Ұлттың Ұлы перзентінің генеалогиясы
Барлық ғұмырын Қазақстанның Тәуелсіздігі үшін күресте өткізген Алаш көсемі Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхановтың туғанына 150 жыл толуын ЮНЕСКО шешімі бойынша дүниежүзі халықтары тойлап жатыр. Бұл той Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл толуына сәйкес келіп отыр.
Әлиханның шыққан тегі сонау Шыңғысханнан басталады. Шыңғыс ханнан Жошыхан –Тоқайтемір – Өзтемір – Қожарыс хан – Бәдіғұл оғлы – Орысхан – Құйыршақ хан – Барақ хан – Әз Жәнібек ханнан үш ірі тұлға: Әбілқайыр хан, Абылай хан, Кенесары, Бөкей хан тарайды. Әз Жәнібектен – Жәдік – Шығайхан – Оңдан сұлтан – Қайнар көшек – Бөкейхан – Құдайменді – Тұрсын хан – Көкжал Барақ сұлтан – Бөкейхан – Батыр – Мырзатай – Нұрмұхамед – Әлихан – Шыңғыстың 23 ұрпағы. Шыңғыстың ұрпақтары туралы Президентіміз:
«Қазақ мемлекетінің ірге тасын тап осы төре тұқымының өкілдері қалады. Қазақ қоғамындағы жоғарғы мәртебе иесі сұлтандар, яғни, Шыңғыс ханның еркек кіндікті ұрпақтары – Шыңғысзадалар болды. Олар қазақ қоғамындағы ең ірі ықпалды күшке айналды» деді. («Тарих толқынында», Алматы, «Атамұра» 1999 жыл, 209 бет).
Қаз дауысты Қазыбек бидің ұйғаруымен шекшек Нұралы би Самархандағы Барақ сұлтанның ұлы Бөкейді орта жүзге «Төре қылам, хан сайлаймыз» деп шамасы, 1758 жылдары 14 жасар баланы сұрап әкеледі. «Хан кеңесі» қазіргі Бақты ауылында, орталығынан Егіндібұлаққа қарай 20 шақырым жерде 14 жасар баланы ақ түйе сойып, ақ киізге отырғызып, 16 рудың басшылары жиналып хан көтерген. Алайда, ел арасында негізгі билікті Қазыбек би жүргізген. Тек қазақ жерінен шет елдерге барған елшілердің құрамында Бөкейханның да кісілері болған деседі. Сыртқы істерде Бөкей ханның атынан жүргізуге мәжбүр болған. Қазыбек би дүниеден өткеннен кейін Бөкей хан билікті өз қолына алған. 1786 жылдары Бөкейдің тапсыруы бойынша баласы Батыр, қасында старшина және төлеңгіттер бар, Санкт-Петерборға барады. Алайда, көпке дейін патша үкіметі Бөкейді мойындамай, тек Тобыл губернаторының көмегі арқасында 1815 жылы Александр атынан арнайы хандыққа бекігені туралы грамота келеді. Бөкей 71 жылдай төре-хан болған. Содан бері 160 жылдай ел басқарған сұлтандардың тарихы Орталық Қазақстан, жалпы Қазақстан тарихымен Бөкейхан және оның ұрпақтарымен тікелей байланысты. Соған орай, қысқаша Бөкей ұрпақтарының біздерге байланысты генологиясын беруді жөн көрдік.
Бөкей ханның 5 әйелінен 10 ұл: Көксал, Шыңғыс, Тәуке, Уәли, Есім, Батыр, Бөріхан, Сұлтанғазы, Әбілғазы, Әлкебай тараған. 1819 жылы Бөкейхан өлгеннен кейін үлкен ұлы Шыңғыс аз уақыт хан болған. Нұра жайлауындағы бейітке жерленген. А.Степанов, Ю.Попов және В.Колыштардың Нұра станциясына тақау жердегі «Хан сүйегі» деген зиратты «Орталық Қазақстан» газетіндегі мақалада: «Бөкей сүйегі болу керек» деді. Смаханның айтуы бойынша бұл – Бөкейдің бейіті емес, Шыңғыстың зираты. Ал Кентте «Ханның қара төбесі» деген жерге Бөкейдің сүйегін қайтыс болғаннан кейін қараша айында аманат етіп қойса керек. Ол жерде шөккен түйенің үлкендігіндей 4 қара тасты қабірдің 4 жағына қойған. Ақпан айының басында Бөкейдің сүйегін Түркістанға Сұлтанғазы бастап апарады, түйенің басын сіргелі Сарыбай жетектеген дейді.
