Жұмыс істеймін деген адамға мүмкіндік көп. Қандай да бір бизнес ашуға немесе бизнесіңді бір жүйеге келтіріп алғанша мемлекет тарапынан түрлі көмек бар. Осындай мүмкіндікті пайдаланған жандардың қатарында Осакаров ауданы Молодежный кентінің тұрғыны Вероника Кудратова да бар. Осы жазда аудан әкімінің 1 млн теңге көлеміндегі грантын иеленіп, фотостудиясын кеңейткен.
Осыдан екі жыл бұрын кентте фотостудия болмаған. Кент тұрғындары әрбір қуанышын таспалау үшін немесе мектеп түлектерінің бітіру кешін түсіру үшін фотографты аудан орталығынан шақырып жүрген. Ал, тұрғындарға фотографты сырттан шақырту – тиімсіз. Вероника Тимуровна осы мәселені ескеріп, шағын фотостудиясын ашқан болатын. Сонымен қатар, кенттегі қыз-келіншектерге де сұлулық қызметін көрсетіп жүрген. Биыл жазда аудан әкімдігінің грантына қатысып, фотостудиясын сұлулық салоны бар үлкен орынға айналдырды.
– Аудан әкімінің грантын иеленіп, сұлулық салоны бар фотостудия аштым. Берілген қаражатқа фотостудияға жөндеу жұмыстарын жүргізіп, қажетті құрал-жабдықтарды алдым. Әрі керек жиһаздарға да тапсырыс бердім. Тұрғындар тарапынан жылы сөздер де естіп жатырмыз.
Фотоға түсіруді жаным сүйеді. Қазіргі уақытта шығармашылығымды дамыту үшін түрлі курстарға қатыстым. Әрі аудан жастарына тегін шеберлік сабағын өткізіп жүрмін, – дейді кейіпкеріміз.
Кеңейткен фотостудиясында қажеттінің бәрі бар. Тек суретке түсуге ғана емес, түрлі тренинг өткізу үшін барлық жағдай жасалған. Бәзбіреумен сұхбат құруға немесе қандай да бір сюжет түсіру қажет болса, кез келген адам фотостудияны жалға алады. Ал, сұлулық салоны да қажетті жабдықтармен қамтылған. Аудан тұрғындары жалға алып, «Шағын бизнесімді жүргіземін» десе де, Вероника Тимуровна қарсы емес.
– Суретке түсіріп, шаш қиюды өзім үйрендім. Кішкентай кезімнен сурет салғанды жақсы көретінмін. Бәлкім, қызығушылығым мені осы салаға алып келген болар?! Кейінірек Қарағандыға, Алматыға барып, түрлі сұлулық курсын оқыдым. Тіпті, түрлі сұлулық салонында тегін жұмыс істедім. Тегін жұмыстан қашпадым. Керісінше, сол жерден «бірдеңе үйреніп шығайыншы» деген ниетпен жүрдім. Қазір сол үйренгендерім көп көмегін беруде. Бірақ, әр жұмыстың өз қиындығы бар. Өз басым түрлі адамдармен кездесемін. Біреуінің мінезі жұмсақ, ал, біреуінікі керісінше. Сондықтан, бәріне шыдап, бәрімен бірдей жұмыс істеуің керек. Алда әлі біршама жоспарым бар, – дейді кәсіпкер.
Кейіпкеріміз тәмамдаған мамандығы бойынша медицина қызметкері екен. Қазір кішкентайымен екі жылдан бері үйде. Бірақ, соған қарамастан өзінің жаны сүйетін іспен шұғылданып, кәсібін дөңгелетіп отыр.
– Бұған дейін ешқандай грант алмадым. Кентте тұрақты тұтынушыларым бар. Жұмысым ойдағыдай жүріп жатыр. Кәсібімді ашқан жылдары ниет білдірген қыздарға сұлулық курсын тегін үйреттім. Одан кейін көпбалалы отбасынан және аз қамтылған отбасынан шыққан 11 сынып түлектерін тегін фотоға түсірдім. Қыздарға тегін макияж жасадым. Енді фотостудияда жұмыс істейтін қызметкерлердің қатарын көбейтуді ойлап отырмын, – деді Вероника Кудратова.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Осакаров ауданы
Ortalyq.kz