Бүгін Абай қаласының Мәдениет үйінің алдындағы алаңда қазақтың Ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың туған күніне орай жыл сайынғы дәстүрлі Абай күні аталып өтті.

Мерекелік салтанат осындағы Абай ескерткішінің алдында Ұлы ақын бейнесіндегі Ақан Телібайұлының оның қара сөзін оқып, хор әншілерінің “Көзімнің қарасы” әнін айтуымен басталды.

Бұдан кейін Абай ауданының әкімі Сәбит Оспанов пен аудандық мәслихаттың төрағасы Данияр Сәкенов бастаған зиялы қауым өкілдері ақын ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Абай ауданы әкімінің орынбасары Дәріжан Мырзахметова аудандық Абай оқулары байқауының жеңімпаздарын марапаттады. Байқаудың бас жүлдесін Камила Купербаева алса, бірінші орынды Айсел Исмаилова, екінші және үшінші орындарды Ольга Такенова мен Станислав Иванов иеленді.

Мерекенің одан әрі жалғасқан концерттік бағдарламасында Абай әндері шырқалып, өлеңдері мен қара сөздері оқылды. Мәселен, Айсұлу Әділбекова “Татьянаның хаты” әнін орындаса, “Баян сұлу” триосы халық әні “Бір баланы”, Кристина Замерчук те халық әні “Абыройды” шырқады.
Ержан ИМАШ
Абай қаласы



