ЛИВАН: Миссионер
2018 жылдан бері Қазақстан Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері «БҰҰ-ның Ливандағы уақытша күштері» миссиясының құрамында бітімгершілік қызметін атқарып келеді. Ливанда болып, бейбітшілікті күзеткен қазақ сарбаздарының бірі – Приозерск аумағында орналасқан ҚР Қарулы Күштерінің Құрлық Әскерлері «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлеріне қарасты 06708 әскери бөлімінің жауынгері – Ерік ТҰРҒЫНБАЙ.
Әр нәрсені, әр оқиғаны адамның көзімен көріп, жүрегімен сезінудің әсері де, жөні де бөлек. Жауынгер бейбіт күндегі орны мен міндетін ерекше саралап, бағалайды. 2020 жылдың қаңтар айында Ерік Асанұлы Ливан жеріне баруға ниет білдіріп, Алматы облысының Қапшағай жеріндегі оқу-жаттығу дайындығына аттанады. Қаңтар айынан бастап, оқу-жаттығулардың бәрінен сүрінбей өткен қатардағы жауынгер, сол жылдың тамыз айында бітімгершілік топтың құрамында Ливан жеріне аттанады. Қазақстандық әскери қызметші 6 ай бойы Ливан жеріндегі үнді әскери қызметшілерінің бітімгершілік батальоны құрамында қызмет атқарады. Бітімгершілік топтағы әскери қызметшілер Ливан елінде бақылау бекеттерін ұйымдастыру, аумақты қарумен жүріп күзетіп бақылау, жергілікті тұрғындарға көмек көрсету және миссия штабының басқа да тапсырмаларын орындауға қатысады.
– Біз сонау соғыс жылдарын тарих деп білеміз. Ал, соның қалың ортасында жүрген ардагерлеріміздің басынан өткергенін елестету, тіпті, қиын. Әсіресе, халықаралық жағдайда шиеленісіп кеткен мәселе, адамның бойына үрей туғызады. Көп жылдан бері тыншымай тұрған аймаққа әскер жіберудегі мақсат – қақтығыс ошағындағы бейбіт тұрғындарға көмектесу. Осы уақытқа дейін бітімгерлік миссиясында болған білікті жауынгерлер мұны жақсы біледі, – дейді Ерік Асанұлы.
Еріктің айтуынша, әскери міндеті барысында Ливандағы соңғы жаңалықтардың бірінде жібермей тыңдайды екен. Аптаның әр күнінде өтуі тиіс оқу бар. Негізгі міндеттердің бірі жергілікті халықпен тілдесудің қыр-сырын меңгеру. Әртүрлі бекетте кезекшілік қызметке бару. Сонымен бірге, штабтағы нарядқа да түсу. Сондай-ақ, үндістандық әскери қызметшілермен де бірлесе жұмыс жүргізу. Әскерилер үшін дене даярлығы әрдайым мығым болуы керек. Осылардың барлығына төтеп берген азамат, әскери және саяси дайындықтың алдыңғы сапында болуына бар күш-қайратын, ерік-жігерін аямапты.
– Мен қарапайым отбасында өмірге келіп, елдің тыныштығын күзетіп жүргенімді мақтан тұтамын. Өзім туып-өскен Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданы, Құмөзек ауылының әр азаматының кеудесінде елге деген ерекше сезім бар. Әкем – Асан, анам – Жанар мені Отанды сүюге тәрбиеледі. Менен кейінгі қарындастарым Жангүл мен Аружанға, інім Еркебұланға үлгі болуға тырысамын. Олар да Приозерск қаласында орналасқан подполковник Есжан Оралбекұлы басшылық ететін 06708 әскери бөлімінде қызмет етіп жатқан мені үлгі тұтады, – дейді жауынгер.
Айта кетейік, өзіне берілген тапсырмаларды мүлтіксіз орындап шыққан қатардағы жауынгер Ерік Тұрғынбай 2021 жылдың 21 наурызында бітімгершілік топ құрамымен бірге еліне аман-есен оралады. Ливан жеріндегі қызметі жоғары бағаланып, қатардағы жауынгер Біріккен Ұлттар Ұйымының «Бітімгершілік миссияға қатысқаны үшін» медалімен марапатталады.
Нұрдос КӘРІМ,
ПРИОЗЕРСК қаласы.