Жаңалықтар

Медиев мұнарасы

Ойыма марқұм Жәнібек Кәрменовтің «Ойламаңдар, жігіттер!» атты танымал термесі орала кетті. «Адам боп келдім өмірге, Адам боп өту – тілегім…». Сөз жоқ, елін сүйген жүректің, адалдықтан айнымаған азаматтың тілегі.
…Қайраткер тұлға Қасымбек Медиев туралы көп жазған, абыройлы ағамен көп әңгімелескен адамның бірі – менмін. Үнемі Қасымбек аға сөзінің түйіні осы тілекке тоқайласады. Иә, біз кеш таныстық. Бірақ, мен Қаскеңнің қадіріне сырттай қанық едім. Ол кісінің ел игілігі жолында атқарған істері мен кісілік келбеті, ғибратты ғұмыры мен азаматтық ажары менің көкірек көмбемде сайрап жататын-ды. Бір көріп, сәлем беруге ынтығып жүрдім. Оның да сәті түсті. Жазба-сызбамды оқып жүреді екен, бірден шүйіркелесе кеттік. Алғашқы кездесуден-ақ Жәнібек Кәрменовтің жүрегіне жүк болған әлгі тілектің қайраткер Қасымбек аға тағдырында орындалғанына көзім жетті. Адам боп келді өмірге. Адами қасиеттерді қазық етті. Адами қалыптан айнымады. Сексеннің сеңгіріне сергек көтерілген шағында да қарттықпен қабаттаса келген дертін емес, елге қызмет етемін деген сертін ойлап, алаңдап жүр.

* * *
Өткен ғасырдағы 90-шы жылдардың басы. Ұлт ұясы Ұлытауға сапарлаудың сәті түсе кеткені. Ыңыранып, өрге қарай өзін әрең алып шығатын «ПАЗ» маркалы автобус ылдиға қарай шаңғымен сырғанағандай жүйткиді. Маған бейтаныс болғанымен, жолаушылар бірін-бірі жақсы біледі-ау деймін, мотор даусымен жағаласа даурығып келе жатыр. Қаныштың қаласынан (Сәтбаев) қанша ұзағанымыз белгісіз. Алғашқы сапарым болғандықтан, көз алдымда көсілген мынау даланың әр төбесі, әрбір қырат-белесі – мен үшін ашылмаған Америкадай. Терезеден Ұлы Далаға телміре қарап, ой жетегінде келемін. Бір сәт алдыңғы орындыққа жайғасқан қарияның жүргізушінің иығына төне келіп:
– Балам, мені Медиев мұнарасының тұсынан түсіресің. Сол жерде қаламын, – деген даусы бөліп жіберді.
Таң қалдым. Кітапханадан шықпайтын, әлемнің ілімін оқып тауысатындай талап жетегінде жүрген кезіміз ғой. Пәленің бәрін білгенде, тура осы өңірде «Медиев мұнарасы» деген мұнараның бар екенін білмеппін. Бұл өңірді былай қоялық, әлемнің өзінде «Эйфель», «Останкино», «Варшава радиодіңгегі», Алматыдағы «Көктөбе» секілді са­наулы-ақ мұнара бар емес пе?! Ал, «Медиев мұнарасы» қай мұнара? Қариядан мұнара сырын сұрауға бір оқталдым да, тартына қойдым. «Өй, ақымақ! Соны да білмейсің бе?» десе ше… Бірақ, тура сол сәтте әлгі мұнараға анықтауыш болып тұрған «Медиев» деген фамилия құлағыма жылы естілген. Бұрынғы Жезқазған облысы атқару комитетінің төрағасы Қасымбек Медиев! Мүмкін, осы кісінің бастамасымен бой көтерген мұнара шығар деген топшылаумен ой тоқыраттым да, ыңыранған автобустың әлгі ақсақал түсетін жерге жетуін күттім. Келдік. Шынымен-ақ, қыр басында еңселі мұнара тұр. Ұқыпты қоршалып, айналасы көгалдандырылған телекешен екен.
Кейін білдім, дәл осы мұнараның Қасымбек ағаның қажырымен бой көтеріп, ел кәдесіне жараған ғажайып құрылыс екенін. Қаскең бұрынғы Жезді ауданына бірінші хатшы болып келгенде басталғанына төрт жылдан асқан «сақалды құрылыстың» бірі болыпты. Естеріңізде шығар, Кеңес дәуірінде билік құрған Компартияның ұраны ғана халықшыл болды ғой. Шынтуайтында қарапайым халықтың мұң-мұқтажы үшін оның сұр есігі үнемі жабық болатын. Ал, Қаскең өзі басқарған өңірлерде халыққа етене жақын жүрді. Медиев билігінің бұқара халықтан оқшауланған кезі болған емес. Жезді өңірінің тұрғындары Медиевтің халықшыл мақсатының игілігін әлі күнге дейін көріп отыр. Осы Қаскең 1987 жылғы наурыз айының соңында өзге өңірдің бірінде болмаған «Ашық хат алмасу күнін» жариялапты. Жезділіктерден 340-тан астам жазбаша ұсыныс-тілек түседі. Соның 140-ының бұйымтайы «Жезді халқы қашан теледидар көреді?» деген мазмұндағы ортақ игілікті көздейді. Ойлап көріңіз, жетпіс жыл билік құрған Үкімет пен партия облыс орталығынан небары 60 шақырым жердегі Жездіге теледидар жеткізе алмаған.
– Бұл мәселені біз Сіздерсіз шеше алмаймыз. Олай болса, жалпыхалықтық құрылыс жариялап, штаб құрайық. Сәтін салса, 7 қараша – Қазан Революциясының 70 жылдығына үлгереміз. Қаласаңыздар, штабты өзім басқарайын, – депті сонда бірінші хатшы Медиев.
Осылайша, мұнара құрылысына құлшына кіріскен Қаскең «қалауын тауып, қар жаққандай» іскерлік танытқан екен. Сертінде тұрды, уәде орындалды. Мына ғажапты қараңыз… 5 қараша күні телемұнараның ашылу салтанаты болып жатқан. Оркестр құйқылжыта күй орындайды. Тура осы сәтте қыр басына бір табын киік келіп, дала төсіндегі салтанатты тамашалаған екен. Ақбөкен – даланың киесі. Араға жылдар салып, Қаныштың Жездісіне жезқанатты кие қайта оралған екен. Сол күні Жезді халқы ерекше рухқа бөленіп, руханият нәрімен сусындаған еді. Осынша құбылыстың кездейсоқтық емес екенін бағамдаған халық әлі күнге дейін осы мұнараны бейресми түрде Қаскеңнің атымен атайды.

