АймақҚарқаралы

Әлеуметке әрбір сала маңызды

Жақында Қарқаралы ауданының әкімі Әділжан Арғыновтың төрағалығымен кеңейтілген жиын өтіп, аудан бойынша мәдениет және спорт салаларында атқарылып жатқан жұмыстардың барысы талқыланды.

Сурет аудан әкімдігінен

Биыл 200 жылдық мерейтойын атап өтіп жатқан Қарқаралы қаласы мен аудан көлемінде аталған салаларда бірқатар жағымды жаңалықтар болды. Қарқаралыдағы Ш.Жандарбекова атындағы Мәдениет үйі мен Қарағайлы мәдениет үйіне, Қаракөл ауылындағы клубқа күрделі жөндеу жасалып жатыр. Сонымен қатар, Айнабұлақ, Томар, Тегісшілдік ауылдарының клубтарына ағымдағы жөндеу жұмыстары басталған. Бұдан бөлек, Қарқаралы балалар кітапханасына да күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, материалдық-техникалық базасы нығайтылды. Егіндібұлақ мәдениет үйіне жаңа микроавтобус берілді.

Осы жылы құрылғанына 55 жыл толып отырған «Салтанат» халықтық ән-би ансамблі Польша мемлекетіндегі дәстүрлі фольклорлық фестивальге қатысып, Гран-При иеленіп, еліміздің мерейін өсіріп қайтты.

Бұл орайда спорт саласындағы өзгерістерді айтсақ, Қарағайлы кентінде «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды. Жобаны бастауға респуб­ликалық бюджеттен 110,9 млн. теңге бөлінген. Көктас ауылында салу көзделген спорт кешенінің құрылысына жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, сараптамадан өтті. Бұл жоба келесі жылы толығымен жүзеге асырылады деп жоспарланған.

Сондай-ақ, Қарқаралы қаласының мерейтойы аясында қала бойынша жүргізіліп жатқан орталық стадион құрылысы санаулы айдың ішінде аяқталуы тиіс. «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры мен «Самұрық-Қазына» қорының есебінен биыл Жарлы ауылында, келесі жылы Бүркітті ауылында спорт кешендері салынбақшы.

Аталған жиын барысында аудан әкімі Әділжан Арғынұлы көктемгі су тасқынының алдын алу кезінде ұйымдастыру жұмыстарын жүргізіп, белсенділік танытқан бірқатар азаматтарға облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің басшысы Мұрат Қатпановтың Алғыс хатын табыс етті.

– Қазір су тасқыны қаупі болмаса да, бұл жылы жауып қоятын мәселе емес, – деді аудан басшысы. – Табиғи келеңсіздіктермен күреске әзірлік жыл бойы тұрақты жүргізіледі. Инженерлік жұмыс­тардың сапасына мән беруіміз керек. «Апат айтып келмейді», сондықтан, бәріміз қай уақытта да дайын болуымыз керек. Баршаңызды, ауылдық округтердің әкімдерін, салалық бөлімдер мен мекемелерді, жауапты мамандарды қауіпсіздік мәселелерін үнемі бақылауда ұстауға шақырамын.

Су тасқынына қарсы іс-шараларды өткізуге қосқан үлесі мен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою ісінде көрсеткен көмегі үшін аудан әкімінің орынбасары Данияр Омаров, аудан әкімі аппаратының басшысы Шыңғыс Шәріп, Нұркен ауылдық округінің әкімі Аян Бейсенбеков, Тегісшілдік ауылдық округінің әкімі Нұрлан Қапан, Бесоба ауылдық округінің әкімі Ержан Қуанышбаев, Ынталы ауылдық округінің сол кездегі әкімі Айдын Беков марапатталды.

Аудан әкімі жиын барысында мәдениет пен спорт саласының жетекшілеріне ағымдағы және жоспардағы жұмыстар бойынша іс-шараларды ширатуды тапсырды. Жөндеу-құрылыс жұмыстары аяқталған соң жаңарған ғимараттардың әрқайсысы халыққа тиімді, пайдалы қызмет көрсететін орталыққа айналуы тиіс.

Болатбек ӘШІМҰЛЫ,
Қарқаралы ауданы
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button