«Мәңгілік Елдің» манифесі

     Кеше облыс әкімдігінің мәжіліс залында Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын талқылауға арналған облыс активінің жиыны өтті. Алқалы жиынға облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ төрағалық етіп, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, мекеме-ұйым басшылары, БАҚ өкілдері қатысты.

Елбасы мақаласы да кеше ғана жарық көрген. Мемлекет басшысының еңбек және саяси атамекені саналатын Қарағанды жұртшылығы Елбасының игі бастамаларына бірінші болып қолдау көрсетуден әсте айныған емес. Бүгінгі жедел жиын да – сол бұлжымас дәстүрдің жарқын көрінісі. Түсінікті тілмен айтқанда, мақаланы таңертең оқыдық, түстен кейін саралап, салмақтадық.

Ең әуелі Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының маңызына тоқталған абзал болар.

«Мен еліміз мықты, әрі жауапкершілігі жоғары Біртұтас Ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басатынымыз және бұқаралық сананы қалай өзгертетініміз туралы көзқарастарымды ортаға салуды жөн көрдім» дейді Елбасымыз мақала кіріспесінде. Сөз жоқ, көзқарасы – көшелі, бастамалары – байсалды. Жасыратыны жоқ, біздің қазақстандық қоғам қуаңшылықта аңқасы кепкендей күй кешіп, рухани серпіліс аңсап отыр еді. Көреген Көшбасшымыз дәл осы тарихи сұранысты дөп басты. Қанағаттанып қана қоймай, қанаттанып сала бердік. Нағыз «Мәңгілік Елдің» манифесі!

Біз бүгін аса маңызды мәселені салмақтауға жиналып отырмыз. Облыстың миллиондаған жұртшылығы, әрбір тұрғыны – Президенттің барлық стратегиялық бастамаларын жүзеге асырудағы тірегі екенін ерекше сезінеді. Сондықтан, біз актив жиналысын шақырып, халыққа, жергілікті билік өкілдеріне, бұқараға – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының маңызын түсіндіру үшін жиналдық.

Бүгін жарияланған мақала Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы» Жолдауымен үндестік тауып, біздің алдымызға рухани даму, жаһандық жаңғыру жолында үлкен әрі тарихи міндеттер жүктеп отыр, – деді аймақ басшысы Ерлан Жақанұлы.

Иә, Елбасы мақаласында қамтылған жаңғыру бағыттарының барлығы – руханият саласындағы реформаторлық жаңалықтар. Негізгі алты бағытында төл тарихымыздың баға жетпес құндылықтарына шолу жасалып, жаңғыру кезеңіне бастар жаңа жолымыз да сол көне сүрлеуге негізделген. Мұнда бабалар аманатынан алшақ кетпеген тектілік жатыр.

Облыс әкімінен кейін Қазақстан Жазушылар одағы Қарағанды облыстық филиалының директоры, ақын Серік Ақсұңқарұлы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, облыстық «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Увайс Жанаев, облыстық мәслихат депутаты Айман Түкбай, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің оқытушысы Дастан Көшербаев, Қарағанды облысы Жастар ресурсы орталығының бөлім басшысы Ержан Хамитов және Қарағанды облысы Кәсіпкерлер қауымдастығының атқарушы директоры Серік Санаубаев, облыстық «Орталық Қазақстан» газеті Бас редакторының орынбасары Ерсін Мұсабек сөз алып, Елбасы мақаласының маңыздылығы мен өзектілігі жайлы ой толғады.

Алаштың азулы ақыны Серік Ақсұңқарұлы «Біз бұл сәтті 26 жыл бойы күттік. Елбасының мақаласымен келген рухани серпіліс шығармашылық тұрғыдан шабытымызды шалқар етеді» деп көсіле келіп, ұшқыр һәм ұтымды ойын жырмен өрнектеді.

Айман ТҮКБАЙ, облыстық мәслихат депутаты:

Мен кәсіби педагог ретінде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын бүгінгі қоғам үшін аса маңызды тарихи құжат деп бағалаймын. Әрбір әріптесім мен шәкірттерім үшін Президентіміздің бұл ғылыми еңбегі таптырмас көмекші құрал болары даусыз. Өйткені, мақаланың өзегінде төл тарихымыз бен асқақ рухымыз бар. Бүгінгі қоғамды рухани тұрғыдан жаңғыртудың негізгі алғышарттары жан-жақты қамтылған. Бұл мақала – ел жастарының бойына жігер мен құлшыныс ұялататын ұтымды ұсыныстар жиынтығы.

