Жаңалықтар

Ата Заңның ақиқаты – адам өміріндегі өзгеріс

Конституцияның басты міндеті – азаматтың құқығын қорғау және мемлекет дамуының бағытын айқындау. Алайда, оның маңызын заң мәтінінен ғана емес, халықтың күнделікті тұрмысынан да көруге болады. Қолжетімді медицина, сапалы білім, баспана, қауіпсіз еңбек пен әділдік – Ата Заңда бекітілген қағидаттардың өмірдегі көрінісі. Осы тұрғыдан алғанда, Қарағанды облысында жүзеге асып жатқан әлеуметтік және экономикалық жобалар жаңа Конституцияның негізгі ұстанымдарымен сабақтас.

Сурет Ақордадан

Ата Заңның 1-бабында адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде белгіленген. Ал, 3-бапта халықтың әл-ауқатын арттыру, қоғамдық диалог, білім мен прогресс, жоғары экологиялық мәдениет қалыптастыру негізгі қағидаттар қатарында көрсетілген. Өнеркәсіп пен ғылым тоғысқан Сарыарқа үшін бұл ұстанымдардың маңызы зор. Өйткені, экономикалық өсімнің нәтижесі ең алдымен халықтың тұрмыс сапасынан көрінуі тиіс.

Азаматтардың құқықтық ақпаратқа тең қол жеткізуіне бағытталған бастамалардың бірі Қарағандыда жүзеге асты. Наурыз айында облыстық көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханада жаңа Конституцияның жобасы Брайль қарпімен қазақ және орыс тілдерінде басылып шықты. Кітапхана мамандары арнайы жабдықты пайдаланып, басылымды оқырман қорына қосты. Бұл – ерекше қажеттілігі бар азаматтардың да елдің басты құқықтық құжатының мазмұнымен танысуына мүмкіндік беретін жұмыс. Өйткені, адам өз құқығын білуі үшін қажетті ақпаратқа кедергісіз қол жеткізуі керек.

Жаңа Ата Заңның 32-бабы азаматтардың денсаулық сақтау құқығын, 33-бабы мемлекеттік оқу орындарында ақысыз орта білім алу кепілдігін бекітеді. Осы қағидаттарды өңірдегі нақты көрсеткіштермен салыстырып көрелік. Қарағанды облысында ауылдық жерлерде 92 медициналық нысан ашылған. Телемедицина 117 медициналық ұйымда енгізіліп, жедел жәрдем паркі 113 жаңа көлікпен толыққан. Бұл шалғай елді мекендердегі тұрғындардың медициналық қызметке қол жеткізуін жақсартуға бағытталған.

Білім саласында да бірқатар жұмыс атқарылған. 13 мектептің құрылысы аяқталып, оның оны «Келешек мектептері» жобасы аясында салынған. Тағы 29 білім беру ұйымы жаңғыртылған. Дегенмен, мектептің жаңа ғимараты сапалы білімнің жалғыз шарты емес. Оған білікті мұғалім, қауіпсіз орта, заманауи материалдық база және әр балаға тең мүмкіндік қажет. Конституциялық кепілдіктің нақты нәтижесі қала мен ауыл оқушыларының білім алу жағдайындағы алшақтықтың азаюынан көрінеді.

Баспана мәселесі де әлеуметтік тұрақтылықтың маңызды көрсеткіші. Жаңа Конституцияның 28-бабында мемлекет азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге жағдай жасайтыны, заңда белгіленген санаттарға баспана берілетіні көрсетілген. Облыста соңғы үш жылда 1,5 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, кезекте тұрған азаматтарға 2,5 мыңға жуық пәтер табысталған. Алайда баспанаға мұқтаж жандар үшін тұрғын үй кезегінің ашықтығы, пәтер бөлудің әділдігі мен қолжетімділігі әлі де өзекті.

Қарағанды – өндірісімен танылған, еңбекпен еңсе тіктеген өңір. Көмір, металлургия, машина жасау және басқа да салаларда мыңдаған адам жұмыс істейді. Конституцияның 27-бабы қауіпсіз еңбек жағдайына және кемсітусіз сыйақы алуға кепілдік береді. Биылғы тоғыз айда облыстың өнеркәсіп өндірісі 4,9 пайызға өсіп, 4,2 триллион теңгеге жеткен. Машина жасау саласындағы өсім 26,2 пайызды құрады. Ал, 2032 жылға дейін жалпы құны 7 триллион теңге болатын 186 жобаны жүзеге асырып, 36 мың жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Өндірістің өсуімен қатар еңбек қауіпсіздігі, лайықты жалақы және мамандардың кәсіби дамуына жағдай жасау да назардан тыс қалмауы керек.

Жергілікті басқару жүйесіне қойылатын талап та осыған ұқсас. Конституцияның 87-89-баптарында аумақтардың дамуына жауапты жергілікті органдардың міндеттері, мәслихаттың халық мүддесін білдіру және бюджет қаражатының жұмсалуын бақылау өкілеттігі белгіленген. Сондықтан, өңірлік бағдарламалардың орындалуы ресми есеппен ғана шектелмеуі тиіс. Қандай жобаға қанша қаржы бөлінді? Ол тұрғындарға қандай пайда әкелді? Халықтың ұсыныстары мен ескертулері қалай ескерілді? Қоғамдық бақылау осындай нақты сұрақтардан басталады.

Жаңа Конституция әлеуметтік мәселелердің барлығы бір күнде шешіледі дегенді білдірмейді. Ол – мемлекеттің даму бағытын айқындайтын және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға негіз болатын басты құжат. Қарағанды облысында мектептер салынып, медициналық нысандар ашылып, өндіріс көлемі артып келеді. Ендігі міндет – осы өзгерістердің әр тұрғынның өміріне оң әсер етуіне жағдай жасау. Ата Заңның беделі оның мәтініндегі қағидаттардың қаншалықты орындалатынымен өлшенеді. Ал, оның басты көрсеткіші – қорғалған құқық, қолжетімді мүмкіндік және халықтың мемлекетке деген сенімі.

Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
“Ortalyq Qazaqstan”

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button