізге, ұлтымыздың ар-намысындай қазақ тіліне алаңдайтын, оны үнемі аялап, жоғары көтеретін, ұлтжанды, жүректері елім мен жерім деп соғатын тұлғалар да баршылық. Ондай озық ойлы азаматтар қарапайым халықты айтпағанның өзінде, мемлекеттік деңгейдегі азаматтардың ішінде де қадауқадау болса да кездеседі. Солардың қатарында Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов, Президент Әкімшілігінің басшысы Қырымбек Көшербаев және солар секілді басқа да бірқатар лауазымды тұлғалардың есімдерін мерейлене атауға болады.

Қазіргі уақытта жоғары оқу орындары мен колледждердің, мектептердің басшыларының басым дені туған тілімізге тосын қарап, төл тілімізді менсінбеуі – ойландырарлық жайт.

Иә, мемлекеттік тілді дамыту мен мәртебесін нығайту – еліміздің мемлекеттік саясатының аса маңызды бағыттарының бірі болуы тиіс. Кез келген тәуелсіз мемлекеттің ең басты қағидаты – мемлекеттік тілді құрметтеу, сыйлау.

Ұлттық тілді жүрегінде жалын бар, Отаны үшін отқа түсіп, жанын пида етуге әзір, кеудесінде ұлттық рухы маздаған қазақ қана қадірлеп, қастерлей алады.

Қасиетті қазақ тілі жасампаздық үні болуы тиіс. Ендеше, қазақы қаны мен көне түркіден үзілмей келе жатқан тектілік тамыры бар, өр тұлғалы, өжет те айбынды Алаш атанған ер қазақтың перзенті болсақ, ұлттық һәм мемлекеттік тілімізге зор құрметпен қарап, қамқоры болайық!

«Сөзі жоғалған жұрттың, өзі де жоғалады» деген Алаш зиялысының сөзін ешқашан естен шығармайық!

Қайыржан БЕКІШЕВ,

академик Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың профессоры, Халықаралық Экология академиясының академигі, Нұра ауданының Құрметті азаматы.

Басқа материалдар

Back to top button