Батырдан Әшімтай, Рүстем, Бексұлтан, Хансұлтан, Мырзатайлар тарайды. Рүстемнің Сырдақ, Бабахан, Қоңыр, Құлжа, Әбітай, Бекетай, Төлетай сынды ұлдары болған. Әбітайдан Алтынбек – Хасенхан оның – Нұралы, Әбілқайыр, Қырым, Сырым, Нұрғайын, Нүргүл атты балалары бар. Хасенхан оқу-ағарту ісінің үздігі, 40 жылдай мектеп директоры болды. Ұлы Отан, Жапон соғыстарына қатысқан, бірнеше ордендер мен медальдардың иегері. Қырым атты баласы Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер, реставратор, суретші. «Алтын адам» мен «Аттың», қазақтың ескі Ту белгілерінің авторы.
Батыр төренің кенже баласы Мырзатай, қартайған шағына дейін ит жүгіртіп, құс салған сері. 93 жасында 1913 жылы дүниеден озған. Ағасы Рүстем отырған жерде үстіне кіріп, төрелік қылмаған. Мырзатайдан Нұрмұхамед, Әбдіхан, Қаске, Айтыхан тарайды.
Әлиханның әкесі Нұрмұхамед – орташа ауқатты, өз ортасында сыйлы, абыройлы, сауатты, құрметті адам болған. Ел оны «Мұқан төре» деп ақылдасып отыратын ел азаматы болған. Нұрмұхамед 1900 жылы қайтыс болады.
Әлиханның шешесі Бекжан ханым Дулат батырдың қызы Мамай батырдан тарайды. Кенесарыда қол бастаған. Бекжанды ел құрметтеп «Бегім ханым» деп атап кеткен. Табиғатынан қайырымды, білімді, ілтипатты әйел болған. Жәрмеңкеге баратын адамдарға, жыл сайын өзі бағып, өзі күткен торпақты шәй, пұл сатып алып келуге қосып жібіретін көрінеді. Әкелген материалдардан киім-кешек тігіп, нашар тұратын адамдарға шәймен қоса таратады екен. 1918 жылы 77 жасында қайтыс болады. Талды бейітке қойған көктаста: «Жетім менен жесірдің, Жел жағында панасы, Ық жағында қаласы. Тонғанда болған тон. Шөлдегенде болған сусын» деп жазылған.
Нұрмұхамедтің бес ұлы (Әлихан, Әзіхан, Тәтіхан, Смахан, Базылхан), бір қызы Нұрбек ханым болған.
Үлкен ұлы Алаштың ұлы көсемі Әлихан 1866 жылы Желтаудың баурайында дүниеге келеді. Смекемнің (Смахан төре) айтуы бойынша «Әлиханның алты жасқа дейін тілі шықпаған, сөйлемеген. Бала күнінде қос тігіп ойнайды екен. Жас күнінде асықты жақсы ойнаған. Ұтқан асықтарын үлестіріп береді екен. Айтқанынан қайтпайтын қайсар, анау-мынауға көнбейтін ерке, күшті, болған. Әлімжеттік жасағанда, арашаға түседі екен. Соған қарамастан, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсеткен. Оқудан елге келгенде таңертең ерте тұрып, қозы, бұзау, боталарды бағып, күн қызғанда ауылға әкеп суаратын көрінеді. Шаршадым деген малшыларға, бүгін барып демалыңыз, мен бағайын, деп мал бағып кететін көрінеді. Ел көшкенде жесірлердің үйлерін жығысуға, түйеге тиеуге, қонғанда шаңырақтарын көтеріп, киіз үйді тігісуге көмектесетін болған».
Нұрмұхамед тұңғышы Әлиханды Зариев деген моллаға, кейін он жасында орысша үйренсін деп Қарқаралы қаласындағы Қали Бекмековтың отбасына алып барады. Бала Әлихан бұл оқуды қанағат тұтпай, қаладағы орысша-қазақша 3 жылдық мектеп-интернатқа, одан кейін 4 жылдық кәсіптік училищеге өз бетімен оқуға түседі. Бұл әрекетін әкесі бір келгенде біліп, қарсылық жасамай, батасын беріпті. Училищені бітіргенде етікшілік кәсібін меңгерген.