Қарағанды облыстық мәслихаты депутаттары атынан «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы саяси кеңесінің мүшесі ретінде, мен Елбасы мақаласында қамтылған барлық мүмкіндіктер мен міндеттер қарағандылықтар тарапынан ауқымды қолдау табарына сенімдімін.

Дастан КӨШЕРБАЕВ, ҚарМУ-дың кафедра меңгерушісі, саяси ғылымдар кандидаты:

Елбасы Н.Ә.Назарбаев білімнің ел өмірінде алатын ерекше ролін: «Бәсекелік қабілет дегеніміз – ұлттың аймақтық немесе жаһандық нарықта бағасы, я болмаса сапасы жөнінен өзгелерден ұтымды дүние ұсына алуы. Бұл материалдық өнім ғана емес, сонымен бірге, білім, қызмет, зияткерлік өнім немесе сапалы еңбек ресурстары» деп нақты белгілеген болатын.

Сонымен қатар, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Біз тарих, саясаттану, әлеуметтану, философия, психология, мәдениеттану және филология ғылымдары бойынша студенттерге толыққанды білім беруге қажетті барлық жағдайды жасауға тиіспіз. Гуманитарлық зиялы қауым өкілдері еліміздің жоғары оқу орындарындағы гуманитарлық кафедраларды қайта қалпына келтіру арқылы мемлекеттің қолдауына ие болады. Бізге инженерлер мен дәрігерлер ғана емес, қазіргі заманды және болашақты терең түсіне алатын білімді адамдар да ауадай қажет», — деп атап өтті Президент.

Интеллектуалды әлеуетімізді қалыптастыру мемлекеттің негізгі міндеті болып отыр. Жоғары білім жүйемізді бүгінгі заман талаптарына сай жасақтап, рухани мәдениетімізді, қаржылық, техникалық ресурстарымызды өнегелі, жоғары интеллектуалды ұрпақ тәрбиелеуге жұмылдыруымыз керек. Тек сонда ғана өзінің дербес ұлттық рухы, мәдениеті, тарихы, санасы дамып жетілген өркениетті ұлт есебінде жалпы адамзаттың ұлы көшіне ілесіп, басқа мемлекеттермен терезесі тең мемлекет ретінде иық тірестіре аламыз. Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы жаңғыруымыздың үшінші кезеңіне жарқын жол бастаған «желкен» болды.

Ерсін МҰСАБЕК, облыстық «Орталық Қазақстан» газеті Бас редакторының орынбасары:

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын таңғы асыммен бірге бойыма қуат, ойыма шуақ ұялатқандай әсерде қабылдадым. Біз бұған дейін де рухы еңкіш тартып, елдің артында, көштің соңында қалмаған елміз. Бағыты – айқын, бақыты – үстем, рухы – асқақ Ұлы халықтың өкілі едік. Нұрсұлтан Әбішұлының бұл мақаласы – әдеттегідей ресми тапсырмалар мен міндеттер тізбегі емес, көрегендікпен екшелген тарихи құжат. Санамызға серпіліс пен сергектік әкелген бағдарламалық мақаланың бізге жүктейтін жүгі де – ауыр. Қазақы ұғымдағы қасиетті қара қазанды көтеріп тұратын ошақтың үш бұты бар. Елбасының биылғы Жолдауында екі жаңғыру бағытын сезінгенбіз. Біріншісі – саяси реформалар, екіншісі – экономикалық жаңғыру. Міне, ошақтың үшінші бұтындай болып рухани жаңғыру қосылып отыр.

Мақаланың маңыздылығы сол, Елбасы Отанды сүю мен жершілдіктің, тарихыңды тану, тегіңді білу мен рушылдықтың аражігін ажыратып берді.

Сенімді серпілтіп, жігерді жаныған жарияланымның өміршеңдігі сонда – мақала өзегі сан ғасырлық тарихымыздан тамыр тартып, бүгінгі дәуір тынысымен еркін үндеседі.

Жиынды облыс әкімі Ерлан Қошанов Елбасының «…Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарихтың шаңына көміліп қала береді» деген сөзімен түйіндеді.

Мағауия СЕМБАЙ

Суреттерді түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.