Жаңалықтар

Өндірістегі қауіпсіздік – адам өміріне жауапкершілік

Аймақ экономикасының негізгі тірегіне айналған шахталар мен іргелі кәсіпорындарда күн сайын мыңдаған адам еңбек етеді. Алайда, өндірістің қуаты артқан сайын жұмысшының қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеті де күрделене түседі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында өндірісті технологиялық жаңғырту, цифрландыру және еңбек өнімділігін арттыру мәселелеріне басымдық берілді. Бұл міндеттерді жүзеге асыруда адам өмірі мен денсаулығын қорғау басты назарда болуға тиіс.

Сурет ЖИ арқылы жасалды

Өндірістік әлеуеті жоғары өңір үшін өндірістік жарақаттану мәселесі әлі де өзекті. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылы Қазақстанда өндірістегі жарақаттану деңгейі 5,8 пайызға төмендеген. Соған қарамастан, еліміз бойынша 2328 жазатайым оқиға тіркелген. Ал, Қарағанды облысында 277 адам зардап шегіп, өңір республикадағы жалпы көрсеткіштің 11,9 пайызын құраған. Бұл жөнінен облыс Шығыс Қазақстаннан кейінгі екінші орында тұр.

Биылдың алғашқы төрт айының қорытындысында өңірде 37 өндірістік жазатайым оқиға тіркеліп, 39 адам жарақат алған. Мемлекеттік еңбек инспекциясының дерегінше, оқиғалар саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9,8 пайызға азайған. Зардап шеккендер саны да 4,9 пайызға төмендеген. Әйткенмен, оң динамика өндірістік тәуекелдердің толық жойылғанын білдірмейді.

Жарақаттанудың негізгі себептері қатарында жұмыстың дұрыс ұйымдастырылмауын, қауіпсіздік талаптарының сақталмауын, қызметкерлердің өрескел абайсыздығын және жеке қорғаныш құралдарын тиісінше пайдаланбау бар. Мұндай жағдайда жазатайым оқиғаның салдарын тергеумен шектелмей, оның туындауына әсер еткен жағдайларды алдын ала анықтау маңызды.

Осы мақсатта өңірде еңбек инспекциясы тарапынан бақылау жұмыстары жүргізілуде. Төрт кәсіпорынды профилактикалық тексеру кезінде 38 заң бұзушылық анықталған. Соның 29-ы еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау талаптарына қатысты. Бұл көрсеткіштер кәсіпорындарда ішкі бақылау мен алдын алу шараларын жетілдіру қажеттігін аңғартады.

Еңбек қауіпсіздігіне қатысты мәселе биыл маусым айында өткен Үкімет отырысында да қаралды. Премьер-министр Олжас Бектенов ірі кәсіпорын басшыларының қызметін бағалауға өндірістік жарақаттану көрсеткіштерін енгізуді тапсырды. Ұсынылған тәртіп бойынша, қауіпсіздікке қатысты көрсеткіштер басшының еңбекақысы мен қызметтік жауапкершілігіне ықпал етуге тиіс.

Бүгінде өндірістік қауіпсіздікті қамтамасыз етуде цифрлық бақылаудың мүмкіндігі кеңейіп келеді. Ірі кәсіпорындар технологиялық үдерістерді қадағалау, жабдықтардың жай-күйін бақылау және қауіпті жағдайларды ертерек анықтау жүйелерін енгізуде.

Соның бірі – Qarmet компаниясының Көмір департаментіндегі диспетчерлік-талдау орталығы. Мұнда сегіз шахта мен төрт жерүсті кәсіпорнының өндірістік көрсеткіштері бір жерден бақыланады. 2024 жылы іске қосылған орталықта бүгінде 15 маман еңбек етеді. Операторлар жерасты жұмысшыларының орналасқан жерін, техниканың қозғалысын, желдету жүйесінің жұмысын және метан мөлшерін нақты уақыт режимінде қадағалайды.

Жүйенің ерекшелігі – төтенше жағдай туындағанда қызметкердің қай жерде екенін анықтап, жедел әрекет етуге мүмкіндік беруі. Қауіпке тап болған кенші арнайы батырма арқылы SOS белгісін жібере алады. Ал, диспетчер оның орналасқан жерін анықтап, авариялық-құтқару қызметіне тиісті ақпаратты жеткізеді. Мұндай технологиялар уақыт жоғалтпай әрекет етуге көмектескенімен, өндірістік қауіптің толық жойылғанына кепіл бола алмайды.

Қауіпсіз еңбек мәдениетін қалыптастыруда халықаралық тәжірибе де қолданылуда. Облыс әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметіне сәйкес, өңірдегі 64 кәсіпорын «Нөлдік жарақаттану – Vision Zero» тұжырымдамасына қосылған. Бұл бастама еңбек жағдайларын жақсарту, кәсіби тәуекелдерді бағалау және жазатайым оқиғалардың алдын алу қағидаттарына негізделген.

Сонымен қатар, облыс кәсіпорындарында еңбек қауіпсіздігі жөніндегі 793 өндірістік кеңес жұмыс істейді. Олардың қызметіне 1018 техникалық инспектор қатысады. Кеңестер өндірістегі қауіпті жағдайларды анықтау, еңбек қорғау талаптарының сақталуын қадағалау және жұмыс берушілерге тиісті ұсыныстар беру міндеттерін атқарады.

Өндірістегі қауіпсіздік тек шахтадағы апат немесе жабдықтың істен шығу қаупімен шектелмейді. Зиянды еңбек жағдайында ұзақ уақыт жұмыс істеу адамның денсаулығына да әсер етеді. Өндірістік шаң, шу, діріл, химиялық заттар мен ауыр физикалық жүктеме кәсіптік аурулардың туындауына ықпал етуі мүмкін.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, елімізде 479 мың адам зиянды және қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейді. Олардың 61 пайызы өнеркәсіп саласында еңбек етеді. Ал, Қарағанды облысындағы 84 мың жұмыскер туралы көрсеткіш өңірде профилактикалық медициналық тексерулер мен еңбек жағдайларын тұрақты бақылаудың маңызын айқындайды.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button