Әлихан Нұрмұхамедұлының келешек өмір көзқарасының қалыптасуына, болашақ мемлекет қайраткері, ірі ғалым болуына әсер еткен Дала Генерал-губернаторы Герасим Калпаковский болған. Ол бір келгенде алдында сапта тұрған интернат балаларымен амандасқаннан кейін «Мен Омбы шаһарынан 760 шақырым жер жүріп келдім, кім менің тарантас арбамның дөңгелегінің қанша айналғанын есептеп береді, дегенде, тосын сұраққа мұғалімдердің өзі абыржып қалады. Осы кезде сапта тұрған балалардың ішінен орта бойлы тығыршықтай бала, суырылып шығып, белдігін шешіп алып, арбаның дөңгелегін өлшеп, шешуін тауып, Губернаторға қарсы қарап «мәртебелі мырза, арбаның дөңгелегі осынша рет айналған» деп елді таң қалдырады. Баланың шешіміне, өткірлігіне, қабілеттілігіне, табиғатынан зеректігіне риза болған Генерал-губернатор училище директорына және уездныйға «Мына баланы Омбыға оқуға дайындаңыз» деп бұйрық береді.
1886 жылы Әлихан оқуды жалғастыру мақсатында Омбыға жүріп кетеді. Оқуды жақсы оқып, өзінің алғырлығымен мұғалімдердің көзіне түседі. Училищеде оқып жүрген кезінің өзінде әртүрлі мәдени үйірмелерге қатысып, туған халқының ерекше мәдени әдет-ғұрыптары мен рухани байлығын, салт-дәстүрін, тұрмыс жағдайларын зерттеп, оны өзге ұлт жастарына таныстырып, насихаттауға тырысады, соған орай 18-ден астам материалды қазақша, орысша жарыққа шығарады. Ол Шортанбай, Шөже, Орынбай, Найман, Шернияз сияқты көптеген қазақ ақындарының өлеңдеріне ерекше мән беріп, жолдастарының арасында мақтан еткен. Абайды да білетіндігін айтады. Ол уақытта Абай өлеңдері жарыққа шыққан жоқ еді. 1890 жылы оқу аяқталып қалғанда Петербордағы Императорлық орман шаруашылық институтында оқығысы келетіндігін училище директорына білдіреді. Училище директоры Н.Доброхотов Қарқаралы уезінің төрағасына «сұлтан Алихан Нұрмухамедовке қырғыз қоғамы атынан 200 сом стипендия алып беруге көмектеседі». Сонымен бірге, институт директор атына және Дала генерал-губернаторының жолдама, мінездеме хатымен Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов 1890 жылы Петербурге келіп, Орман шаруашылық институтының экономика факультетінің 1 курс студенті болып қабылданады. Оқып жүріп саяси, қаржы, әдебиет және тағы басқа үйірмелерге белсене қатынасып, марксизмнің экономикалық, материалистік тезистерін әр уақытта жақтап отырған. Осы уақытта Ресейдің алдыңғы қатарлы көптеген болашақ саяси қайраткерлерімен танысып, студенттердің революциялық ереуілдеріне, демонстрациясына қатысып, патша қорғанысының қара тізімдеріне де іліккен. ІІІ курста оқып жүріп Петербург университетінің заң факультетін экстерн бітіреді.
Оқуды бітіргеннен кейін орманшы-экономист мамандығын алып, 1894 жылы Омбы қаласына қайтып келіп 14 жылдай нәтижелі еңбек жасайды. Келген бетте Орман училищесінде екі жылдай математикадан сабақ беріп, Омбыда шығып тұратын «Кыргызская степная газета», «Дала уалаятының газеті», «Акмолинская областная ведомость», «Семипалатинская областная ведмость», «Семипалатинский листок», иркуттік «Сибирская жизнь», ташкенттік «Туркенстанские ведомости» сияқты газеттермен байланыста болса, Петербургте шығатын «Слово», «Восточное обозрение», «Речь» газеттерінің корреспонденті болды. Осы газеттер арқылы өзінің ой-пікірлерін жазып, елдің жағдайы туралы көптеген мәселелерді екі тілде бірдей көтеріп отырған. Ол – алғашқы қазақтың кәсіби публицисті.
Барлық саналы өмірін халқының азаттығы мен тәуелсіздігі үшін ғарып басын бәйгеге тіккен жаужүрек күрескер көсем. Тар жол тайғақ кешулерде еш нәрседен қайыспай сөз бастаған қайсар қайраткер.
