Бас тақырыпПрезидент

Мемлекет басшысы шағын және орта бизнеске қандай қолдау көрсетілетінін айтты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев телеарналар арқылы жасаған мәлімдемесінде шағын және орта бизнеске қолдау көрсету үшін бұрын-соңды болмаған шаралар қабылданғанын айтты. Оның ішінде, ауылшаруашылығын дамытуға айрықша көңіл бөлінбек.

«Кәсіпкерлерге көмек көрсетуіміз керек. Өйткені, олар – экономикамыздың тірегі. Әкімдіктер жергілікті кәсіпорындардың өнімін кем дегенде 6 ай бойы кепілді сатып алу тәртібін жолға қоюы керек.

Шағын және орта бизнес өкілдерін биылғы 1 қазанға дейін еңбекақы төлеу қорынан ұсталатын салықтан босатуды тапсырамын. Мұндай қолдау сауда, көлік қызметі, қонақүй, туризм және басқа да салаларды қамтиды. 

Ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге де қолдау көрсетіледі. Атап айтқанда, бюджеттен 70 миллиард теңге бөлінеді. Көктемгі егіс науқаны үшін «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы қосымша 100 миллиард теңге бөлуді тапсырамын.

Ең алдымен, шағын және орта шаруа қожалықтарына қолдау көрсеткен жөн», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар, мемлекет басшысы Үкіметке жанармайдың нарықтық бағасын 15 пайызға арзандатып, 165 теңгеге дейін төмендету міндетін жүктеді. Оны қамтамасыз ету үшін 390 мың тонна жанармай жеңілдікпен сатылады.  

«Жалпы, осы айтылған шаралар қазіргідей күрделі кезеңде азаматтар мен отандық бизнесті қолдау үшін керек.

Мұның барлығы коронавирус індетінің залалын тезірек жоюға әсер етеді деп сенемін!», – деді Мемлекет басшысы.

Басқа материалдар

Back to top button