Жаңалықтар

Әлекеңнің бір еңбегі

     Ә.Бөкейхан Алаш азаматы ретінде өз заманының бірқатар көкейкесті маңызды салаларынан ой қозғап, қалам тербеген. Оның көтерген мәселелері бүгінгі күні де өз мәнін жойған жоқ. Керісінше, бұрынғыдан да зор маңызға ие болуда. Қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін, шаруашылығын, төрт түлік малын, жер-суын, орман-тоғайын, қысқасы, әлеуметтік-экономикалық жағдайын зерттеу мақсатында бес ғылыми зерттеу экспедициясының жұмысына араласқан. Бұлардың бірі – экология, табиғат пен жер байлығын игеру, тиімді пайдалану жайы.

Ә.Бөкейханның Ф.Щербина экспедициясындағы қызметіне обьективті түрде талдау жасау көптеген шешімі қиын сұрақтарға жауап болады.

Әлихан Бөкейханның Ф.Щербина экспедициясы құрамындағы қызметіне тоқталсақ, оның қазақ зиялысы, қоғам қайраткері, ғалым ретіндегі сан қырының мол мүмкіндіктерін осы істе таныта білгендігіне көзіміз жетеді. 1896 жылдан бастап Әлихан Бөкейхан ғылыми жұмыстарға көңіл бөледі. Ол экспедиция жұмысына қатысуға мүдделілік танытқандардың бірі болды, «жер жөніндегі министрліктің Ф.Щербина экспедициясы күткендей-ақ Бөкейханның ынтық назарына тап болды». Бұл экспедицияға дейін Тобыл губерниясында жүргізілген санақ жұмыстарына араласып, біраз тәжірибе жинап үлгерген-ді. Ф.Щербина экспедициясына ол алғашқыда статист ретінде шақырылып, кейін экпедицияның жеке зерттеу тобын басқарып жұмыс істеген. Революцияға дейінгі кезеңде қазақ жерінің негізгі бөлігі Батыс Сібір генерал-губернаторлығына қарап, сол жерлердегі ежелгі қазақ халқын «Сібір қырғыздары» деп атағаны белгілі. Осы Сібір аймағындағы орыс тілінде шығып тұрған газет-журналдардың бірі «Сибирские вопросы» («Сібір мәселелері») атты журнал. Осы журналдың 1903 жылғы көптеген номерлерінде (16-17, 18, 21-22, 27-28, 33-34, 35-36) Әлихан Бөкейханның экспедиция жұмысы барысындағы ой-тұжырымдары нақты көрсетілген.

Әлихан Ф.Щербина экспедициясының Семей облысына қарасты Павлодар, Қарқаралы, Семей ояздары мен Ақмола облысының Омбы оязында да жүргізілген зерттеуге тікелей қатынасып, алуан түрлі деректерді, мәліметтерді жинайды. Үй, қора, мал санын есепке алады. Семей облысының Павлодар оязын экспедиция 1897 жылдың екінші жартысында зерттеген. Зерттеушілердің Ә.Бөкейхан бастаған ғылыми тобы Павлодар оязының Алтыбай және Қызылтау болыстарына жасақталған болатын-ды. Ғылыми жұмыстардан кейін Ә.Бөкейхан Павлодар оязы қазақтарының шежіресі, ояздың қоныстану тарихын және өзі зерттеп шыққан Алтыбай және Қызылтау болыстары шаруашылығының ғылыми сипаттамасын жазып, өңдеп, баспаға дайындап берген. Соның нәтижесінде Ф.Щербина экспедициясы «Материалдарының…» Павлодар оязына қатысты IV томы құрастырылып, 1903 жылы Воронеж қаласынан жарық көрген.

