Ұлттық кеңесте – ұтымды ойлар
Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ төрағалығымен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысы онлайн форматта өтті. Кеңес барысында адами капиталды дамытуға, яғни елдегі білім беру ісі және денсаулық сақтау саласына қатысты мәселелер талқыланды. Сондай-ақ, елдегі саяси реформалар туралы да сөз қозғалды.
ДӘРІГЕРЛЕР ЕҢБЕКАҚЫСЫ ӨСЕДІ
Бар әлемді шарпыған коронавирус пандемиясы біздің елді де сырт айналып өткен жоқ. Екі айға жуық төтенше жағдай режимінде өмір сүріп, қатаң карантиндік шараларды бастан өткердік. Дей тұрғанмен, дер кезінде қабылданған шешімдердің арқасында вирустың қарқын алуына жол берілмеді. Бүгінде елімізде пандемияның шарықтау шегі өтті. Әйтсе де, қауіп сейілген жоқ. Індетпен күрес шаралары жалғасады.
Мемлекет басшысының мәлімдеуінше, пандемия кезінде өңірлердің жылдам әрекет етіп, жедел шешім қабылдай алмайтыны байқалған. Әсіресе, денсаулық саласына қатысты мәселелердің көпшілігі орталықтың тікелей араласуы арқылы шешіліп отырған. Сондай-ақ, дәрі-дәрмек және медициналық өнімдермен қамтамасыз етудегі олқылықтар да анықталды. Дәрілердің 88%-ға жуығы шетелден тасымалданады екен. Ал, елімізде фармакологиялық зерттеу жүргізу мүмкіндігі бар. Тәжірибе жеткілікті. Білікті мамандар да бар. Сондықтан, Мемлекет басшысы Үкіметке отандық фармацевтиканы дамытудың жоспарын әзірлеуді тапсырды.
«Фармацевтика саласындағы саясат ішкі сұранысты қамтамасыз етуге, озық технология тартуға және импортты алмастыруға бағытталғаны жөн. Осыған орай, фармацевтика және медицина өнеркәсібі саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру және іске асыру міндеті Денсаулық сақтау министрлігіне беріледі. Бұл ретте саланы дамыту және халықты тиімді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің тепе-теңдігі бұзылмауы керек. Үкіметке отандық фармацевтика өнеркәсібін дамыту жоспарын жасауды тапсырамын. Онда нақты көрсеткіштер мен мақсат-міндеттер айқындалуы тиіс» – деді Президент.
Медицина қызметкерлерінің әлеуметтік ахуалы да назардан тыс қалмады. Індет белең алған тұста кәсіби біліктілігі жоғары дәрігерлердің тапшылығы анық сезілді. Бұған еңбекақының аздығы мен дәрігерлер құқының тиісті деңгейде қорғалмауы себеп болған. Осыны ескерген Мемлекет басшысы Үкіметке биылдан бастап дәрігерлердің еңбекақысын кезең-кезеңімен көтеруді тапсырды.
«Олардың айлығы экономикадағы орташа жалақыдан 2,5 есе артық болуы керек. Бұл көрсеткішке 2023 жылға қарай қол жеткізу қажет. Осы күрделі кезеңде баршамыз медицина мамандарының қажырлы еңбегіне куә болдық» – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
САЯСИ РЕФОРМАЛАР ЖАЛҒАСАДЫ
Осыдан бірер күн бұрын Мемлекет басшысы «Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу туралы» жаңа заңға қол қойған еді. Енді ел азаматтары бейбіт жиналыс өткізу үшін ешкімнен рұқсат алмайды. Бар болғаны, құзырлы органдар алдын ала ескертіледі. Президенттің айтуынша, бұл заң-қоғамдық саяси қатынастарды демократиялық жолмен дамытуға зор үлес қосуы тиіс. Сондай-ақ, жаңа заң азаматтардың бейбіт жиын өткізу бойынша конституциялық құқығын толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Әрине, елдегі саяси реформалар, тек осы заңмен ғана шектеліп қалмайды. Президент өз сөзінде қазір саяси реформалар топтамасына кіретін басқа да заң жобалары әзірленіп жатқанын атап өтті. «Саяси реформалардың бірінші топтамасына кіретін басқа да заң жобалары әзірленіп жатыр. Сондай-ақ, сайлау туралы және саяси партиялар туралы заңдарға өзгерістер енгізетін құжаттарға қол қойдым. Біз парламенттік оппозиция институтын енгіздік. Саяси партияларды тіркеуге қатысты талап жеңілдетілді. Сайлауға түсетін саяси партиялар әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота бөлетін болады. Жала жабуды қылмыс санатынан алып тастау және Қылмыстық кодекстің 174 бабын ізгілендіру жөніндегі нормаларға азаматтар барынша қолдау білдірді» – деді Мемлекет басшысы.
БІЛІМ МЕН ҒЫЛЫМҒА КӨҢІЛ БӨЛІНЕДІ
2025 жылға дейін білім саласына бөлінетін қаражат 6 есеге, ал ғылымға жұмсалатын қаржы 7 есеге дейін өседі. Сондай-ақ, бұл салада түбегейлі реформалар орын алады. Ұстаздар мен студенттердің және ғалымдардың әлеуметтік ахуалын жақсарту мәселесі назарға алынады. Мәселен, педагогика мамандықтарында оқитын студенттердің шәкіртақысы 26 мың теңгеден 42 мың теңгеге дейін, ал докторанттардың стипендиясы 150 мың теңгеге дейін артады. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Үкіметке жоғары оқу орындары оқытушыларының еңбекақыларын көбейту мәселесін қарастыруды тапсырды.
«Докторанттардың көбі отбасылы азаматтар. Олар ғылыммен айналысқан кезде, негізінен, стипендиямен күн көреді, жұмыс істеуге мүмкіндігі болмайды. Докторанттардың стипендиясын 150 мың теңгеге дейін көбейту қажет. Сонымен қатар, Елбасының жас ғалымдар үшін жыл сайын грант бөлу жөніндегі бастамасын жалғастырған жөн. Оны алдағы үш жылға арналған жалпы көлемі 3 млрд. теңге болады» – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ, ғалымдардың әлемдегі жетекші зерттеу орталықтарына барып, тәжірибе жинауына да оңтайлы жағдай жасалады. Осы мақсатта Үкімет үшін жыл сайын кемінде 100 ғалымның шетелдік тағылымдамадан өтуіне қаражат бөледі.
Кеңесте мемлекеттік тілді оқытудың тиімділігін арттыру қажеттілігі де назарға алынды. Мемлекет басшысы бұл мәселені шешуде Еуропа елдерінің тәжірибесіне назар аудару қажет екенін атап өтті.
«Олар тіл үйрету барысында, негізінен, оқу орындарындағы жастарға көбірек мән береді. Сондықтан, Тіл комитетін 2021 жылдан бастап Білім және ғылым министрлігінің қарамағына өткізген жөн. Бұл қазақ тілін оқыту әдістемесін әзірлеу және оны үйрету ісіне қатысты әлеуетімізді бір орталыққа шоғырландыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, мұндай қадам қолданысқа енгізілетін оқу бағдарламаларының тиімділігін талдау және мониторинг жүргізу жүйесін жасауға септігін тигізеді» – деді Президент.