Жаңалықтар

Мемлекеттік қызмет: жаңа талап, жаңа жауапкершілік

Мемлекеттік басқару жүйесі уақыт талабына сай өзгеріп, жаңа технологиялардың мүмкіндіктерін тиімді пайдалануы керек. Әсіресе, жасанды интеллектіні енгізу, қағазбастылықты азайту, шешім қабылдау үдерісін жеңілдету және мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін арттыру – бүгінгі күннің маңызды міндеттері. Бұл мәселелер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 28 қазандағы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында кеңінен қозғалды.

Сурет Ақорда

Президент мемлекеттік аппаратты жаңғырту үшін ең алдымен оның жұмыс тәсілін өзгерту қажеттігін атап өтті. Билік жүйесі цифрландыру дәуірінің талаптарына сай жұмыс істеп, жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін тиімді пайдалана білуі керек. Бұл ретте мемлекеттік мекемелердің жұмысындағы қайталанатын міндеттер мен басқару жүйесіндегі қарама-қайшылықтарды жоюға басымдық беріледі. Жасанды интеллектіні мемлекеттік басқаруға енгізу тек жаңа технологияны қолданумен шектелмейді. Оның көмегімен құжаттарды өңдеу, мәліметтерді жинақтау, өтініштерді сұрыптау және күнделікті қайталанатын жұмыстарды автоматтандыруға болады. Нәтижесінде, мемлекеттік қызметшілердің уақыты үнемделіп, негізгі міндеттерге көбірек көңіл бөлуіне мүмкіндік туады.

Жолдауда Президент мемлекеттік мекемелердің дербес шешім қабылдауына да назар аударды. Әрбір орган өз өкілеттігін нақты білуімен қатар, тұтас мемлекеттік аппараттың қалай жұмыс істейтінін түсінуі қажет. Мемлекеттік мекемелерді ұтымды бастама көтеруге ынталандыру, олардың жауапкершілігін арттыру және шешім қабылдаудағы артық кедергілерді жою басқару жүйесінің тиімділігіне тікелей әсер етеді. Мемлекет басшысы қағазбастылықтан толық арылу қажеттігін де нақты айтты. Құжат айналымындағы артық рәсімдер мен келісу кезеңдері кей жағдайда маңызды шешімдердің кешігуіне себеп болады. Сондықтан, басқару үдерістерін оңтайландырып, шешім қабылдауға және елдің дамуына кедергі келтіретін рәсімдерді қысқарту міндеті тұр. Бұл мемлекеттік қызмет көрсету сапасына да ықпал етеді. Сонымен қатар, Президент мемлекеттік қызметшілердің кәсіби деңгейі мен қызметтік әдебіне ерекше тоқталды. Мемлекеттік қызметші білікті маман болып қана қоймай, Конституция талаптарын басшылыққа алып, Отанына және халқына адал қызмет етуге тиіс. Осыған байланысты мемлекеттік қызметшілерге арналған жаңа әдеп қағидаттарын әзірлеу қажеттігі айтылды.

Бұл бағыттағы өзгерістер жекелеген шаралармен шектелмеуі керек. Президент мемлекеттік басқару жүйесінде шынайы реформа жүргізу қажеттігін атап өтіп, көзбояушылыққа жол бермеу керектігін ескертті. Реформа құқықтық және қаржылық шараларды қатар қамтуы тиіс. Осы мақсатта Президент Әкімшілігіне 2027 жылғы 1 маусымға дейін мемлекеттік басқару жүйесін реформалауға қатысты кешенді жоспар әзірлеу тапсырылды.

Жолдауда белгіленген міндеттер мемлекеттік аппараттың жұмысын цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіге негізделген жаңа экономика талаптарына бейімдеуге бағытталған. Бұл – басқару жүйесін жаңғырту, мемлекеттік органдардың жұмысын оңтайландыру және кәсіби мемлекеттік қызмет қалыптастыруға арналған ауқымды өзгерістер. Президент атап өткендей, басты мақсат – Әділетті, Күшті, Таза, Озық Қазақстанды құру.

Аида РАХЫМҚҰЛ
“Ortalyq Qazaqtan”

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button