Әлихан Бөкейханов – ормантанушы-ғалым, ботаник, экономист. Қазақтың мал шаруашылығын зерттеуде ғылыми жолға қойған бірегей ғалым. Әлихан Бөкейхаов – көркем аудармашы, тұңғыш абайтанушы, тұңғыш энциклопедист, сыншы. Әлихан Бөкейханов – ХХ ғасырдың басындағы қазақтың ұлт-азаттық қозғалысының көсемі, ірі қоғам қайраткері, Алашорда автономиясы үкіметінің тұңғыш төрағасы, халқымыздың әдебиеті мен мәдениетінің өркендеуіне үлкен үлес қосқан қаламгер, ғұлама ғалым. Ұлттың жаны-тілін, дінін, салт-дәстүрін мадақтап қорғаған, барша азаматты ізгілікке шақырған, дархан жүректі біртуар, еңсесі биік, ақылы асқар таудай дана адам.
Қазақстанның егемендік алатындығын ХХ ғасырдың аяғында болатындығын болжаған тұлға. Бір ғасырда туар тұлға екенін ғалымдар бағалап ХХ ғасырдың аяғында «Человек Столетия» естелік медалін тағайындаған.
1906 жылы Әлиханды думаға жібермеу мақсатында Павлодар, Омбы түрмелерінде ешқандай себепсіз ұстайды. 30 сәуірде бір ауыздан думаға сайлануына байланысты еріксіз босатады. Думаны таратуға байланысты 180 депутат қатысқан «Выбор возважасына» қатысуына байланысты Семей түрмесінде отырады. Одан босағаннан кейін Самараға жер аударылады. Онда Ресейдің белгілі партия мүшелері, қоғам қайраткері А.Свидерский, княз В.Кугушев, В.Шелгунов, И.Церателилер мен және болашақ уақытта үкімет басшысы А.Керенский мен 3 рет негіздеседі.
1917 жылы уақытша үкіметтен ештене шықпағаннан кейін, Әлихан «Алаш» партиясын құрады. 1917 жылы 5-13 желтоқсанда Орынбор қаласында екінші бүкіл Қазақ құрылтай съезінде алғаш рет Жәнібек ханнан кейін Алаш Орда ұлттық территориялық автономиясы құрылды. Оның төрағасы болып, көп дауыспен Әлихан Бөкейханов сайланады. 1920 жылы «Алашорда» үкіметі құқығын тоқтатады. Алайда, жер мәселесі жөнінде үлкен жеңіске жетеді. Россия территориясына еніп кеткен көп шекаралық жерлері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Әлімхан Ермеков, Мұхаметжан Сералиндердің арқасында бірталай жерлер қайтарылды.
Әлекеңді ақырғы рет 1937 жылы 27 шілдеге қараған түні Ежовтың өзі бастаған аға лейтенант Ряденов ГПУ-дың бірнеше адамымен келіп тұтқындайды. Бір ойға сыймайтын оқиға – Ежов гимназияда Лизамен бірге оқыған және бұл үйге жиі келіп тұрған. Кеңес үкіметі кешірім жасағаннан кейін де Әлихан Бөкейханов Қазақстанда, Мәскеуде өкіметке қарсы «контрреволюциялық, террористік жұмыстар жүргізді» деген айып тағып, екі ай бойы азаптанғаннан кейін, Кеңес үкіметінің жауы ретінде, «үштіктің» үкімімен айыпталып, 1937 жылы қыркүйектің 27 күні атылар алдында «совет үкіметін жек көрдім, бірақ мойындадым» деп ақырғы сөзін айтқан.
Әлекеңнің екі баласы болған. Қызы Елизавета (елдегі аты «Зейнеп») 1903 жылы туған. Медицина ғылымдарының докторы, профессор. Ұлы Отан соғысының ардагері, майор, уақытында денсаулық сақтау министрлігінде дәрігерлердің білімін жетілдіру институтының деканы, бөлім бастығы, партком хатшысы қызметтерін атқарған. 1971 жылы 22 маусымда дүниеден озады. Новодевичье (Москваның орталығындағы) зиратында жерленген.
