Бас тақырып

Ұлық болмаса да ұлы жолдағылар…

Олар кітапхана, театр, мұражай, мұрағат сияқты киелі жерлерде сіз бен бізге қызмет етіп жүр. Сіз бен бізді тәрбиелеуші немесе байытушы данышпан, кемеңгерлер мен халықтың арасында алтын көпір қызметін атқарып жүр мәдениет ошақтарында. Ұлық емес, ұлылардың ой-дәнегін тасымалдаушы ұлағат жолындағылар! Өнердің айналасында жүргендер жақсы түсінеді, біз білетін бұл әлемнің ғажабы – азабы. Бір бастадың екен тастап кету қиын. Адамзат ақыл-ойының інжу-маржаны тұтасқан кітапхана, театр, мұражайдан қадірлі жер бар ма?!

«Адамзаттың өмірінен әдебиетті алып тастаса, сықырлаған қару мен сыңғырлаған тиындар ғана қалады» деген екен орыс жазушысы Андрей Битов. Әдебиетті мәдениет пен өнерден бөліп қарауға болмайды. Олар тоқтаған жерден хайуандық, қырып-жою (терроризм) мен арамдық атқа мінеді деген сөз. Әл-Фарабидің «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» дегені де, Ұлы Абайдың «Ақылға сәуле қонбаса, хайуанша жүріп күнелтпегі» де – осы жерден көрінеді.

Абай «Тәңірінің берген өнері» деді. Адамзат рухы мен сана-сезімін асылдандырып тәрбиелейтін өнер мен мәдениетке осы тұрғыдан қарауға тиіспіз. Ал, оған қызмет етушілердің еңбегінің орнын теңге толтыра алмайды. Сана-сезіміңізбен бағамдауыңыз мүмкін, әрине. Бірақ, ол сана-сезімнің өзін осы екі құбылыс ұштамай ма?

Жұматай Жақыпбаевтың Олжас Сүлейменовке жазған өлеңі еске түседі. «Ағам да солай алысты жақынға балап, Қақтырған біздің қиял мен ақылға қанат» дейді. Санаға сәуле, рухқа серпіліс керек. Өйтпесе, адам өспейді. Газет-журнал, кітап оқыма, театрға барма, кино көрме, бір сөзбен айтқанда, рухыңды азықтандырудан бас тарт. Робот болып шыға келесің. Заман қалыбы соған сайғандықтан, көштен қалмай көлденең келген ақпараттар арқылы басқарыласың, бірақ рухани ергежейліге айналасың. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» тектен-тек жариялана салмағаны осындайда айқұлақтанады. Мұның ауыртпалығы мен тауқыметін тартып отырғандар да осы мәдениет пен өнер қызметкерлері. Кітапхана, мұражай, архив пен театр ұжымдары. Бағдарлама ол баста жан-жақты зерттеліп, жүйелі іске асырылуы жолға қойылмағаннан кейін «ананы өткіз, мынаны өткіз» деген тапсырмамен төпейді, білем. Әсіресе, жылдың екінші жартысынан былай басталады. Газетте осы бөлімге жауапты болғандықтан, әлгіндей шаралардың төңірегінде көп жүргендіктен, байқап қаламыз. Өнер мен мәдениетке халықты өздігінен талаптанатын тетіктер жолға қойылмай, ел өсе ме?

Қай елдің өнері озық, сол елдің өркениеті де алда. Оны ғұлама Таласбек Әсемқұлдың өзі айтады. «Өркениет мәдениетпен қатар жаратылған. Бүгінде бұл – дау тудырмайтын ақиқат. Жабайы, әлмисақтың адамы аңды ұстап жеуге бір күні мен бір түнін жұмсауға мәжбүр болатын. Кейіннен қуғынның орнын садақ басты. Көне адамда көл-көсір бос уақыт пайда болды. Осылайша өркениет пайда болды» деп. Сонда біздің өнеріміз бен мәдениетіміздің өсіпөркендегенінің не мешеу қалғанының көрсеткіші өркениет екен. Демек, рух пен сана көтерілсе, тұрмыс өздігінен шешіле бастайды деген сөз. Ол үшін өнер мен мәдениет, ғылымға жағдай жасалу керек. Соны жасайтындардың, соған қызмет етушілердің күн көрісі теңелмей болмайды мына заманда. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы мәдениет қызметкерлерінің еңбекақысы өсетінін мәлімдеген. Ал, ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова «келер жылдан мәдениет саласы қызметкерлерінің еңбекақысы 40 пайызға өседі. Яғни, театр әртістерінің орташа жалақысы 231 мың теңге, ал кітапхана, музей және архив қызметкерлерінің еңбекақысы 164 мың теңге болады» деген 2019 жылы. Білуімше, 2020 жылдан бастап қатардағы мәдениет қызметкерлерінің жалақысы 25- 30 пайызға дейін өскен. Олардың айлығы сол бойы қалды да, ақша құнсызданды да, азық-түлік, тұрмыстық заттар шарықтап шыға келді. Сонымен қатар, министр ұлттың өнері мен руханиятына еңбек сіңіріп жүрген мәдениет қызметкерлеріне мемлекеттік қолдау арта беретінін де жеткізген-ді. «Мәдениет пен өнер қызметкерлерінің жағдайын көтеру жоспарымыздың бір тармағы ғана. Қазір әлеуметтік жеңілдіктер мәселесі пысықталып жатыр. Мәдениет және спорт министрлігі меморандумдар әзірлеп, әкімдіктерге жіберді. Оларды орындау үшін әлеуметтік қолдау шараларын, оның ішінде мәдениет және өнер қызметкерлерінің тұрғын үй жағдайын жақсартуды қамтитын салалық жоспарлар бекітілетін болады. Жастардың тұрғын үй алуы үшін 3 миллион 700 мың теңгенің көлеміндегі бюджеттік несие беріледі», – дегені бүгінде жүзеге асты ма, жоқ па, белгісіз. Бір анығы, мәдениет қызметкерлерінің қайқайсы болсын, өнер мен руханиятты байытушылармен тағдырлас, тіпті, мүдделес. Сондықтан, осы саланың туын ұстап өтуші оларды руханият пен мәдениеттен бөліп қарауға болмайды. Олардың қуаныш-қайғысы – ұлт руханиятының қуаныш-қайғысы. Әр жағын айтпаса да болады…

Жәнібек ӘЛИМАН.

Басқа материалдар

Back to top button