Мәмілегер манифестің «Ақ орамалы»

Жуырда Достық үйінің конференц-залында «Ақ орамал» акциясы аясында «Ақ орамал – көпұлтты Қазақстанның бейбітшілік нышаны» атты жастар мен аға буынның кездесуі өтті.

Аталған іс-шараға Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі мүшелері, этно-мәдени бірлестіктердің төрағалары мен мүшелері, дін басылары, Қарағанды облысы дін істері басқармасының мамандары, ардагер аналар, және жастар қатысты.

Келелі жиынды №52859 әскери бөлімінің ата-аналар кеңесінің төрайымы, Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің мүшесі М.Фатеева жүргізіп отырды. Мария Дмитриевна өз сөзінде Семей ядролық полигонының жабылғанының 25 жылдығын атай өтіп, акциясының мақсатында көрсетілгендей өскелең ұрпақтың санасына қазақстандық патриотизмді ұялатуға, толеранттылықты сақтауға, адамзаттың санасынан соғыс атаулыны түбірімен жойып, отбасылық құндылықтарды дәріптеп, көпұлтты Қазақстан халқын қоғамдық тыныштық пен өзара түсінушілікті сақтауға қосқан үлесін баян етті.

Кездесу ұрпақтар сабақтастығындағы межелі нүкте ретінде үлкендердің жастарға шынайы махаббат, зор қамқорлықпен айтылған кеңестерінің, жеке тәжірибелерінің негізінде бейбітшіліктің әрбір мемлекетте ғана емес әрбір отбасындағы орынын ашты.

Үлкендердің қолымен байланған орамал – көптеген ұлттарда жастарға берілетін бата мен мархабаттың белгісі, олар өткен түзу жолға бет түзеудің ырымы. Іс-шара барысында көпбалалы ардагер ана Жәмилә Брендельге, жас ана Дарья Валитоваға, Виктор мен Татьяна Чинаевтардың жанұясына, Бекзат Айтпаев пен Жұлдыз Мукушеваның отбасына Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының атынан ізгілік пен бейбітшіліктің нышаны – ақ орамал мен естелік кітаптар табысталды. Орамал байлаушылардың қатарында қарапайым ана, жас жұбай мен әжелер ғана емес, сонымен қатар, этно-мәдени бірлестіктердің белсенді өкілдері, түрлі қауымдастықтың төрайымдары мен Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің мүшелері де бар.

Облыстық «Рідне слово» украин тілі серіктестігінің құрметті төрағасы Николай Матияшин аталған акцияны қолдайтынын айтып, Елбасы Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаевтың ел тұтастығы мен бірлігін ғана емес, сонымен қатар, әлем тыныштығын сақтаудағы рөлінің орасандығын тілге тиек етті.

Қарағанды мешітінің имамы өз сөзінде іс-шара нышанының ақ түсін ислам дініндегі маңыздылықпен сабақтастырды. Оның айтуынша, Мұхаммед пайғамбардың өзі ақ түсті жақсы көрген және хадисте жазылған ең ыңғайлы әрі жарасымды киім – ақ түсті киім деп атаған.

Қарағанды Епархиясының дін маманы ақ орамалдың – сенімнің нышаны ретінде кезінде христиан шіркеуін ұмытылудан сақтағанын айтты.

Қатысушылардың айтуынша, бұл әлемде болып жатқан оқиғалар бәріне бірдей қатысты әрбір жасалған іс-әрекет басқа бір тұтас дүниенің бөлшегі. Бұл тұрғыдан қарасақ, көпұлтты Қазақстан – әрбір адамы бейбітшілік пен келісімді арман ететін мемлекет ретінде жер шарының мини моделі болып келеді.

Іс-шараға қатысқан танымал суретші П.Андриюктың қызы Людмила Павловна облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының кітапхана қорына достықтың белгісі ретінде әкесі туралы жазылған естелік кітабын сыйға тартты.

Аталған іс-шараның басты мақсаты – бұл «Ақ орамал» акциясының рухани әрі философиялық маңыздылығын жеткізу, соғыс пен қоғамдық тәртіпсіздіктер орын алған мемлекеттерді қарусыздандыру, өскелең ұрпақ үшін жаңа қарусыз дәуірдің есігін айқара ашу.

Қарағанды облысы әкімі

аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ баспасөз қызметі.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.