* * *
…Қаскеңнің Арқа атырабындағы айшықты ізі, қоғамдағы қолтаңбасы бір ғана бұл мұнарамен шектелмейді. Қажырлы қайраткердің қызмет бабында көшіп-қонған бағыттары Шет – Жаңаарқа – Ақтоғай – Қарағанды – Егіндібұлақ – Мәскеу – Ақадыр – Жезді – Жезқазған – Шет – Қарағанды болып із тастайды. Ізгіліктің ізі. Көрегендіктің көші. Осылардың ішінде тек Мәскеуге ғана оқуға барды. Ал, қалғандарында қайнаған еңбектің, беймаза бейнеттің ортасында жүрді. Қайтадан ашылған Егіндібұлақты еңселендірді, жаңадан ашылған Ақадырды аяғына қойды, Жездіні жайнатты, Ақсу-Аюлыны ажар­ландырды. Жезқазғанды кие тұтып, Қарағандыны қадірледі. Барлығында да абыройдың алтын тұғырынан көрінді.
1992 жылы кеңестер жұмысын тоқтатып, әкімшілік басқару жүйесі енгізілген тұста облыс басшылығына «Медиевті бізге жіберіңіз» деген өтініш-тілек Жездіден, Шет ауданынан, Ақадыр халқынан қарша борады. Ал, Қаскеңнің қалауы туған топырағы Шет ауданы болды. Араға 31 жыл уақыт салып, алтын тұғырына қайта қонған қыран болмысты Қасымбек Медиұлы туған ел алдындағы перзенттік парызын өтеуге білек сыбана кірісті. Ақсу-Аюлының аудан орталығы болып сақталуында да Қаскеңнің қайраткерлігі жатыр. Оңтайландыру науқанының оң жамбасына түскен Жезқазған облысында бірнеше аудандардың жабылғаны белгілі. Шет ауданы мен Ақадыр ауданын қосу мәселесі күн тәртібіне қойылды. Қасымбек аға – екі оттың ортасында. Шет – туған жері, Ақадыр – өз қолымен ашып, 13 жыл басқарған құтты мекені. Жершілдікпен жіктелу табиғатына дарымаған халықшыл басшы келешекті кемел ойлауға ниет етті де, теміржолы, төңірегінде өндіріс орындары бар Ақадырдың аудан орталығы болмаса да, дағдарысқа ұрынбайтын мүмкіндігін ескерді. Осылайша, жасаған тәуекелінің өміршең игілігін халық көріп отыр бүгін. Кейін Қарағанды облыстық мәслихатының екі тізгін, бір шылбырын екі шақырылым бойы ұстаған қайраткер ағаға деген аудан тұрғындарының серпінді сенімі ақадырлықтардың өкпесін емес, ризашылығын танытты.
Сонау комсомолда жүрген шағынан бас­тап қарапайымдылық, елжандылық, әділдік секілді адами құндылықтарды қастерлей білген және бойына сіңірген еді. Ғұмыр бойы осы қалпынан айныған жоқ. Әйтпесе, бірінші хатшының өз жүргізушісінің үйіне барып, тоңазытқышы мен мал қорасын қарап, жолсерігінің дастарқанында – ет, қорасында – шөп жоқтығына алаңдағанын көріп пе едіңіз? Біздің Қаскеңнің осындай қасиеттері ел аузында аңыз болып жүр.
Сөз басында айттым ғой, мен Қасымбек аға туралы көп жаздым. Әр жазған сайын болмысы күрделене түседі. Әр сұхбатымыз­да бір қыры ашылады. Ең бастысы, Қаскең сөз біледі. Шешіліп отырып шежіре шертеді. Ел мен жер тарихына терең бойлап, көсіліп кететіні бар.
