Тарихы мен мәдениеті тоғысқан
Қарағанды көмір өндірісімен ғана емес, бай тарихи мұрасы, көпұлтты халқы және мәдени өмірімен де ерекшеленеді. Қарағандының мәдениеті ғасырлар бойы қалыптасып, әртүрлі ұлттардың салт-дәстүрі мен өнерінің тоғысуы нәтижесінде дамыған. Бүгінде қалада театрлар, мұражайлар, кітапханалар, концерт залдары, мәдениет сарайлары және шығармашылық орталықтар жұмыс істейді. Олар тұрғындардың рухани өмірін байытып, ұлттық құндылықтарды сақтауға және дамытуға зор үлес қосып келеді.

Қарағанды қаласының тарихы көмір өндірісінің дамуымен тығыз байланысты. ХХ ғасырдың басынан бастап, мұнда еліміздің түпкір-түпкірінен және басқа елден қоныстанушылар көп болды. Соның нәтижесінде қала көпұлтты мәдени ортаға айналды. Әрбір этнос өз мәдениеті мен дәстүрін сақтап қана қоймай, қала мәдениетінің дамуына өзіндік үлесін қосты. Осылайша, Қарағандыда түрлі халықтардың мәдениеті өзара үндесіп, ерекше рухани орта қалыптасты.
Қазіргі таңда қалада мәдениет саласын дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Жаңа мәдени жобалар жүзеге асырылып, тарихи ескерткіштер қалпына келтіріліп, өнер адамдарына қолдау көрсетілуде.
Қарағанды облысының мәдени өмірінде театрлардың орны ерекше. Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театры қазақ әдебиеті мен әлем классикасының үздік шығармаларын сахналайды. Театр актерлері республикалық және халықаралық фестивальдерде өнер көрсетіп, көптеген марапаттарға ие болған.
К.Станиславский атындағы Қарағанды облыстық орыс драма театры да қала тұрғындарының сүйікті мәдени орындарының бірі. Мұнда классикалық және заманауи қойылымдар сахналанып, көрермендердің үлкен қызығушылығын тудырады.
Сонымен қатар, Қарағанды академиялық музыкалық комедия театры оперетта, мюзикл және музыкалық қойылымдарды көрермен назарына ұсынады. Бұл театр еліміздегі ең танымал музыкалық театрлардың бірі саналады.
Кеншілер мәдениет сарайы – қаланың ең көрнекті сәулет ескерткіштерінің және мәдени орталығының бірі. Бұл ғимарат – тек мәдени нысан ғана емес, қала тарихының куәсі, кеншілер еңбегін құрметтеудің және халықтың рухани дамуының символы. Сарайдың салынуы Қарағандының өнеркәсіптік қала ретінде қалыптасу кезеңімен тығыз байланысты.
Қарағанды қаласының мәдени өмірінде Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің де алар орны өзгеше. Бұл мәдени мекеме өңірдегі кәсіби музыкалық өнерді дамытуға және халыққа жоғары деңгейдегі концерттік бағдарламалар ұсынуға зор үлес қосып келеді.
Мұражайлар да мәдени мұраны сақтап, келешек ұрпаққа таныстыруда маңызды қызмет атқарады. Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейінде өңірдің бай тарихы, табиғаты мен мәдениеті туралы көптеген құнды жәдігерлер сақталған.
Қарағанды өңірі көптеген танымал өнер қайраткерлерін тәрбиелеп шығарған. Бұл өңірден шыққан ақындар, жазушылар, әншілер, актерлер мен суретшілер қазақ мәдениетінің дамуына елеулі үлес қосып келеді.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
«Ortalyq Qazaqstan»
Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ



