Тұлға

Мейірімді жүрек

     Бұл кісіні ауыл-аймақ, ағайын, туыс, дос-жаран, көрші-көлем келісті, көркем кел­бетіне, кербез жүріс-тұрысына, езуіне үйірілгіш жұмсақ күлкісіне, мейірімі төгіліп тұр­ған көз жанарына қарап-ақ бірден іш тартып, жақсы пікірде қалары анық.

   Табиғи жаратылысы солай шығар, адам жатырқауды білмейді. Кімге де болса, «Айналайын» деген жылы сөзін аямайды. Аса сабырлы, мейірбан жан екендігі сыпайы сөзінен де, шынайы мінезінен де аңғарылып, өн бойынан кісіліктің нәзік иірімдері өріліп тұрады. Біздің қазақта мұндай салиқалы бәйбішелерді көргенде «Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» деген бір тамаша теңеу сөздің тауып айтылғаны ойға орала кетеді. Зинегүл апайды өз басым осы санаттың адамы деп білем. Өйткені, тонның ішкі бауыңдай аралас-құралас болып, сонау Жезқазған, Қарағанды қалаларында сыйластық деген қасиетті ұғымның ақ желкенін бірге көтеріскен сағым жылдарды кейде аңсап, іштей елжіреп те кетеді екенсің…

    Уақыт неткен жылдам еді десеңші! Алды-артына қаратпайды. Аққан селдей, зулаған желдей өте шығады.

    Зинегүл тәтеміз Арқа өңірінде, дәлірек айтқанда, Қостанай облысының Федоров ауданындағы сол кездегі астық өсіруші Молотов кеңшарында 1947 жылдың 15 қаңтарында дүниеге келіпті. Әкесі ауыл шаруашылығы өнімдерін дайындау министрлігінің осы аудандағы өкілетті уәкілі қызметін атқарса, анасы мектепте ұстаздық етіп, балаларды оқыту мен тәрбиелеу ісіне атсалысады. Қайран әке-шеше араларына 1 жыл салып, 1951-1950 жылдары дүниеден өтеді. Бес бірдей жас бала қарт ата мен әженің қолына қарап қалады. Бірақ, өмір тоқтамайды. «Тірі адам тірлігін жасайды» дегендей, алға қойған мақсат, ілгері талап бұларды ерте есейтеді. Жасынан пысық, оқуға алғыр, шаруаға епті болып өскен Зинегүл бауырларын алға жетелеп, жігерлерін әрдайым ұштап отырады. Өзі үйдегі алдыңғы арбаның орнында жүрген соң, бауырларына үлгі-өнеге көрсетуге тиіс болатын.1964 жылы онжылдықты ойдағыдай бітірген соң, болашақ мамандық алуды, яғни, бухгалтер болуды алдына басты мақсат етіп қояды. Арнаулы оқу орнын үздік бітірген Зинегүл Жазкенқызы өзін қабілетті маман ретінде көрсетіп, Петропавл қаласындағы есепші-бухгалтерлер даярлай­тын мектепке оқытушылық қызметке орналасады. Осында жүріп отбасын құрады, сөйтіп, үш сәбиді өмірге әкеледі.

    Өмір бір орнында тұрмайды. Уақыт жыл­жыған сайын адам да өзгереді. Адам жүріп өткен жолына қарап, алды-артын бағамдауға, бірақ, жар жолда аялдап қалмауға, қоғамға пайдалы іс және адамдарға жақсылық жасауға, қалай болғанда да өз бақытын өзі іздеп табуға тиісті ғой. Сол кездегі жас келіншектің ішкі ойы соны сездіріп, соны айтқанды жақсы көріп тұратын. «Өмір деген күрес» екені белгілі қағида. Бойда күш, дәрмен барда неге күреспеске?! Үш сәбиімді қалай асыраймын? Ел қатарына қалай қосамын? Ой осыған кеткенде бойын жиырып, іштей дүр сілкінгені әлі есінде…

    Ел ішінде қауесет жата ма?! «Сонау Ұлытаудың түбіндегі Жезқазған қаласы облыс орталығына айналғалы жатыр» деген хабардың енді ғана құлаққа шалына бастаған кезі. Осы жағымды хабар қамшы болды ма, Зинегүл Жазкенқызы 1972 жылы Петропавл қаласын артқа тастап, Жезқазғанға көшіп келеді. Қарға тамырлы қазақтың елі емес пе? Тамыр-таныс тауып, бастапқыда пәтер жалдап тұрады. Өзі құзырлы органдардың келісімі бойынша Жезқазған қаласындағы есепші-бухгалтерлер даярлайтын мектепке оқытушы болып орналасады. Үш жылдан кейін осы қаладағы ет комбинатына қаржыгерлік қызметке тұрады. Ет комбинатында қызмет еткен жылдарда ол кәсіпорынның барлық учаскелерінде жемісті еңбек етіп, өзін үнемі жақсы қырынан көрсете білді. Бертін келе комбинат басшылары үлкен сенім артып, оны бас бухгалтерлік қызметке тағайындайды. Бұл қызметте Зинегүл Жазкенқызы есеп-қисаптың дұрыс жүргізілуіне, өндіріс экономикасының өрге басып, табыстың еселенуіне өзінің лайықты үлесін қосады. Сонымен қатар, жас кадрларға бухгалтерлік жұмыстың қыр-сырын үйретіп, үнемі баулып отырады. Тәлімгер апайларының есімдерін ауыздарынан тастамай, адамгершілік асыл қасиеттерін жыр ғып айтатын сіңілілері бүгінде әрбір саланың білікті мамандары атанып та жүр.