1923 жылы Лиза Смағұлға тұрмысқа шығады. Смағұл Сәдуақасұлына 1920 жылы Қазақстанда жастар ұйымын ұйымдастыру жүктеледі. Москвада өткен Жалпы Ресейлік Шығыс ұлттарының жиналысында Шығыс жастар одағының бюро мүшесі болып сайланады. 1920 жылы қазанда қазақстандық Жалпы Советтердің бірінші съезінде жас коммунистер атынан сөйлеп, қараша айында үкіметтің құрамына кіреді. 1925 жылы Советтердің V съезінде халық ағарту комиссары болып сайланады. Жұмыс істеген жерлерінің бәрінде халқының мүддесін белсенділікпен қорғап отырған. Голощекин тобының халыққа қарсы істерін ашық, батыл әшкерелегені үшін 1928 жылы жұмыстан босатылады. Мәскеуге келіп жанұясымен қосылады, темір жол институтына түсіп, оны 1932 жылы бітіреді. Түркісіб темір жол құрылысына жұмысқа шақырылғанда: «Он был уже начальником. Пусть теперь поработает простым инженером» деп, Сталин жібермейді. 1933 жылы Кремль ауруханасында мезгілсіз дүниеден озады. Сүйегі 2010 жылы елімізге әкеліп жерленді. Ұлы Ескендір 17 жасқа толмай соғыстың алғашқы күні соғысқа қашып кетіп, Мәскеу түбінде опат болған.
Әлиханның ұлы Үкітай (Сергей) 1905 жылғы, ірі геолог ғалым үлкен Жезқазғанды ашуға Қаныш Сәтбаевпен бірге қатысқан. 1934 жылы Ғылым Академиясының сессиясында (Мәскеу) Жезқазған түсті металдар кен орнын игерудің маңыздылығы туралы баяндама жасаған. Қазақ политехникалық институтында істейтін академик профессор Н.Шлыгин 40-50 жылдары экспедициямен Жезқазғанға барғанда Сергей Бөкейхановпен кездескені туралы Әлиханның туысы Сырым Бөкейхановқа ірі жоғарғы дәрежелі геолог маман екенін, түсті металдар жөнінде ірі маманмен бірге істегенін өзіне дәреже ретінде мақтан етіп айтқан. 1954 жылы Бүкілодақтық үкімет жиналысында түсті металдар жөнінде Сібір мен Қазақстанда ашылған кен-байлықтар туралы баяндаманы Сергей Әлиханұлы Бөкейхановқа жүктеген. 1958 жылы Хакасияда 53 жасында қайғылы жағдайда дүниеден озды. Баласы Евгений Бөкейханов 1938 жылы туған. Техника ғылымдарының кандидаты, доцент, кейінгі уақытта Әлиханның еңбектерін зерттеумен шұғылдануда. Қазір демалыста.
Петр Евгеньевич Бөкейханов – Әлиханның шөбересі. 1970 жылы туған, заң ғылымдарының кандидаты, полковник, зейнеткер, бірнеше монографиялардың авторы. Дария атты қызы 2009 жылы туыпты.
Қуғын-сүргін жылдары Нұрмұхамед ұрпақтары үлгергендері фамилияларын өзгертіп, басқа қалаға кетіп қалуға байланысты аман қалды. Фамилиясын өзгертпей тікелей балаларынан басқа немересі Райымжан Бөкейханов болды.
Әзімхан – Әлиханның тете інісі, момын, қарапайым адам болған. 1932 жылы алпыс жасында дүниеден озады.
Гүлнар Әзімханқызы – Болатқазының әйелі. Өте әдепті, таза. Арабша оқыған сауатты жан. Алты бала өсіріп, жалғыз тәрбиелеген. Күйеуі ерте өлген. Алты баласының Едіге мен Биахметін білеміз. Едіге медицина ғылымдарының кандиданты, доцент, Семейдің мединститутында көптеген жылдар қызмет атқарды. Биахмет болса (1926-1983) Гүлнар апайдың үлкен ұлы. Ташкенттегі Теміржол институтын бітіргеннен кейін, әртүрлі басшылық қызметтерде істеген. Ауыр науқастан 57 жасында Главканың бастығы болып тұрған уақытында дүниеден өтті. Ортаншы ұлы Ақан да Ташкенттегі Теміржол институтын бітірген. Семейде обком партияда жол-транспорт құрылысын басқарып жүргенде 52 жасында кенеттен қайтыс болды. Болатқазы мен Гүлнар апайдың қыздары: Гүлзәуре, Гүлсара, Елизавета – жоғарғы білімді жанұялы жандар.
О.АБДРАХМАНОВ,
Әлиханның шөбере жиені.
Суретте: Әлихан әулеті. Күйеу баласы – Смағұл Сәдуақасов, қызы – Елизавета Сәдуақасова, немересі – Ескендір Смағұлов, Әлихан Бөкейханов, Әлиханның жұбайы – Елена Яковлевна, Әлиханұлы Үкітай (Сергей), немересі – Евгений Сергеевич, шөбересі – Петр ЕвгенЬЕВИЧ және немере інісі – Райымжан Әзімханұлы Бөкейханов.
(Басы. Жалғасы келесі санда).