Жаңалықтар

Мәңгі шырақ

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы ұлттық құндылықтарды қастерлей білудің және сол арқылы ұрпақ сабақтастығын қалыптастырудың сара жолын нұсқаған тарихи маңызды құжат болғаны белгілі. Мемлекетіміз кішкентай ауылдардан құралатын болса, ұлт бірлігі ағайын арасындағы ауызбірлікке негізделеді. «Тәрбие басы – талбесік» деген екен ата-бабаларымыз. Ендеше, тұтас елдің бірлігі мен берекесіне әр отбасындағы саналы тәрбиенің салмағы негіз болса керек. Ұлттық кодымыздың даралығы да, ғасырлар бойы қасиетіміз болып келген салт-дәстүріміз де қазақ халқының даналығынан тамыр тартады.
Мәселен, Ақтоғай өңіріне белгілі Нөкеш ақсақалдан тараған ұрпақтың еншісіне бұйырған тағдыр жолындағы тағылымнан осындай ізгілік тұнған дәстүрді аңғаруға болады. Шежіре тармағы бойынша Нөкеш атамыздан Бақыш, Мырзағалы, Өмен, Ораз есімді төрт ұл мен Ақшөкен есімді жалғыз қыз тарайды. Атамның асыл жары Нұрымжан әжеміз әйгілі Қараменде бидің ұрпағы еді. Қанындағы тектілігі шығар, отызыншы жылдары қазақ жеріне келген зұлмат ашаршылықтан кейін шайқалуға шақ қалған төрт шаңырақтың түтінін түзу ұшыруға осы анамыздың даналығы ықпал етіпті. Содан, үлкен ұлы Бақыш Тұрғанов болып, екінші ұлы менің әкем Мырзағалы Сәкенов, бауырлары Өмен Шәйкенов, Ораз Нөкешов болып өтті бұл жалғаннан. Неткен тектілік! Неткен мәрттік десеңші! Нөкеш атамыз бен Нұрымжан әжеміздің осынау даналығы арқылы ағайын арасы жақындап, ынтымағы ырысты тірлікке бастаған екен.
Сөйтіп, Тұрған әулетінің отын сөндірмей, шаңырағын шаттыққа толтырған, ұл-қыз өсіріп, тұл тағдырдың тұғырын биіктеткен Бақыш әкеміз болды. Ол кісіні осы төрт шалдың өрен-жараны «папа» дейтін едік. Сол Бақыш әкеміздің қырдағы көрпесін қымтанып, жер бесікке бөленгеніне биыл 40 жыл толып отыр. Бұл үйдегі шешеміз Бәтжан Өнербекқызы әйгілі Манарбек Ержановтың немере қарындасы болатын. Қарапайым ғана тірлік кешіп, адал еңбектерімен несіп терген әкеміз бен шешеміздің өнегелі шаңырағынан Төлеухан, Есенқайыр, Сәния, Ғалия, Ләззат, Ардақ, Ғазиза есімді ұрпақ өрбіді.
Бақыш әкеміз небары 48 жасында дүние салғанымен, адалдықпен асқақтаған абыройы қалды артында. Еңбекқорлығымен ел аузында, қарапайым қалпымен ұрпақ жүрегінде сақталды. 1930 жылы Қоңырат ауданы, Калинин ауылдық кеңесінде (қазіргі Ақтоғай ауданы, Нұркен cлолық округі, Қаратал ауылы) дүниеге келген екен. Кеңес Әскері қатарында азаматтық борышын өтеп келген соң туған ауылында кітапхана меңгерушісі болып еңбек жолын бастайды. Кейін Ақтоғай аудандық мәдениет бөлімінде автоклуб меңгерушісі, инспектор, аудандық атқару комитеті дене тәрбиесі және спорт бөлімінің меңгерушісі, кейіннен ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарды. Біраз жыл сауда саласында – аудандық тұтынушылар қоғамында қойма меңгерушісінің көмекшісі де болды. Ауыл шаруашылығы саласында да жауапты қызметтер атқарып, туған ауылын түлетуге де сүбелі үлес қосты. Калинин колхозында ферма меңгерушісі, бригадир, Қоңырат совхозында №5 бөлімше меңгерушісі қызметін мінсіз атқарды.
Бір бәйтеректің бұтағы болған соң шығар, ауылдың үлкендері сәлем бергенімізде түр-келбетімізге қарап: «Айналайын, Бақыштың баласысың ба?» деп жататын. Ондайда Бақыш әкеміз туралы жарты ауыз болса да, жақсы лепес айтылады. Біз марқайып қалатынбыз. Иә, Бақыш әкеміз осындай абзал азамат болды. Әттең, ғұмыры қысқа болмағанда, ел игілігі жолында талай берекелі істерге ұйытқы болатын еді. Жоғарыда аталған лауазымды да, жауапты қызметтердің барлығын ешқандай жоғары білімсіз-ақ атқарды. Адалдықтан айнымай, ардан аттамай, келте болса да, бекзат ғұмыр кешті.
…40 жыл. Ақтоғай жұрты ардақ тұтып, адалдығына сүйсінген абзал әкеміздің ортамыздан мәңгілікке алыстағанына осынша уақыт өтіпті. Бір адамның ғұмыры деуге боларлық өлшем. Ал, осынша уақыт бойы Бақыш әкем ортамызда аман-сау жүрсе ше..? Онда аты аңызға айналар ма еді… Кім білсін. Маңдайына жазылған тағдыр жолы 48 жаспен шектелді. Бәрібір, ел жүрегінде сақталған әкеміздің асқақ абыройы аласарған жоқ. Таулар алыстаған сайын асқақтай түсетіні рас екен! Бәтжан шешеміз де бақиға көшкен. «Орнында бар оңалып», бірлігін сақтаған ұрпағы Нөкеш атамыз бен Нұрымжан әжемізден аманатқа қалған татулықты қастерлеп ғұмыр кешіп жатыр. Татулық таршылыққа ұрындырмайды екен.
…Өткенге аңсар көңіл алыс күндерге жетелейді. Жүрек түкпірінде сағыныш отын маздатады. Сағымға айналған сол шақтардың төрінде тау тұлғалы әкелеріміз бен арды ойлаған асыл аналарымыздың бейнесі тұр. Көмескіленбеген. Жарқын күйінде жарқырап тұр!
Бақиға қимас Бақыш әкеміз мәңгі сөнбес шыраққа айналған екен!

Әсет МЫРЗАҒАЛЫҰЛЫ,
отставкадағы полковник.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button