1898 жылы Ф.Щербина экспедициясының Ә.Бөкейхан, И.Гусев, Л.Чермак басқарған жеке-жеке үш ғылыми тобы Семей облысы Қарқаралы оязының 12 болысы мен Шу өзені маңайын мекендеген, егін шаруашылығымен шұғылданатын отырықшы қазақтарын, 1899 жылы Дегелі мен Абыралы болыстарын зерттеп шығады. Қорыта келгенде, 21 болыстың 16-сы толық, Шу мен Мойынты болыстары жартылай зерттеліп, 1901 шаруашылық немесе оязды мекендеген халықтың 67% қамтылды. Зерттеу жұмыстарынан кейін жиналған материалдарды Ә.Бөкейхан, И.Гусев, Л.Чермак тәртіптеп, қорытындылап, бірге баспаға дайындаған. Кейін «Семей облысы, Қарқаралы оязы» деген атпен экспедиция «Материалдарының …» IV томы ретінде 1905 жылы С.Петербург қаласынан жарық көрген.

Ю.Поповтың «Әлихан Бөкейханов – тағдыр және уақыт» мақаласында Қарқаралы оязын зерттеуге қатысты мәліметтер берілген: «1898-1899 жылдары Д.Сатыбалдин, Е.Итбаев, У.Әбішев, И.Гусев, М.Шымбалов және И.Трипольскийлермен бірге Ә.Бөкейхан Қарқаралы оязын зерттеумен шұғылданды. Топ жетекшісі Л.Чермак Ә.Бөкейхановтың үлесін жоғары бағалады: «Ол қауымдық-ауылдық топтарға ескертулер енгізіп отырды, түрлі схемалар жасады, табиғи-тарихи өлкелердің құрылымын анықтады. Оларды суреттеп жазды, көшіп-қонудың кестесін, сондай-ақ қырғыз сөздерінің алфавиттік көрсеткішін жасады. Ол И.Гусевпен бірігіп, қырғыздардың жерді пайдалану сипатын да жасады»,-деген жолдарынан кейін, кітапқа енген жұмыстардың басым көпшілігінің негізін Ә.Бөкейханның жазғандығына көз жеткіземіз. Автор мақалада Әлихан Бөкейхан жазған еңбекті оқығандығын айта келіп былай дейді: «Әсіресе, жайылымдық өлкелердің табиғи-тарихи болмысының зерттелуі әсер етті. Бұлардың ұзын саны – 22. Мұнда жер бедері, өсімдік түрлері, бұларды жазда және қыс жағдайында пайдалану тәсілдері кең қамтылған. Меніңше, қазақ ғалымдары ішінде Сарыарқа деген сөзді бірінші қолданған да, оған мән берген де Ә.Бөкейханов сияқты. Зерттеу қорытындысы бойынша Ә.Бөкейханов Қарқаралы оязының халқы әр түрлі кәсіппен шұғылданатынын атап өтеді. Халықтың 12% егін салған, 27%-і әр түрлі кәсіппен шұғылданған, 4% тұрғылықты жатақтар. Ал өмір сүрудің негізгі көзі мал өсіру болып қалған. Өлке жағдайында мал өсіру шаруашылықты жүргізудің бірден-бір тиімді жолы деп бағаланған. Бұл сала егер пайдамен жүргізілсе, барлық қажетті ашады, соның ішінде астықпен де қамтамасыз ете алады деп қорытындылайды.

Ленинград ғалымы С.Швецов 1928 жылы ғалымның  еңбегіне былай деп баға берді: «Ғалымның экспедициядағы жүргізген жұмыстары жоғары сапалылығымен ерекшеленеді. Автор терең білімге ие және қазақ ауылын жетік біледі. Жағдайға сын көзбен қарап, әділ баға береді. Бұрын мүлде зерттелмеген қазақ ауылының аса күрделі болмысын алдыңызға жайып салады».

