Қазақстанда әскерге шақырудан босату шешімдері қайта тексеріледі
Қазақстан Үкіметі азаматтарды әскери қызметке шақыру қағидаларына өзгерістер енгізді. Жаңа тәртіп бойынша әскерге шақырудан босату туралы аудандық және қалалық комиссиялардың шешімдері енді облыстық комиссиялар тарапынан міндетті түрде тексеріледі, деп хабарлайды Ortalyq.kz тілшісі Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.

Тексеру барысында азаматтардың медициналық куәландыру қорытындылары мен басқа да құжаттары қаралады. Облыстық медициналық комиссия шешімді растай алады немесе азаматты қайта медициналық тексеруге жібереді. Заң бұзушылық анықталған жағдайда облыстық комиссия аудандық комиссияның босату туралы шешімін жоя алады.
Жаңа қағидаларға сәйкес, комиссия шешімдері Қорғаныс министрлігінің ақпараттық жүйесінде электронды түрде рәсімделеді. Ал, техникалық ақау болған жағдайда құжаттар қағаз түрінде толтырылады.
Сонымен қатар, шақыру комиссияларының құрамы нақтыланды. Оның құрамына төраға ретінде әкім орынбасары, жергілікті әскери басқару органының басшысы, ішкі істер органдарының өкілі, медициналық комиссия төрағасы және хатшы кіреді. Ал республикалық маңызы бар қалалар комиссияларының құрамына Ұлттық қауіпсіздік комитеті аумақтық органының басшы орынбасары енгізіледі.
Диас СЕРІКҚАЗЫ



