Білім

Өркендеудің өзегі

Әр өңірдің мерейін өсіретін өз байлығы бар. Қарағанды үшін ол – жер қойнауындағы қазына ғана емес, саналы ұрпақ тәрбиелеген білім жүйесі. Тоқсан жыл ішінде шахтерлер өлкесі ғылым мен ағартудың да ордасына айналып, жүздеген мың түлекке өмір жолын ашты. Бүгінде заманауи мектептер, цифрлық технологиялар, халықаралық білім додаларындағы жеңістер мен білікті ұстаздар қауымы – Қарағанды білімінің жаңа келбетін айқындайтын басты құндылықтарға айналды.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Бүгінде Қарағанды облысының білім беру жүйесі – еліміздегі ең ірі әрі дамыған жүйе. Өңірде 404 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді. Оның 221-і – ауылдық мектеп. 415 мектепке дейінгі ұйым балдырғандарға тәрбие беріп, 51 колледжде ондаған мың студент еңбек нарығына қажетті мамандықтарды игеруде. Мыңдаған педагог күн сайын жас ұрпақтың сапалы білім алуына қызмет етіп келеді. Соңғы жылдары өңірдегі білім саласы тек сандық көрсеткіштермен ғана емес, сапалық өзгерістерімен де ерекшеленді. Әсіресе, инфрақұрылымды жаңарту мен цифрлық басқаруға көшу кезеңі ретінде есте қалды.

Қарағанды облысының мектептері де жаңаша келбетте. Заманауи пәндік кабинеттер ашылып, бүгінде физика, химия, STEM және роботтехника кабинеттерімен қамту деңгейі өсіп келеді. «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен тірек ауыл мектептері жаңа зертханалармен, шығармашылық студиялармен жабдықталды. Ал, мектеп асханаларында «Әлеуметтік әмиян» жобасы іске қосылды. Цифрлық ваучер арқылы ата-аналар баласының тегін тамақтануын бақылап, көрсетілетін қызметтің сапасын бағалай алады.

Қарағанды оқушылары білім бәсекесінде де жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Халықаралық олимпиадаларда ондаған алтын, күміс және қола медаль жеңіп алған шәкірттер өңірдің ғана емес, елдің мақтанышына айналды.

Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде де ауқымды өзгерістер бар. Бүгінде колледждер өндірістің сұранысына сай мамандар даярлауға басымдық беріп отыр. Автокөлік жасау, цифрлық технологиялар, құрылыс салалары бойынша қабылдау айтарлықтай артты. Қарағанды кәсіби-техникалық колледжінің Цифрлық технологиялар және дизайн колледжі болып қайта құрылуы – уақыт талабынан туған шешім.

Қарағандының тоқсан жылдық тарихы – ұстаздардың адал еңбегімен, шәкірттердің талпынысымен жазылған тарих. Бұл өлкенің ең асыл қазынасы – білімді ұрпақ. Өндірісті де өркендететін, ғылымды да дамытатын, елдің ертеңін де айқындайтын – білімді, білікті азамат.

Жамал СОВЕТҚЫЗЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button