    1980 жыл. Бұл – Зинегүл Жазкенқызының өз өміріне бір үлкен терең із қалдырған бақытты кезең ретінде есте қалды. Осы жылы ол өзінің өмірлік жары Қыпшақ Шаметовпен бас қосты. Тағдырдың жазуы солай болды ма, өмір көрген кісілер ғой, «Екі жарты – бір бүтін» болуға ықтияр екендіктерін білдірді. Бәрі қарадомалақ балалалардың қамы, солардың бақытты болашағы, бірлік, ынтымағы үшін жасалып, келісіп, пішкен шаруа еді. Бұған ерлі-зайыптылардың арасындағы шынайы сезім мен ыстық сүйіспеншіліктің де бірден-бір себепші болғаны анық. Қыпшақ Шаметов Жезқазған байыту фабрикасында еңбек және жалақы төлеу бөлімінің бастығы болып жауапты қызмет істейтін.Тағдырдың тауқыметіне көнбейтін жан бар ма? Шиттей бес баланың жағдайын ойлаумен жаны жүдеп, жүзі жабырқап жүрген-ді. Осы бес баланы болашақ жары Зинегүл бауырына тартып, оларға аналық ыстық мейірін төкті. Өзінің үш баласын да олармен тең ұстады. Қыпшақ та жарының бұл ыстық ықыласына, аналық мейірім, шапағатына ризашылық сезіммен қарады. Балалардың тәрбиесіне, бәрінен де бұрын олардың ымыра-бірлігіне сызат, көңілдіріне кірбің түспеуіне әкелік қамқор пейілін үнемі танытып отырды. Осылайша тату-тәтті, жарасымды жұбайлық өмірлерін жалғастыра білген құтты шаңырақ иелерінің жанұяларында көп кешікпей-ақ, Айнұр, Дана есімді екі қыз бала дүниеге келеді. Балалы үйдің базары онан сайын шалқи түседі.

    Өмір қандай қызық! Осы 10 баланың бүгінде ормандай ұйыған 10 ауыл болып, олардан тараған 25 немере мен 2 шөберенің қолынан ішкен бір қасық мөлдір суларын шекер, балдан кем көрмейтін ардақты ана, асыл әже Зинегүл Жазкенқызынан артық дүниеде бақытты кісі жоқ шығар, сірә! Бұл кісі қазір Қарағанды қаласында. Құрметті еңбек демалысында. Анда-санда сәлем-сауқат алып, Жезқазғанға барып тұрады. Қаланың әр бұрышы, әр кездескен адамы таныс. Туыстарды айтпағанда, дос- құрбылар жетіп-артылады. Бәрі үйлеріне шақырады. Мойын бұруға шама жоқ. Қыпшақ аға кенді өлкенің азаматы болатын. Топырақ сол ата жұртынан бұйырды. 2015 жылы Зәкең өзі бас болып, 10 баласы 10 жақтан қолдап-қостап, Қыпшекеңнің дүниеден озғанына 20 жыл толуына орай Жезқазғанның үлкен бір мейманханасына құдайы ас беріп, әруаққа арнап Құран оқытып қайтты. Тірі адамның қолынан келетін тірлігі сол ғана.

     «Уақыт өзгерді, ел жаңарды. Ең бастысы, еліміз аман, жұртымыз тыныш. Елбасының осы Тыныштықты сақтаудағы еңбегіне, өз басым, аналық басымды иемін. Жер бетіндегі барлық аналардың ақ тілегі осы тыныштық емес пе?! Меніңше, жұмақтың төрі де осы болмақ! Үлкен кісі «Болашағымыз – бірлікте» деген сөзді бекер айтпайды. Отбасы – шағын мемлекет қой. Мұны мен өз отбасымның бірлігі мен тірлігінен күн сайын көріп келемін», – дейді мейірімді жүрек иесі Зинегүл Жазкенқызы.

    Бүгінде Шакметовтер әулеті ұрпақтарының басым көпшілігі «Қазақмыс» корпорациясы кәсіпорындарында, Жезқазған, Қарағанды қалаларындағы мемлекттік мекемелерде, білім беру және бизнес салаларында еңбек етеді. Олардың арасында экономист, бухгалтер, ұстаз, дәрігер, заңгер, кәсіпкер, тағы басқа мамандық иелері бар.

    «Дүниеге кірпіш болып қаланып» жат­қан осы ұрпақтарды түзу жолға салып, бәріне де күн сәулесіңдей жылуын құйып жүрген ана жүрегінен асқан құдіретті ештеңе жоқ-ау деген ой Зинегүл апайды көрген сайын мені мазалай түскендей болады.

      Осындайда: «О, аналар осындайсың бәрің де…», – деп сырнайлата ән шыр­қайтын байырғы «Қаракөз» ансамблінің жезтаңдай әншісі Жақсыкелді Сейілов досымның таңғы шықтай мөлдір даусы құлағымда жаңғырып сала беретіні несі екен?!

Аналар, шын мәінінде, құдіретті жандар ғой!

Ибрагим БЕКМАХАНҰЛЫ,

ҚР ақпарат саласының үздігі.

АЛМАТЫ қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button