Мұғалім мәртебесінің мәні неде?
Бұрын педагогтер үшін аттестаттау үдерісі қағазбастылық пен ұзаққа созылған есептіліктің ауыр жүгіндей қабылданатын. Ал, бүгінде бұл жүйе мазмұндық тұрғыда жаңарып, ұстаздың нақты кәсіби нәтижесін әділ бағалауға бағытталып отыр. Оқу-ағарту министрлігі ұсынған жаңартылған аттестаттау моделі формалдылықтан арылып, педагог қызметінің шынайы тиімділігін бағалауға басымдық бермек. Әрі ұстаздың қоғамдағы беделі мен мәртебесін нығайтуға жол ашуда.

Елімізде педагог мәртебесін көтеру мемлекеттік саясаттың маңызды бағытына айналды. «Педагог мәртебесі туралы» заң аясында жүзеге асырылып жатқан реформалар ұстаздардың әлеуметтік жағдайын жақсартып қана қоймай, олардың қоғамдағы беделін арттыруға ықпал етті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған басымдықтарға сәйкес жүргізілген бұл жұмыстар халықаралық деңгейде де оң бағасын алуда. TALIS 2024 халықаралық зерттеуі Қазақстанда педагог еңбегінің қоғамдық маңызы артқанын көрсетті. Еліміз мұғалімдердің еңбекақысына қанағаттану деңгейі жоғары елдердің қатарына енді.
Білім басқармасы мамандарының мәліметінше, Қарағанды облысында бұл реформалардың нақты нәтижесі көрініс табуда. Бүгінде өңірде 24 691 педагог еңбек етеді. Соңғы үш жылда олардың саны 23 100-ден 24 691-ге дейін өскен. Бұл білім беру саласына деген қызығушылықтың артқанын және мамандықтың тартымдылығы күшейгенін аңғартады.
– Педагогтердің әлеуметтік жағдайы айтарлықтай жақсарған. Қазіргі таңда мұғалімдердің орташа жалақысы 350 000-450 000 теңге аралығында. Соңғы 4-5 жылда еңбекақы екі есеге артты. Сонымен қатар, педагогтердің 74 пайызы біліктілік санаты үшін үстемақы алады. Ауылдық жерлерде еңбек ететін 10 562 педагогтің бір бөлігіне 25 пайыздық қосымша коэффициент төленеді. Бұл ауыл мұғалімдерін қолдаудың нақты тетігіне айналып отыр. Өңірде педагог кадрлардың сапалық құрамы да жақсарып келеді. Магистр дәрежесі бар мұғалімдердің саны 1 366-ға жеткен. Жоғары және бірінші санатты педагогтер де бар. 2018 жылдан бастап мұғалімдер жаңартылған формат бойынша аттестаттаудан өтіп, біліктілік санаттарын алуда. Орта мектеп мұғалімдері үшін апталық оқу жүктемесінің 16 сағат болып белгіленуі де олардың жұмысын жеңілдетуге бағытталған маңызды қадам болды, – деді облыстық білім басқармасының кадр қызметі бөлімінің басшысы Жанат Жұмагелдина.

Педагогтерді аттестаттау жүйесі әлі де жетілдіруді қажет ететінін тәжірибе көрсетіп отыр. Қазіргі талап бойынша мұғалімдер бес жылда бір рет аттестациядан өтеді. Бұл үдеріс тестілеу мен портфолио жинақтаудан тұрады. Алайда, тестілеу кезеңінде қиындықтар кездесуде. Мысалы, 2025 жылы тест тапсырған педагогтердің 48 пайызы шекті деңгейден өте алмаған. Ал, 2026 жылдың ақпан айында бұл көрсеткіш жақсарып, 55 пайызға жетті. Бұл бағытта әдістемелік қолдау күшейтіліп, «Әдістемелік банкомат» жобасы іске қосылды. Қазіргі таңда жүздеген педагог тестілеудің келесі кезеңдеріне қатысуда.
С.Саттаров атындағы мектеп-лицейінің ағылшын тілі пәні мұғалімі Аягөз Бухаршина аттестаттау жүйесіндегі өзгерістерге қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, тестілеу форматының қысқартылуы – орынды шешім екенін айтады. Себебі, бұл тәсіл мұғалімнің тек теориялық білімін ғана емес, тәжірибелік дағдыларын да бағалауға мүмкіндік беретінін баса айтты.
– Бұрынғы аттестаттау жүйесінде портфолио, эссе және ғылыми мақалалар әзірлеу көп уақытты талап етіп, белгілі бір қиындықтар туғызатын. Жаңа модель осы жүктемені азайтады деп ойлаймын. Қазіргі жүйедегі ең күрделі кезең – портфолио жинақтау. Өйткені, ол ұзақ уақытты, жүйелі еңбекті және нақты дәлелдерді қажет етеді, – дейді ұстаз.
Оның пікірінше, аттестаттау нәтижесі мұғалімнің кәсіби деңгейін толық көрсете алмайды. Осыған байланысты бағалау жүйесін әлі де жетілдіру қажеттігі байқалады.

