АймақБас тақырып

Saryarqa Creative Hub орталығында «09–90.Өлке тарихы картиналарда» көрмесі ашылды

Қарағанды облыстық Жастар ресурстық орталығы мен облыстық бейнелеу өнері мұражайы өнерді насихаттау және креативті индустрияларды дамыту бағытында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Сурет облыс әкімдігінен

–  Әріптестік аясындағы алғашқы жоба ретінде Saryarqa Creative Hub креативті орталығында «09–90. Өлке тарихы картиналарда» атты көрме ашылды. Экспозиция Қарағанды облысының 90 жылдығына арналған, – деп хабарлады жастар ресурстық орталығы.

Көрмеде өңірдің алғашқы кеншілер кенттерінен бастап ірі өнеркәсіптік, ғылыми және мәдени орталыққа айналу тарихы көркем туындылар арқылы баяндалады. Экспозициядан Қарағандының индустриялық келбетін, қалалардың дамуын, тарихи жадын және табиғатын бейнелейтін кескіндеме мен графика жұмыстарын көруге болады.

Жоба аясында бейнелеу өнерін көпшілікке кеңінен таныстырумен қатар, жастардың шығармашылық әлеуетін дамытуға және креативті индустриялардың мүмкіндіктерін көрсетуге басымдық берілмек. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта орталықта тақырыптық көрмелерді тұрақты өткізуді жоспарлап отыр.

Қарағанды облыстық Жастар ресурстық орталығының директоры Аслан Қабегенов атап өткендей, креативті индустрияларға бейнелеу өнері, дизайн, 3D-модельдеу және басқа да шығармашылық бағыттар кіреді. Жаңа алаң тұрғындар мен қала қонақтары үшін ашық болады. Сонымен қатар, оқу жылы басталғаннан кейін мұнда мектеп оқушылары мен студенттерге арналған ұйымдастырылған экскурсиялар өткізу жоспарлануда.

Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button