Ә.Бөкейхан жоғарыда айтылған 4 оязда жиналған материалдар негізінде қазақтың жер қоғамдастығы мәселесін де қарастырған. Халқымыздың әрбір жүз, руының өз мекені, қыстау-жайлауы, өзен суы, яғни, әрбір жер-судың тұрақты иесі болғандығы белгілі. Міне, осыдан келіп Ә.Бөкейхан қазақ қоғамының жүздік, рулық құрылымын терең зерттеп, қазақ руларының шежіресін жасады. Экспедиция материалдарына сүйене отырып, тың, даланы игеріп, егін шаруашылығымен айналысқан келімсектердің күйзеліске ұшырайтындығын ескертеді. Ол көшпелі шаруашылықтың сан ғасырлардан бері жинақталған тәжірибелерінің құпия сырларын ғылыми зерделеп, жіліктеп, талдай келіп «Қазақ көшпелі-шаруашылығы – бұрынғы табиғат құбылысына орай сәйкестендірілген дәстүрлі түрінен өзгеріп, қазір жер өңдеу, яки, диқаншылық пен малшылық араласқан, жылдың 8-10 айын отырықшылықпен өткізетін жаңа сапаға көтерілген шаруашылық» деген тың пікір айтады.

Бұл көшпелі тұрмыстың мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан шаруашылық түрінен әлеуметтік-экономикалық құрсаудың нәтижесінде соны бір сатысына өту кезеңін сипаттаған ғылыми мәні зор тұжырым еді. Ол қазақтың ауылдық қауым және оның жүйелену қисынын ғылыми сүзгіден өткізіп, түзеп шықты, ескі рулық-патриархалдық қауымның енді шаруашылық негізінде соны сапалық деңгейде қайта құрылатындығын анықтады. Ғалым ауылдық қауымның ішкі экономикалық байланыстың, әлеуметтік-рухани бірегейліктің мықты негізі екенін дәлелдеп берді. Әлиханның тікелей қатысуымен және зор ықпалымен, экспедиция зерттеу жұмысының нәтижесінде қазаққа дәстүрлі көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығына пәлендей зиян келтірмейтін жер үлесін (нормасын) есептеп шығарды: «приняла за норму киргизского хозяйство от 18 до 24 единиц скота и от 5 до 8 десятин годового пастбища на каждую единицу скота, что составляет 90-192 десятин земли на двор» және оған қосымша 25% жер тағы бөледі. Сөйтіп Щербина экспедициясы үкіметтің қоныстандыру саясатын қолпаштаудың орнына, қарсы шыққандай сыңай танатады.

ХІХ ғасырдың соңы- ХХ ғасырдың басындағы қоғамдық күрес жолына түскен жас қазақ интеллигенциясының алдына көлденең тартылған өзекті жағдайлардың бірі- ел тағдырына қатысты жер мәселесі еді. Бұл мәселе оның азаматтық санасына қозғау салды, үлкен сын болды. Міне, осындай жағдайда отаршыл аппараттың зорлықпен  жасап отырған айласын жан-жақты сынап, әшкерелеп, сол арқылы халықтың көзін ашып, оған бұл көкейкесті мәселені өз дәрежесінде түсінуге көмектесе алатын ғылыми, публицистикалық мақалалар аса қажет болды. Бұл міндетті империяның саяси құрылысымен жақсы таныс, жер қатынастары мәселесін терең меңгерген адам ғана жүзеге асыра алатын еді.

Ә.Бөкейхан орманшы-ғалым ретінде шаруашылықтың бір түрінен екінші түріне өту жеңіл-желпі нәрсе емес екендігін, ол үшін түрлі әзірліктердің қажет екендігін терең түсінді, мақалаларында халыққа осы мәселені, осы тұрғыдан түсіндіруге күш салды. «Біздің оқуымызша, адам баласының шаруасы бірте-бірте қиыншылықпен көп жылдарда аударылады. Мал бағып шаруа қылып жатқан жұрт патша 15-тен жер берді деп егінші бола қоймайды. Мал шаруасы  тымақ емес, төре келе жатыр деп қолға жұлып алатын. Мал шаруасын тіршілік үшін ұстап жүрген жұрт 15-тен жер алса, үлкен аяққа тар етік келген болады. Біз, қазақ-ау, 15-тен жер алмай тұрып жан-жағында қара дейтініміз содан, қазақ 15-ті алып, осы алақандай жерге мал бақпақ, бұған мал бағылмайды». Бұдан ғалымның жер қатынастарын терең түсінгендігі байқалады.