…Бірде Қасымбек ағаның үйінде тоңазыған жылқы етін жеп отырып, әңгіме тиегін ағыттық.
– Менің арманым өздерің сияқты журналист болу еді. Өйткені, елді сүйдім. Елдің ортасында көп болсам деген мақсат мені осы арманға жетеледі. Бірақ, журналист болмасам да, бар ғұмырым ел ішінде өтті ғой. Соған шүкіршілік етемін, – деді. Ақсақал тобасының астарында өкініш жатқанын сезсем де, ғибратты ғұмырын текке өткізбеген ағаның өнегесіне сүйсіндім.
Қалам ұстаған адамның жүрегіне ізгілік ұя салады емес пе?! Арманы орындалмаса да, ағамның аңсары – қаламда. Біздің «Орталықтың» тұрақты авторы. Бірақ, әлдебір «қаламгерлер» секілді әр нәрсенің басын шалмай, өз дәуірінің тынысын жазады. Үзеңгілес жүріп қызмет атқарған достарының өнегелі өмірін өзек етеді жазбасына. Әсіресе, Қаскеңнің өмірден өтіп кеткен достары жайлы жазған естеліктерін тебіренбей, жанарыңа жас үйірмей оқу мүмкін емес. Досқа деген адал пейілі сағыныш болып төгіледі. Белгілі қайраткер тұлғалар Жаманқұл Шайдаров, Жұмабек Күлейменов, Жақан Қошанов, Жамбыл Ақылбаев, Аманбек Әбдіханов туралы жазған естеліктерін өскелең ұрпаққа аға буынның өнегесін дәріптеуге сүбелі үлес қосқан дүниелер қатарына жатқызар едім. Ұрпақ сабақтастығы осындай дүниелермен ұшталса керек-ті. Ұстаздарын да ұмытқан емес. Жұматай Құтжанов, Нариман Төлепов, Бәйкен Әшімов, Мәлік Имашев, Сұлтан Досмағанбетов, Қамзе Жұмабеков сынды тұғырлы тұлғалар есімін үнемі құрмет атап отырады. Осының барлығы – жүрегі таза, пейілі адал азаматтың ғана қолынан келетін құндылық.
…Қаскеңнің қызмет бабындағы іскерлігі, елден алған алғысы, мемлекеттен алған марапаттары газеттің тура осы бетінде тұрған інілері мен әріптестерінің лебізіне жүк болған екен. Оны қайталап не қылайын?! Өнегелі өмірінің ең бір шуақты сәтіне Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлымен қатар қызмет атқарған жылдарын, ал, ең бір тарихи жауапты сәтіне «ҚР Тәуелсіздігі туралы» Конститутция­лық Заңның қабылдануында Заң жобасын қолдап, батыл пікір айтқанын балайды өзі. Міне, мағыналы ғұмырдың мазмұны осында жатыр.
* * *
…Жақында Ұлт бесігі Ұлытауға жолым түскен. Төңірегі кен қалдықтарымен тұтасқан Ұлы Даланың дөңінде «Медиев мұнарасы» менмұндалайды. Атырапқа хабар таратып тұрған мұнараның асқақтығынан Қасымбек ағаның абыройын аңғардым. Биіктігі 96 метрлік мұнара арқылы тарап жатқан әуе толқыны қай жерге барып тұйықталары белгісіз. Ал, мұнараның өзі айналасына шуағын төккен Қасымбек ағамдай көрінді маған. Өмір соқпағы беймезгіл тұйықталмаса екен! Көкке шаншылған мұнара. Аға абыройы. Егіз ұғымға айналған!

Ерсін МҰСАБЕК.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button