– Жалпы, жүргізіліп жатқан реформалар мұғалім еңбегінің сапасын арттыруға оң ықпал етеді деп есептеймін, – деді Аягөз Бухаршина.
Жалпы алғанда, жаңа аттестаттау моделі осы мәселелерді шешуге бағытталған. Жаңартылған тәсіл артық талаптарды қысқартып, мұғалімнің кәсіби қызметін нақты нәтижелер арқылы бағалауды көздейді. Пәндік тестілеу барлық педагог үшін міндетті болмайды. Ал, бағалау оқушылардың жетістігі мен мұғалімнің күнделікті жұмысына негізделеді. Эссе жазу, ғылыми мақала жариялау секілді формальді талаптар алынып тасталады. Аттестаттау үдерісі толық цифрландырылып, «Ұстаз» платформасы арқылы жүзеге асырылады. Бұл жүйе педагогтің еңбек өтілі, біліктілігі мен жетістіктерін автоматты түрде жинақтап, қағазбастылықты азайтады. Ашық сабақтар саны мен біліктілікті арттыру сағаттары қысқартылып, негізгі назар мұғалімнің практикалық жұмысына аударылады.
Президент тапсырмаларын жүзеге асыру аясында Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі педагогтердің жүктемесін азайту және білім беру үдерісін цифрландыру бағытында жаңа жобаларды іске асыруда. Атап айтқанда, 2026 жылы ұлттық цифрлық білім беру платформасын енгізу жоспарланған. Бұл жүйе мұғалімдердің есептілік жүктемесін жеңілдетіп, олардың уақытын оқу процесіне тиімді бағыттауға мүмкіндік береді.
Соңғы жылдары педагог кадрларға деген сұраныс та азайып келеді. Егер 2019-2020 оқу жылында 666 бос орын болса, қазіргі таңда бұл көрсеткіш 133-ке дейін төмендеген. Дегенмен, жекелеген пәндер бойынша тапшылық сақталып отыр. Әсіресе, математика, физика, ағылшын тілі, информатика және тарих пәнінен мұғалімдер қажет. Бұл мәселені шешу мақсатында өңірде кешенді шаралар қолға алынған. Соңғы бес жылда жергілікті бюджет есебінен 150 педагог дайындалып, толықтай жұмысқа орналастырылды. Педагогикалық мамандықтарға жыл сайын гранттар бөлінуде. «Teach for Qazaqstan» жобасы арқылы басқа сала мамандарын мектепке тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында жас мамандарға тұрғын үй алуға жеңілдетілген несие мен көтерме жәрдемақы беріледі. Қоғамда мұғалім мамандығына деген көзқарас өзгеріп келеді. Бұрын педагог еңбегі көбіне жүктемесі ауыр сала ретінде қабылданса, қазіргі таңда тұрақты табыс, әлеуметтік кепілдіктер және кәсіби даму мүмкіндіктері бар беделді мамандықтардың бірі ретінде қарастырыла бастады.
Жалпы алғанда, жүргізіліп жатқан реформалар педагогтің жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, оның қоғамдағы рөлін күшейтуге бағытталған. Жаңа аттестаттау жүйесі мұғалім уақытын есептілікке емес, білім сапасына жұмсауға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде еліміздің білім беру жүйесін жаңа деңгейге көтеруге негіз болмақ.
Жамал СОВЕТҚЫЗЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»



