Қарағанды циркінде әуе гимнасті құлап, жарақат алды
Қарағандыда цирк қойылымы кезінде әуе гимнасті шамамен бес метр биіктіктен құлап, шұғыл түрде ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Ortalyq.kz Zakon.kz сайтына сілтеме жасап.

Гимнаст күрделі әуе трюкін орындау кезінде биіктіктен манежге құлаған. Құлаған гимнаст өздігінен орнынан тұра алмай, әріптестері көмекке жүгірген. Оқиғаға куә болған көрермендер арасында ересектер де, балалар да бар. Ал, жүргізуші көрермендерге бәрі жақсы екенін айтып, сабыр сақтауға шақырған.
КТК телеарнасының мәліметінше, әртістің жамбас сүйектері сынған.
– Науқас профессор Макажанов атындағы көпбейінді ауруханаға шұғыл түрде жеткізіліп, травмотология бөлімшесіне жатқызылды. Жағдайы орташа ауырлық дәрежесінде, тұрақты, – деді Қарағанды облысы травматологиялық қызметінің ахуалдық орталығының жетекшісі Ксения Деревяшкина.
Алдын ала мәліметке сүйенсек, қауіпті трюкті орындау кезінде екі қыз сақтандыру құралдарын пайдаланған. Ал, ер әріптестері ешқандай сақтандырусыз өнер көрсеткен. Оқиға салдарынан зардап шеккен әртіс – неміс циркінің 23 жастағы гимнасы.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