Ә.Бөкейхан жер мәселесі туралы «Мен кадет партиясынан неге шықтым»  деген ашық хатында былай деп жазады: «Кадет  партиясы жер адамға меншікті болып берілсе жөн  дейді. Біздің қазақ жерді меншікті қылып алса, башқұртша көрші мұжыққа сатып, бір аз жылда сыпырылып, жалаңаш шыға келеді».

Ә.Бөкейхан өз еңбектерінде қазақтардағы жерді пайдалану тәртібі жөнінде кеңінен жазып, тұңғыш рет ғылыми тілде айналысқа түсірген «қыстау», «жайлау», «күзеу», «шаңырақ меншігі», «қойбөлік», «ата бөлік» т.б. қазақша ұғымдарға анықтама беріп, экономикалық категорияларға жіктеген.

Ә.Бөкейхан Ф.Щербина экспедициясына қатысқаннан кейін Ресей империясының аграрлық саясатына қарсы шыққанда экспедиция қорытындыларына сүйене отырып, қазақ даласының қара топырағы жұқа екендігін, оны қайта-қайта жырту арқылы аз уақытта шөл далаға айналдыруға болатындығын, қазақ сахарасында жартылай көшпелі, отырықшылыққа негізделген мал шаруашылығын дамыту керектігін, үкіметтің қоныстандыру саясаты Дала өлкесінің табиғатына, жер-суына және ежелден қалыптасқан дәстүрлі шаруашылығына өтелместей нұқсан келтіретіндігін дәлелдеп шықты.Ә.Бөкейхан «Болашақ шөлдала» деп аталатын мақаласында осы мәселені ашық көтереді. «Отарлау саясатына әбден беріліп алған қоныстанушылар басқармасы да егін шаруашылығы және жерге орналастыру жөніндегі бас басқарма да, бұларға қосылып алған «қазақ даласында жер көп те, адамдар аз» деп қана ойлайтын ауыл шаруашылығы мамандары да жоғарыда айтылған ерекше маңызға ие жағдайларды есепке алғысы келмейді… Петербург пен Москва әлі-ақ еттің бір қадағы үшін 40 тиынға дейін ақша төлеп, былғары заводтары американдық терілерді пайдалантын болады. Сол кезде қателігімізді сезініп, бармағымызды тістейтін боламыз….Қоныстандыру ісін одан әрі қарқынды жүргізіп, жыртқыштыққа жол берудің қажеті жоқ-ақ. Бұл тәрізді экономикалық «саясат» мемлекет мүддесіне сай келуі мүмкін емес»-деп көрсетеді. Сонымен қатар, келімсектер мен қазақтар арасында жер мәселесіне байланысты қақтығыстар болғанын, қазақтардың қайыршыланып бара жатқандығын жазады. Мұны мұрағат мәліметтері де көрсетеді. Құжат мәліметтеріне қарап, патшалық Ресейдің қазақтың өз жерін талан-таражға салып, мүддесін аяққа таптап, отаршылдық саясатты кеңейте түскенін көруімізге болады. Ә.Бөкейхановтан басқа зерттеуге қазақтардың ішінен Ж.Сатыбалдыұлы, Е.Итбайұлы, М.Шомбалұлы, С.Тілекеев және т.б. қатынасты.

Р.Жұмашев,

Е.Бөкетов атындағы

тарих ғылымдарының докторы, профессор.

М.Амрина,

 тарих ғылымдарының кандидаты, доцент.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button